четверг, 9 октября 2008 г.

Қазақ ұлтшылдары неге саяси карьера жасай алмайды?



Қазір әлемнің қай елін алсаңыз да, ұлтшылдардың дәуірі дүркіреп тұр. Көршілес Ресейдің өзінде Жириновский, Лужков, Дугин, Затулин сияқты саясаткерлердің ұлтшыл сипаттағы «саяси карьералары» алға басуда. Қазақстанда бәрі де керісінше: біз империя емеспіз, біздің қол астымызда мемлекеттер жоқ, біз халықаралық қауымдастық түгілі, өз еліміздің ішінде мемлекеттік ұстанымдарды өзге ұлт өкілдеріне мойындата алмай келеміз. Бұл тұста ел ішінен мемлекеттің заңды талаптарын – қазақ тілін білуді, мемлекетқұраушы ұлтты құрметтеуді, ішкі ұстанымдарға илануды үндейтін ұлтжанды азаматтар топ жарып шығады. Ең өкініштісі, өзге елдерге қарағанда, біздегі мемлекеттік мүддені көздейтін қазақ ұлтшылдары үлкен саясаттан өз орнын алып, саяси карьера жасай алмай жүр.

Билікте ұлтшыл болғанша, дүбәрә болу артық па?
Бәрі де миф! Көпұлттылық та, көпдінділік те! Көзбен көріп, қолмен ұстай алатын ақиқат біреу ғана. Ол – біз, қазақ ұлты. Біз тіріміз, бір бармыз! Қазақ ұлтының мақсат-мұраттарын, арман-тілектерін, ниет-дұғаларын Алла тағаладан тілеп, билікке де жеткізетін көзі ашық, елді алға жетелейтін ұлтжанды азаматтар тобының болуы заңдылық. «Орыс ұлтшылдары» дегенде, Жириновский бастаған Ресейдегі бір топ депутаттар мен министлерден бөлек, Қазақстандағы орыс-славян ұйымдарының басшылары Бунаков, Беляков, Климошенко, Лобановтардың аттары еріксіз еске түседі. «Қазақ ұлтшылдары» десек, үлкен саяси қызметтерде болып көрмеген, өмірінің соңғы 20 жылын ұлттық-патриоттық ұйымдардың маңайында өткізген азаматтар ойға оралады: марқұм Болатхан Тайжан, Әзімбай Ғали, Төлеген Әлжан, Дос Көшім, тағысын тағылары... Соңғы жылдары ұлттық мәселеге де саяси реңк беріп, ұлттық-патриоттық ұйымдардың ұстанымдарын қолдап келген саясаттанушы Берік Әбдіғалиев президент әкімшілігіне шақырылып, үлкен қызметке орналасқанда, халықтың жүрегіне үміт ұялады. Бұл жәйттің өзі екі нәрсені аңғартқан еді: біріншіден, ұлтжанды азаматтардың да тәуелсіздік жылдарынан бері тұңғыш рет биліктен қуылмай, керісінше, билікке тартылу үрдісін паш етсе, екіншіден, 17 жыл бойы кейінге шегеріліп келген ұлттық мәселені қолға алмаса, түбінде жақсылық болмайтынын сезген биліктің «қазақ жобасымен» айналысуға дайындығын көрсеткен сыңайлы. Ал өткен аптада Берік Әбдіғалиев Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры болып тағайындалды. Әрине, бұл қордың жұмысы мен жетістіктерін алдағы уақыт көрсетер. Десек те, бұл әрекет те биліктің кезекті науқаншыл саясаты болмағай деп тілеуден басқа амал жоқ. Өйткені осы күнге дейін елде талай саяси реформаларды сәтті жүргізіп, тіпті, оппозицияны сабасына түсіре білген биліктің мемлекеттік тіл саясатына келгенде, «саяси біліктілігін» жоғалтып, шарасыздықтың танытуы ойға қонымсыз.
Біздің билікте ұлтшыл болғанша, дүбәрә болу артық сияқты. Ең қызығы, балалары әртүрлі ұлт өкілдері болып табылатын (мұны ол өзі де жасырмайды авт.), отбасында православие мен исламды бірдей ұстанатын кейбір депутат апайларымыз кезінде журналистердің сыны мен зейнеткерлердің қарғысына ұшыраса да, биліктегі креслосын сақтап қалды, ал ұлт мәселесін Парламент мінберінен шыр-пыр болып көтерген Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшанға жаңа «бірпартиялы» Мәжілістен орын табылмады. Парламентті «іш пыстырудан» сақтап келген кейбір саяси шоумендер де үлкен саясаттан тыс қалды. Бұрын сынайтын депутаттарымыздың өзіне «бір партиялы Парламенттен кейін» зар боп қалған жайымыз бар.
Қазіргі депутаттар да тіл мен дін мәселесін жоғары мінберден көтергендей болады. Бірақ бұл бастамалар түгілі, депутаттың өзі халықтың есінде қала бермейді. Өйткені жасандылық басым. Нұротандықтардың ізін басқан жасотандықтардың өзіне де сенім аз. Парламентте жастар өкілі ретінде отырған үш депутаттың үшеуі де тілге шорқақ. Екеуі – «КВН»-ның тумасы. Біреуі басы дауға қалған кәсіпкер. Күлкілі ме? Жоқ. Өйткені бұл – біздің болашағымыз...
Ұлтшыл болмай ұлтты сақтау қиын
Әрине, ұлт мәселесін айтқанда, шовинизм мен таза ұлтшылдықтың ара-жігін ажыратып алу керек. Әлем елдері империялық амбицияларынан арылып, кезінде колонияға айналдырған мемлекеттерді тас бұғаудан босатып, еркіндікке жіберген тұста Ресейдің қол астында оннан аса ел, оның ішінде, мұсылман субьектілері болса да, әскери және саяси тұрғыдан әлсіздеу көршілес елдерге де сес көрсетіп, Батысқа тіс қайрап қоятын әдетін ұлтжандылыққа жатқызуға бола ма? Бұған қарсы жағдай: өз елінде тұрса да, байырғы ұлт болса да, өз ана тілін мемлекеттік деңгейге жеткізе алмай, өзі де мемлекетқұраушы ұлтқа айналып үлгермеген қазақтың ұлтшыл болуы заңды емес пе?!
Қазір Ресейді ұлтшылдар мен діншілдер басқарып отыр. Бұл тұста Жириновский – Қазақстанға, Лужков Украинаға қарыздар екені ақиқат. Қазақстанның солтүстік аймақтарын желеулетіп, Қырым мәселесін қоздырмағанда, Жириновский де, Лужков та империялық амбициясы қозып отырған Ресейде саяси карьера жасай алмас еді. Кім біледі, ондай жағдайда, Жириновскийдің аты Ресейдің емес, Израильдің тарихына ғана жазылар ма еді, ал Лужков небары 150 кепканың иегері ретінде көрші-қолаңның есінде қалар ма еді?!.. Ресей православиені берік ұстанатын жастарды да қолдап-қолпаштайды. Тәңірберген Бердіоңғаров сияқты шоу-бизнестен саясатқа келген Иван Демидов православие дінін жастар арасында насихаттауға білек сыбына кірісіп кеткен. Ал біздің жас депутаттар жастарды имандылыққа шақырмақ түгілі, өз ана тілдерін толыққанды білмейді.
Өкініштісі сол, бізде мемлекеттік мүдде деген сөз – ұлттық мүддеден гөрі билік мүддесі деген ұғыммен сабақтасып кеткен сияқты. Сондықтан үлкен саясатта да биліктің сойылын соққандардың айы оңынан туып жатады. Ұлт патриоттарының саяси карьера жасай алмайтындығының тағы бірнеше себебі бар. Біріншіден, ұлттық ұйымдар мен қозғалыстар басын біріктіріп, саяси партия құра алмай келеді. Себебі Қазақстанда ұлттық, діни сипатта партия құруға рұқсат жоқ. Кезінде Мұхтар Шахановтың «Халық рухы» партиясын құруға ниеттеніп, игі бастама көтергені сол-ақ екен, кейбір орыс-славян ұйымдары да «онда біз де партия құрамыз» деп сазарды. Игі бастама су сепкендей басылды. Екіншіден, аға ұрпақ өкілдерінен тұратын ұлт патриоттарының басын біріктірудің өзі қиын. Есімізде, Шелек оқиғасы болған тұста Қазақстандағы оннан аса ұлттық ұйым өкілдері тұңғыш рет басын біріктіріп, ортақ мәселе көтерген еді, әйтеуір, тиісті орындардың қысымы болды ма, ертесіне көбі айтқан сөзінен тайқып шықты. Үшіншіден, ұлттық-патриоттық ұйымдардың ішінде «көшбасшы мен боламын» дегендей бәсекелестік зор. Бұл тұста жоғары жақтың тапсырмасымен жұмыс істейтін «патриоттар» да жоқ емес сыңайлы. Қанша дегенмен, ұлттық-патриоттық ұйымдардың басым бөлігі – биліктің монополиясында. Бұл да қуатты күш, үлкен резерв. Халықтың көңіл-күйіне, ішкі сұранысына байланысты бұл резервтің де түптің түбінде бір мақсатқа жұмсалатыны сөзсіз. Мұндай болжамды кейбір сарапшылар да растайды. Яки, таза ұлтшылдар мен «жасанды ұлтшылдардың» да саяси карьера жасайтын уақыты алыс емес сияқты.
Қазіргі қазақ саясатының қоржыны өте жұпыны. Халықтың есінде қаларлық, көтерген мәселесімен елді елең еткізерлік саясаткерлер кемде-кем. Халықтың көкейінде – ұлт мүддесі ғана. Содан болар, қалың бұқара үлкен саясатта жүрген азаматтардан гөрі ұлттық-патриоттық ұйымдардың маңайында шоғырланған азаматтарды жақсы біліп-таниды. Ресейде жұрттың есінде қалатын саясаткерлер көп болғандықтан, ондағы әзіл-оспақ театрларының көбі саяси пародия, сатирамен айналысып, кәдімгідей бизнес жасайды. Түптің түбінде елде саяси пародияның болуы да сөз бостандығының бір көрсеткіші. Оның үстіне пародияны да кім көрінгенге жасамайды: тұлғаның халық алдындағы рейтингі мен танымалдылығы да жоғары болуы тиіс. Содан болар, қазірше пародистер нағыз қазақы азаматтар саналатын Иманғали Тасмағамбетов пен Бекболат Тілеуханға ғана пародия жасап жүр. Бұл да болса, «қазағым» деген азаматтардың саяси карьераларын сәтті жасай білгендігінің көрсеткіші шығар.
Түйін. Тіл мәселесі – әрі саяси науқаншылдықтың құрбаны болып, әрі саяси «қолшоқпар» қызметін атқарып та үлгерді. Әбден қадірі кетті. Биліктің тілге қатысты бастамаларына халықтың күдікпен қарайтыны да сондықтан. Ұлт патриоттарына ғана арқа сүйейетіні содан болар...
Толығырақ "Айқын" газетінен оқи аласыз.

"Дом-2" бағдарламасындағы керітартпалықтар



Жынойнақтың ордасы немесе Ресей прокуратурасының қаһарына ұшыраған «ДОМ-2» Қазақстанда неге қадағаланбайды?




Қазіргі Қазақстандағы электронды БАҚ-тар қалған-құтқан қоқыс заттары салынған жәшіктен аумайды. Көрерменге обал. Отандық телеарналар аудиторияның сұранысымен мүлдем санаспай жүр. Ал халқының 70 пайызы мұсылман саналатын мемлекетте Ресейден ағылған діліміз бен дінімізге жат, оның үстіне, мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын тарылтып отырған сериалдар мен ток-шоуларды көрсету қаншалықты орынды?! Жастарға арналған «Дом-2» реалти-шоуының елімізде көрсетіліп жатқанына да екі-үш жылдың жүзі болды. Кезінде Ресей прокуратурасының тексеруіне ұшырап, Мәскеу қалалық думасының сынынан кейін жабылудың сәл-ақ алдында қалған реалти-шоу Қазақстанның заңдарын да өрескел бұзуда. Бірақ біздің тиісілі орындар қазірше үнсіз.

«Дом-2» және «қылмыстық әлем»



Таяуда «Дом-2» реалити-шоуына қатысқан Оксана Аплекаева есімді қыз қаза тапты. Марқұмның денесі реалити-шоу түсіріліп жатқан Мәскеу облысының Истринский ауданында табылған көрінеді. Newsru.com порталының хабарлауынша, бұл жәйт шоу қатысушыларының зәресін ұшырып отырғанға ұқсайды. Олай болмаса қайтсін, «Дом-2» эфирге шыққалы бері оның аты тек қана қылмыс әлемімен байланыстырылып келеді. Оның бұрынғы қатысушыларының біразы әрқилы қылмыс түрлерін жасап, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан кездер де болған. Мәселен, 2005 жылы реалити-шоудың мүшесіне айналған Алексей Адеевті тура бағдарламаның түсірілімі кезінде полиция тұтқындаған. Алаяқты Смоленскіде тұратын көрермен танып, құзырлы орындарға хабарласқан көрінеді. Мұның артынша федералдық іздеу шаралары жарияланып, алаяқ дер кезінде тұтқындалған. Сот шешімімен Алексей Адеев 4,5 жылға бас бостандығынан айрылса да, өткен жылы мерзімінен бұрын босатылып, «Дом-2» реалити-шоуына қайта оралды. Бағдарламаның негізгі мақсаты ғашықтар арасында қарым-қатынас орнатып, оны халыққа паш ету болған соң, темір тордың ар жағынан келген жігітке дайын тұрған қыз да табылды. Қазір ол жігіт Наталья Варвина деген қызбен «махаббат» құруда. 2006 жылы шоудың тағы бір мүшесі Кирилл Комаровский да алаяқтық жасап, тұтқындалған болатын. 2007 жылы «Дом-2»-ның үшінші «өкілі» Вячеслав Попов есірткі саудасы үшін тұтқындалып, қылмыстық жазаға тартылды.
Бұл қатысушылардың ғана қылмысы, ал реалити-шоудың көрермендер санасына кері әсер етіп, оларды қылмысқа итермелеген жәйттер қаншама? Мәселен, 2007 жылдың күзінде Тюмень қаласында тұратын ер азамат өз әйелін азаннан кешке дейін «Дом-2»-ны «сүйсіне» көретіні үшін пышақтап өлтірген. «Дом-2» атымен байланысты тағы бір қылмыс Воронежде орын алған. Сөйтсе, бұл реалити-шоуға жас қыздармен танысу үшін нешетүрлі маньяктар да SMS-хатын жазатын көрінеді. Мәселен, 2005 жылы жұмыссыз жүрген Игорь Булак Дағыстаннан шыққан кәсіпкерді, оның әйелі мен 8 жасар баласын айуандықпен өлтірген. Кәсіпкердің үйінен бағалы зат таппаған жігіт қожайындардың ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Сол телефондардың бірінен жас қызбен танысу үшін «ТНТ» телеарнасының «Дом-2» бағдарламасына SMS-хат жазып жүрген. Дәл осы хаттар арқылы полиция қылмыскерді тауып, тергеу абақтысына жеткізген көрінеді. Сот үкімімен, Игорь Булак өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Осы тектес жәйттер Мәскеу думасы мен прокуратураны бей-жай қалдырмай отыр.
Кезінде Ресейдің бас прокуратурасы «Дом-2»-да эротикалық сипаттағы көріністердің бар-жоғын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізген болатын. Бірақ 2005 жылы ондай көріністердің жоқтығы анықталған еді. Бірақ қазіргі 2008 жылғы хабарларда ондай көріністер бар көрінеді. Бір рет прокуратураның тісі батпаған соң, өз ісіне өзі би болып алған бағдарлама ұйымдастырушылары жалаңаш денелерді көбірек көрсететін болды. Кезінде Мәскеу думасының депутаттары «Дом-2» реалити-шоуын жауып, бағдарлама жүргізушісі Ксения Собчакты сутенерлік әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартуды бірауыздан қолдаған еді. Бірақ Собчактың әулетті отбасынан шыққандығынан ба, әлде оның артында питерлік саяси күштер тұрғындықтан ба, әйтеуір, теле-жүргізуші бұл жағдайдан оңай құтылған еді. Ал депутаттар Ксения Собчакты «жеңгетайлықпен айналысты», «жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастырды», «сутенерлік жасады», «адамдардың коммерциялық мүдде үшін тәнін сатуға мәжбүрледі» дегендей айып таққан болатын. Бірақ «Дом-2» Ресейдің Гиннестер кітабына ене отырып, 4 жылдан бері ең ұзақмерзімді бағдарлама ретінде жалғасуда. Ресей прокуратурасы мен думасын шулатқан реалити-шоуды Қазақстанда да жастар көптеп көреді.

Қазақстан заңдарын бұзғаны үшін кім жауапты?



Елімізде сол баяғы – ұлттық идеологияның жоқтығынан отандық БАҚ-тар эфир уақытын толтыру үшін Ресейдің қалған-құтқан бағдарламаларын қазақ көрермендеріне тықпалаумен келеді. Отандық БАҚ-тарда «нені көрсетуге болады, нені көрсетпеу керек» дегендей ортақ ұстаным жоқ. Содан болар, елімізде шетелдік телеарналар көрсетілімінің ретрансляциясы 20 пайызға дейін қысқартылса да, 70 жыл бойы орыстың телевидениесіне тәуелді боп келген кейбір арна басшылары әлі де «бұл тәуелділіктен» қол үзгісі жоқ. Бұл тұста олар «Дом-2»-да отандық заңдар мен жергілікті ұстанымдарға оғаш келетін жәйттердің барын да елемей отыр. Ал аталған реалити-шоудың кінәраттары төмендегідей:
Біріншіден, «Дом-2» бағдарламасы ҚР-ның «Жарнама туралы» Заңын өрескел бұзуда. Бұл заңның 13-бабына сәйкес, темекi және темекi бұйымдарын; алкоголь өнiмiне, темекi және темекi бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әр түрлi iс-шаралар, соның iшiнде ұтыстар, лотереялар ойнату нысанында жарнамалауға тыйым салынады. Ал «Дом-2» өкілдері азаннан кешке дейін нешетүрлі темекі түрлерін шегіп, ашық түрде шылым тартуды жарнамалайды. Еркегі де, әйелі де таңсәріден түн жарымға дейін көк түтінді будақтатып, жастарға «темекі шегудің өте жарасымды» екенін көрсетеді.
Екіншіден, реалити-шоудағы жастардың әрекеті біздің қазақы салтымыз бен мұсылмандық ұстанымымызға қарсы келеді. Мәселен, «Дом-2»-да ортақ қонақүйден бөлек, «жас жұбайларға» арналған 4-5 үй бар. Әлі де үйленбеген, некесін қимаған жастар сол үйлер үшін бір-бірімен қырқысып, жеңгендері бірнеше ай сонда жатып шығады. Ең қызығы, жігіттер көбіне бір қызбен болған соң, онымен «ажырасып», жаңадан келген қыздарға көз салады. Мәселен, төрт жылдан бері осы шоуға қатысып келе жатқан Степан деген жігіт пәленбай қызды «жас жұбайлар үйіне» шақырып үлгерді. Ең сорақысы, бір жігіт тастаған қыз екінші жігітпен «махаббат құрып» кете барады. Бұл дегеніңіз, ауыр күнәлардың біріне жататын зинақорлықтың өзі емес пе?!
Үшіншіден, ұлының да, қызының да аузы ашыла қалса, нешетүрлі былапыт сөздер төгіледі. Шоуға қатысушылар өздеріне көрерменнің назарын аудартып, рейтингін жоғарылату үшін бір-біріне жаман сөз айтпақ түгіл, жеті атасына дейін санап береді. Қызбалалардың төбелесін осы шоудан күн-ара көре аласыз. Бір-бірінің шашын жұлып, бір-бірін «жезөкше» деп атап, қол көтермек былай тұрсын, аяғымен тепкілеу – олар үшін қалыпты жағдай. Ең қызығы, мұндай төбелестерді шоудағы жігіттер сүйсіне көреді. Қызбалаларды арашалап, қорғау деген жоқ. Керісінше, «ұр, ұр» деп ұрысты ушықтырады.
Төртіншіден, бұл бағдарламаға кезінде Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан атынан қатысқан қызбалалар да болды. Ең сорақысы, мұндай қыздардан кейін бауырлас үш елдің де абыройына қаяу түскендей еді. Әсіресе қырғыз қызының әрекеті адамды шошытты. Орыстың нешетүрлі сары Ивандарының мойнына жабысып, тәнін көрсету үшін ашық-шашық киініп, рейтинг үшін орынсыз күліп, жылап, айқайлап, ақырып-шақырып, масқарасы шықты. Қазақ пен өзбек елдерінен қатысқан орыс қыздары да «рейтинг» үшін талай күресті. Өзбекстаннан келген қыздың жолы болмады: бір жігітке ғашық болып, тіпті, отбасын құруды да армандап жүргенінде, ол жігіт... қызтеке боп шықты. Жалпы, бұл реалити-шоуда қызтекелер мен лесбиянкалар да жиі төбе көрсетіп тұрады.
Бесіншіден, «Дом-2»-ның астынан шығатын SMS-жазулары Қазақстанның «бейбітсүйгіш 130 ұлт өкілі мен 45 діни конфессиясының үндестігіне» саяси қаяу түсіретін сияқты. Қазақстанның тірегі, мемлекетқұраушы ұлт – қазақтың намысына тиетін SMS-тер де жоқ емес: «Познакомлюсь с уйгуркой», «Кавказцы – лучшие», «хочу турка», «русские, гды вы, звоните!» дегендей ұлтқа бөлген хаттар жиі келеді. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Хаттарды жазып жатқан – өз отандастарымыз. Өткенде, тіпті, «Сороколетний мужчина познакомиться с молодой девушкой» дегендей хатты көзіміз шалып қалды. Сондағы жаңағы 40-тағы кісі маньяк па, әлде ауру ма, түсінбедік. Бірақ ұлтқа бөлетін, зинақорлыққа шақыратын хаттардың дер кезінде ауыздықталғаны жөн.
Алтыншыдан, «Дом-2»-да әртүрлі байқаулар арқылы эротикалық сипаттағы көріністер де орын алып тұрады. Мәселен, қазір «НТК»-да реалити-шоудың бір-екі жыл бұрынғы хабарларын көрсетіп жатыр, онда да нешетүрлі жалаңаш жүретін адамдар жетіп артылады. Ал «ТНТ»-ның қазіргі хабарларын, яғни күні ертең Қазақстанда көрсетілетін бағдарламаны көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жақында «Дом-2»-да «Олимпиада красаты» деген байқау ұйымдастырылып, жас қыздар бас жүлдені алу үшін тыр жалаңаш шешінді. Ең сорақысы, жалаңаш бола тұрып, қыздар мен қыздар төбелес ойындарын ұйымдастырды. Бұны эротика деуге болмай ма?!
Жетіншіден, «Дом-2»-ның кейбір бұрынғы қатысушыларының электронды поштасына «ты заразила меня венерической болезнью» дегендей қоқан-лоққы сөздері де келетін көрінеді. Бұл «жас жұбайларға» арналған үйлерде әркіммен төсектес болудың салдары емес пе?! «Қызға қырық үйден тыю» деген атам қазақ. Нәпсісін тыя алмаған азғындар қалайша қазақ жастарына телевидение арқылы ақыл айтып, үлгі көрсетеді?!
Түйін. Ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік әсіресе жастарға арналған хабарларды сұрыптап беруден басталмай ма? Бұны бүгін тиісілі орындар қолға алмаса, ертең дүбәра ұрпақ, яғни, «Дом-2»-ның өкілдері сияқты шылым шегіп, зинақорлықпен айналысып, маңайындағылармен төбелесіп, ата-анасын құрметтемейтін қоғамға қауіпті адамдар шықпасына кім кепіл? Қанша дегенмен, шығыс адамдарына «батыстың нормалары» келе бермейді ғой...

пятница, 29 августа 2008 г.

Анкарадағы көріністер

Түркі басшыларына қойылған мемориалдық кешен. Шіркін, осындай кешенді күллі Алашорданың басшыларына қойса несі кетті?! Біз Алашорданы әлі де өз деңгейінде бағалай алмай жүрміз ғой...


Түркия астанасы Анкарадағы жасанды сарқырама. Айтпақшы, Анкараның Астанаға да ұқсастығы бар. Оларда да Бәйтерекке ұқсаған ғимарат бар. Оларда да этно-мәдени орталықтар баршылық. Бір қызығы, Анкараның "Бәйтерегі" осыдан оншақты жыл бұрын ашылыпты. Десе де, маған Астананың Бәйтерегі әлдеқайда жақын әрі биік көрінеді.

среда, 27 августа 2008 г.

Саяси қолшоқпар: "отандастар" мәселесі ме?



Батыс сарапшыларының үміті ақталмады: Ресей билігіне «қатал» Путиннен кейін келген «жұмсақ» Медведев ұлы державаға тән гегемониялық саясаттың жалғастығын аңғартып, көптен бері Кремльдің мазасын алған «батысшыл» Грузияның сазайын берді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері грузин елінің бас ауруына айналған Абхазия мен Оңтүстік Осетияның дауына Ресейдің өзі нүкте қойғандай сыңай танытып, қос мемлекеттің тәуелсіздігін таныды. Енді Кремль Украинаға да сес көрсетіп отыр. Ал біз ше? Посткеңестік кеңістіктегі өзге де мемлекеттерді енді не күтіп тұр? Қарт аюдың соңғы әрекеттері Қазақстанның көпвекторлы саясатын қайта қарауына ықпал етуі мүмкін бе?
Досынан жауы көп Ресей кімге қорған?

Кавказда тұтанған жер дауы әлемдегі Ресейге қатысты ұстанымдардың өзгергенін көрсетті. Тіпті, посткеңестік аймақтағы елдердің көбі бұл дауда Ресей жағын қолдаудан гөрі Батыстың позициясын мақұлдайтынын аңғартты. Күні кеше ғана орыс билігінен қорыққандықтан, оны қолдауға мәжбүр болып келген мемлекеттер бұл ретте үнсіздік танытты. Ал үнсіздіктің де өзіндік позиция екенін ескерсек, бұрынғы кеңестік аймақта Ресейді қолдаушылар саны күн өткен сайын азайып барады. Бұл тұста осетиндердің «Осетия – біртұтас!» деген ұраны барын еске түсірсек, Оңтүстік Осетия мен Ресей құрамындағы Солтүстік Осетияны біріктіру бастамасы түптің түбінде күн тәртібіне қойылуы мүмкін.
Грузиядағы соғыс кезінде бұл дауға Еуропалық одақ, АҚШ пен Франция, Германия басшылары белсене араласты. Және олардың бәрі дерлік Ресейдің позициясынан гөрі Грузияның біртұтастығын қолдады. Ал Ресей жағында кім бар еді?! ТМД ұйымына орыс елі неге иек арта алмады? Себебі КСРО-ның орнын басып, аймақтағы бұрнағы ықпалдастықты сақтап қалуға міндетті болған ТМД ұйымы өзін-өзі ақтай алмады, тәуелсіздік жылдарынан бері посткеңестік елдердің де Ресейден алшақтай түскендігі тағы бар. ТМД-дан Грузия шықты, Украина да бұл ұйымның мүшелігінен шығудың сәл-ақ алдында тұр. Бұрнағы жылдары қол астында болған мемлекеттердің бүгінгі күні мінез көрсетуін Ресей қабылдай алар емес. Егерде Кремль Грузияның сазайын беру үшін жер дауын пайдаланса, Украина жағдайында Қара теңіз портының мәселесімен қатар, отандастар проблемасын қоздырып отыр. Ғасырлармен үрей туғызуға машықтанып алған алып мемлекеттің билігі көршілес елдерді қалайша уысында ұстамақ? Кейбір сарапшылардың айтуынша, Путин көтеріп келе жатқан отандастар мәселесі ендігі кезекте қолға алынып, саяси ойындарда пайдаланылуы әбден мүмкін. Ресей шетелдегі орыс диаспорасына «үлкен ресурс» ретінде қарайтынын жасырмайды да. Бұл тұста ресми Мәскеудің үлкен ойындарда ТМД-дағы «орыс мәселесін» қоздырып жібермесіне кім кепіл?!
Егемендікке алғашқылардың бірі болып қол жеткізген Балтық жағалауы елдеріндегі ұлттық сілкініске шамданған Ресей халықаралық деңгейде дау көтеруге тырысса да, ақырында «отандастар мәселесімен» далада қалды. Латвия, Литва, Эстонияда орыс мектептері мен бала-бақшаларынан бастап, орысша БАҚ-тарға дейін жабылды. Эстонияда Кеңес әскеріне қойылған ескерткіш алынып тасталды. «Қарт аю» ұзақ ақырды, бірақ «ақырзаман» болмады. Бір айта кетерлігі, Ресей «отандастар мәселесіне» соңғы жылдары ғана көңіл аудара бастады. Сырттағы орыстарды қалай болған күнде де қорғайтынын білдірген бұрынғы президент Путиннен кейін таққа отырған Медведев те бұл саясатты жалғастыратынын аңғартып үлгерді. Осыдан бір жарым ай бұрын Ресейдің шетелдердегі 250 елшісімен кездескен президент Дмитрий Медведев: «Ресей демократиялық құндылықтар, оның ішінде адам құқының сақталуы мен бостандығын қолдай отырып, халықаралық нормаларға сай шетелде тұратын Ресей азаматтары мен отандастарының заңды құқын қорғауды міндет деп біледі, миллиондаған орыс диаспорасын – Орыс әлемін орыс тілі мен мәдениетін сақтаудағы әріптесі деп санайды» деп мәлімдеген еді. Шет мемлекеттеріндегі «асыра ұлтшылдықты» да сын тезіне алған президент отандастарын қорғайтын ел барын еске салған-ды. Ертесіне Медведев әлемдік орыстілді басылымдардың жиынына қатысып, кейбір елдерде орын алып жатқан орысша БАҚ-тарды қудалап, жабу әрекеттеріне тиісілі деңгейде жауап қайтара алатындарын жеткізген еді. Бұл жәйттердің өзі Ресейдің посткеңестік аймақтағы отандастарын сылтауратып, ТМД мемлекеттерін уысында ұстауға тырысатынын аңғартады. Ал бірақ ТМД елдерінде Ресейге резерв боларлықтай «отандастар» қалды ма? Және Ресейдегі орыстардан әлдеқайда жақсы тұратын Қазақстан мен өзге де ТМД елдерінде тұратын «отандастардың» өздері гегемониялық ойындардың құрбаны болуға дайын ба?! Қазақстандағы орыстар қазіргі жағдайына шүкіршілік етеді. Қазақ тілі мен қазақ халқының есебінен жүргізіліп жатқан баянды өмір мен бейбітшілік қазірше сыр бермеді. Десе де, қазақ ұлтшылдығы да өрістеу үстінде. Бұл тұста ұлттық саясаттың да жүзеге асар сәті өз кезегін күтуде.

Отандастар – саяси қолшоқпарға айнала ма?
Ресейлік отандастардың ата-баба жұртына көшуі Кеңес Одағы ыдыраған тұста басталды десек, бұл үлкен қателік болар. Кеңес Одағы дүркіреп тұрған заманда да көршілес елдерге күштеп жер аударылған, қудаланған орыстардың миграциясы тоқтамады. Посткеңестік елдер ішінде орыстардың Ресейге жаппай көшу үрдісі Кавказ елдерінен басталған еді. Кейбір деректерге сенсек, 1959-1988 жж. аралығында Кавказдан 359 мың орыс көшкен. Бүгінгі күні Грузияда – 70 мың орыс, Арменияда небары 30 мың «ресейлік отандас» қалған. Бұл Ресей жағының дерегі. Кавказ елдері бұл санаққа да сынмен қарайды. Есімізде, Грузияның НАТО-ға кіру мәселесі талқыланып жатқан тұста ресейлік басылымдар Грузиядағы орыс тілінің мүшкіл жағдайы мен отандастар мәселесі жайлы жарыса даулы мақалалар жазған еді. Украинадағы орыс проблемасына қатысты ресми Мәскеу талай алаңдаушылығын білдірді. Тіпті, кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің бәрі украин тілінде берілуі керек деген заңды талап күшіне енгенде, Ресейдің саясаткерлерінен бастап БАҚ өкілдеріне дейін үлкен дай-дамай көтерді.
Орталық Азия елдеріндегі орыс мәселесі де Кремльдің назарынан тыс қалған емес. Жалпы, бүгінде ТМД елдерінде 16 млн 400 мың орыс тұрады. Ал алыс шетелдерде тұратын ресейлік отандастар саны бұдан да асып түспек. Десе де, қазірше Ресейді АҚШ пен Еуропаға көшіп жатқан миллиондаған орыстардың тағдырынан гөрі посткеңестік елдерде қалған азды-кемді орыс диаспорасының мәселесі алаңдататын сияқты. Әрине, Ресейдің «отандастар ойынын» үлкен саясатқа араластыруы біздің елімізге де әсер етпей қоймас. Ал Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері ішінде Қазақстанда орыс-славян ұйымдарының тым көптігі ешкімге де жасырын емес. Бұл ұйымдардың ішінде реакцияшыл топтар бары тағы рас. Бірақ соңғы жылдары қазақтың ұлттық-патриоттық ұйымдарының да көбейгенін ескерсек, қарсыласуға дайын ұлттық топтар да жоқ емес. Тіпті, Ресейде жаңа президент сайланған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Дмитрий Медведевтің кездесуі қарсаңында Қазақстандағы орыс мәселесімен айналысып жүрген ұйым басшыларының бірі «бұл кездесуде орыс мәселесі талқыланбайды-ау» деген өкінішін ресейлік сайттарға білдірген еді. Қалай дегенмен де, Ресейдің қазақ жеріндегі «резерві» Кремльге қарап, бой түзеп отыр. Орыс мәселесін сырттан қоздыру – Ресейге де ұпай әкелмесі анық. Бауырлас мемлекет саналатын Беларусь пен Украина да Ресейден сырт айналып жатқа тұста, орыс елінің аймақта қалған соңғы әріптесі Қазақстан екені жасырын емес. Сарапшылар айтпақшы, Қазақстандағы келесі сайлауларда ұлттық мәселені көтерген партиялар мен саясаткерлер ғана ел алдында ұпай жинауы мүмкін. Ал бұл мүмкіндікті билік те, оппозиция да мүлт жібермесі анық. Бұл тұста Ресейдің өзіне Қазақстандағы орыс мәселесін көтеру тиімсіз болуы мүмкін. Себебі посткеңестік аймақта досынан жауы көп Ресей соңғы стратегиялық әріптесінен айрылғысы жоқ.
Әрине Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін тануы алып мемлекеттің басына да қатер төндіруі мүмкін. Әлемдік саяси аренада үлкен ойындар басталмақ. Бұл тұста Қазақстанның өзіне көпвекторлы саясатты ұстануы тиімсіз боп қалмасына кім кепіл? Мұны, әлбетте, алдағы күндер көрсетер.
Түйін. Ресейдің ТМД аумағында атымен жоқ «орыс мәселесін» қолдан жасап, қоздыруы мемлекетке зиянын тигізбесе, пайдасын әкелмейді. Тіпті, орыс тілінің жай-күйі Ресейдің өз ішіндегі автономиялық елдердің ұлттық тілдерінен артық жағдайда емес. Яки, Кремльге сырттан жау іздемегенше, ішкі жағдайға назар аудару керек. Түптің түбінде Ресей өзге елдерде «орыс мәселесін» қоздыру арқылы жергілікті мемлекеттерде ұлттық-патриоттық процестердің өрістеуіне септесіп жатыр.

пятница, 8 августа 2008 г.

четверг, 3 июля 2008 г.

Түркияда 20 мыңнан астам қазақ тұрады!


«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қазақ даналығы тектен-текке өсиеттемесе керек. Қуғын-сүргін, жаппай репрессия, аштық және соғыс жылдары бала-шағасының шыбын жаны үшін елден жыраққа кетуге мәжбүр болған қазақтың қазіргі ұрпағы Еуропа елдеріне тарыдай шашылған. Күллі әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс Түркияда тұратын қазақтарды да шарпымай өтпепті. Тері өндірісінің арқасында 90-жылдары шалқып өмір сүрген қандастарымыз қазір бастарынан қиын-қыстау күндерін өткізіп жатыр. Ал түркиялық ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара әлсіз диаспораның ешбір елге керегі жоқтығын өкінішпен айтады. Бұл тұста қазақтың үлкен саясатта жоқтығына, тіптен ел тыңдайтын бірде-бір депутаттың шықпағанына қынжылады.
«Жалғыз ұлды қазақ қылам деп, жер жаннатын тастадым...»
Өткен жылы Түркияға ат ба­сын тірегенімізде, Ыстамбұлдағы қазақ қауымдастығының төраға­сы Дәруіш Қылыш түрік елінде жал­пы саны 21500-22000 қанда­сы­мыз тұратыны жайлы мәлімет кел­тірген еді. Оның ішінде Ыстам­бұлдың Зейтінбұрны ауданында – 13400, Гүлеш ауданында – 6000, Сапагөй, Шекпенжер аудан­дарын­да – 1500-2000, Измирде – 1000 қазақ тұрады деп топшы­ла­ған. Биылғы санаққа сенсек, қа­зақ­тар ең көп шоғырланған Зей­тін­бұрны ауданындағы 13400 қа­зақ­тың саны 10000-ға дейін қыс­қарып­ты. Оған басты себеп, Түр­кия­дан Қазақ­стан­ға жылына 50 от­басы қоныс ау­дарады екен. 2002 жылы Алматыға көшіп кел­ген Зылиха Қылыш елге қайта­мыз деп небір қиын-қыстау күн­дерін бастарынан өткізгенін жа­сырмайды. Түрік еліне емделуге кел­ген қандасымыз былай дейді: «Менің отбасым Үндістанның Кашмир деген жерінен Түркияға 1969 жылы қоныс аударған еді. Әкем марқұм көзі тірісінде «Біз қазақпыз! Ертең елдеріңді табың­дар, балаларым!» деп құлағы­мыз­ға сіңіре беретін. Жолдасым да ұлтшыл азамат. Түркияда тұрып жатып, жұмыс бабымен Лондонға аттандық. Түбінде елге көштік. Кейбір кезде туыстарымыз «Лон­дондай қаланы қалай ғана қиып кет­тіңіздер» деп сұрайды. Сонда жол­дасым «жалғыз ұлды қазақ қы­лам деп, жер жаннатын таста­ған­дай болдық. Бірақ нағыз жер жаннаты – туған жер ғой» дейді. Аллаға шүкір, қазір ұлымыз нағыз қазақ болды!» – деп мақтанышын жеткізеді. Ыстамбұлдағы көп бөлмелі үйлерін 50 мың долларға сатып кеткен отбасы Алматыда үй қымбатшылығына душар бо­лып, 140 мың долларға екі бөлмелі үйді несиеге алуға мәжбүр болған екен. Қандастарымыз оралман­дық квотаға соңғылардың бірі болып ілігіп, Шелек ауылының Нұр­лы кентінен де жер үй алады. Бірақ жалғыз ұлдары қалада оқы­ған соң, жер үйлерін Қытайдан көшіп келген бауырларына бер­ген екен. Өз сөзінде Зылиха Қы­лыш: «Біз көшкен жылдары на­ғыз қиыншылық басталды. Оқу мен үй қымбаттады. Бірақ бәріне төз­дік. Құдайға шүкір, баламыз жұ­мысқа орналасқаннан кейін жағ­дайымыз жақсара бастады», – дей­ді. Қандасымыздың айтуын­ша, бүгінде Алматыда Түркиядан көшкен 70-ке жуық отбасы тұра­ды екен. «Қазір біз шағын бөлмелі үйлерде тұрып жатырмыз. Ал бізге Түркиядан, Германиядан қонақ келмей ме? Бізге мемлекет алыс­тан жер үй бермей-ақ қой­сын, тек оралмандар жағдайын ойлап, пайызы өспейтін үй берсе ғой. Әйтпесе біз пәленбай пайыз­бен үйдің құнын еселеп төлеп отыр­мыз», – дейді Зылиха апай. Қазір қандасымыз Алматы­ның нағыз патриот тұрғынына ай­­­налғ­ан. Ол кісінің «ой, Алма­ты көшелерінде де кептеліс көп» де­гендей сөздерін түркиялық туыс­тары түсіне бермейді. Зылиха апай нағыз алматылықтардай сөй­лей бастаған. Өзі де көркейіп жат­қан қаласын мақтан тұтады. «Ал­матының ауа райы маған жай­лы, Ыстамбұлға келсем, ауы­ра­­тын боппын» дейді. Түркиядан туған жеріне көшкен бір қазақ­тың тағдыры осындай.

Қазақ журналистері - Түркия президентінің қабылдауында


Қазақстаннан Түркияға барған 15 шақты журналист түрік басшысы Абдолла Гүлмен кездесіп, сұхбаттасты. Кездесу соңында біз президент мырзаға қазақша шапан жауып, қолына қамшы ұстаттық. Абдолла Гүл дән риза болды. Бұл мен үшін ерекше оқиға еді. Себебі мен тұңғыш рет президенттен сұхбат алған едім. Айтпақшы, төменгі суретте президент менен қамшы жайлы сұрап жатыр. Президент өте қарапайым азамат екен. Менің қазақшамды жақсы түсінді.




среда, 11 июня 2008 г.

"Қазақтың 40 пайызы өз ана тілін білмейді" деген жалған ақпарат



Бірқатар деректерге сүйенсек, сонау 1926 жылы Қазақстан халқының 87 пайызын мемлекетқұраушы ұлт – қазақ халқы құраған еді. Кеңес одағының салғырт саясатынан елді жайлаған репрессия, аштық, соғыс пен сырттағы жұмыс күшінің эмиграциясының кесірінен елуінші жылдары халқымыздың саны – 28 пайызға дейін төмендесе, 1991 жылы – 42 пайызға әрең дегенде жетті. Бүгінгі күні қазақ саны – 61 пайыздан асқан. Бірақ осы басым халықтың өзін ішінара бөліп, «қазақтың 40 пайызы мемлекеттік тілді білмейді» деген керітартпа саясат тағы бар. Жалпы, мемлекетқұраушы халықтың басын біріктірудің орнына бөліп-жарып отырған биліктің бұл санағы қайдан шыққан?!

Мұраға қалған «40 пайыз»...

Қазақты кеміткен «40 пайыздың» төркінін табу үшін біраз әдебиеттер мен интернетті ақтаруға тура келді. Сөйтсек, тәуелсіздік жылдары «қазақтың жартысына жуығы өз ана тілін білмейді» деп тұжырымдауға негіз боларлықтай қандай да бір ресми әлеуметтік зерттеу жүргізілмеген көрінеді. Ал, жоғарыдағы «40 пайыз» - Кеңес Одағынан мұраға қалған әлеуметтік зерттеудің қалдығы екен! 1989 жылы тұңғыш рет қазақ тіліне мемлекеттік статус берген Тілдер туралы заң қабылданды. Бұған разы болмаған кейбір келімсектер қазақ тілінің қарым-қатынас құралы ретіндегі ролін анықтау үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Кім біледі, сол кездегі санақ шынымен-ақ осылай болды ма, әлде, орыстан басқаның бәрін кеміту саясаты тағы қолданылып кетті ме, әйтеуір, 1989 жылғы зерттеу нәтижесінде «қазақ халқының 40 пайызы өз ана тілін білмейді» деген мәлімет тарады. Негізінен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ел ішін ұлтшылдық пен ұлттық жаңғыру процестері кернеген еді. Яки, «қала қазақтары» аталып жүргендердің өздері ана тілдеріне зер салып, балаларына да қазақы тәрбие беріп жатты. Оның үстіне ол кезең – нағыз ұлтқа бөлінген заман еді. Яки, өзге тілде шүлдірлеу – империалист, отарлаушы тілінде сөйлеу деп қабылданатын. Бірақ ол кездегі басшылықта өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан, «40 пайыздық» көрсеткіш қажет болды.
Бір қызығы, тәуелсіздік жылдары көпұлтты саясатпен қатар тарих қойнауына кетуі тиіс аталған санақ өшудің орнына, ұлты қазақ жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалардың аузынан қайта шығып, тағы бір «жаңғырды». Жалпы, өткен 17 жыл ішінде ештеңе де өзгермеген сияқты: сол 40 пайыздың ішіне кірген орыстілді аға ұрпақ өкілдері қартайып, өмір заңы болған соң, дүниеден өтпеген сияқты, оның ішіндегі жастардың беті бері қарап, мемлекеттік тілді меңгермеген сияқты... Қаз-қалпында қалған сан, әрине, күдік туғызады. Ең сорақысы – бұл санақ әлі күнге дейін биліктің аузынан түспейді. Қазақтың көп болуына мүдделі болуға міндетті билік қазақтың өзін ішінара бөліп отыр. Қазақтың дамып, өсіп-өркендеуіне, тіпті, нақты саясатпен айналысуына қолбайлау болып отырған басты проблема да – тіл мәселесі. Яки, қазірше, қазақтың саясатпен емес, тілдік проблемамен басының қатып отырғаны кейбіреуге қажет те шығар.
Өкініштісі сол, тіл жанашыры, экс-депутат Мұхтар Шаханов та тіл білмейтін қазақтар санын 2 миллион мен 3,5 миллион аралығында деп көрсетіп жүр. Мұхтар Шаханов бұл санақпен мәселенің өзектілігін көрсетумен қатар, бұған биліктің назарын аударуға тырысады. Бірақ, амал қанша, тіл мәселесін шешуге асыққан билік жоқ.
Толығырақ "Айқын" газетінің беттерінен оқи аласыз.

понедельник, 2 июня 2008 г.

среда, 14 мая 2008 г.

Украинаға - Лужков, Қазақстанға - Жириновский қайғы



Қазақстан мен Украинаның, Жириновский мен Лужковтың 10 айырмашылығы:

1. «Оларда, тіпті, тіл жоқ. Мен тұр­ған жылдары олардың бәрі орысша сөйлейтін» дей отырып, Солтүстік Қазақстанға да көзі түсіп, орайы келсе сөзін қосып қалатын Владимир Жири­новскийдің қазақ жеріне келуіне тыйым салынбаған. Есесіне «орыстың Қырымы, Севастополі» деп террито­риялық мәселені қоздырып жүрген Луж­ков Украинаға бұдан бы­лай аяқ баса алмайды.

2. Жириновский мырза Ресейдің Қазақ мемлекеттілігіне қарсы өкілетті және төтенше өкілі, ал Лужков Ресей­дің Украин мемлекеттілігіне қарсы өкілет­ті және төтенше елшісі іспетті. Бірақ Лужков өзінің 80 жылдығын Украинада тойлай алмайды. 3. Жириновскийдің үш Отаны бар. Ресей, Израиль және Қазақстан. Ал Луж­ковтың жалғыз Отаны бар. Ол – Ресей. 4. Жириновский де, Лужков та ас­та­наларда туылған. Жириновский Қа­зақстанның бұрынғы астанасы – Ал­матыда, ал Лужков Ресей астанасы – Мәс­кеуде дүниеге келген. Юрий – Мәскеудің патриоты, ал Вова... ол да Мәскеудің патриоты. 5. Есесіне Лужковтың 150-ге жуық басқа киетін кепкасы бар, мұндай «бас киім қоры» Жириновскийде жоқ. Бі­рақ қазекемдер Воважанның 60 жыл­дығында басына бір тақия кигізген шы­ғар, сірә...6. Десек те, Жириновскийде қа­зақша шапандар бар сияқты. Ал Луж­ков қазірше «шапанизация» процесінен өтпеген азамат. 7. Владимир Жириновский су іш­кен құдығына түкірген адам, ал Лужков­тың ондай жаман қасиеті жоқ. 8. Біздің Вова Алматыда балалық шағын өткізіп, Медеуде шаңғы теуіп, велосипед айдап өссе де, Қазақ­стан­ның мемлекеттік тілі – қазақ тілін біл­мейді, ал Юрий Лужков Ресейдің мем­ле­кеттік тілі – орыс тілін жақсы меңгерген. 9. Биыл Жириновский 62-де, Лужков – 72-де. Өзін тым жас сезінетін Жи­риновский әлі күнге дейін «тектек бала» рөлін ойнайды, саяси шоумен, клоун. Ал Лужков бұның қасында сал­мақты саясаткер. 10. Лужков тым болмаса тың игеру жылдары Қазақстанда жұмыс істеген, ал Жириновский Қазақстанның нанын жеп, Ресейге қашып кеткен сы­ңайлы. Лужковты Арал проблемасы ма­залайтын сияқты, ал Жиринов­скийді Қа­зақстандағы қазақылану процесі алаңдатады.

четверг, 8 мая 2008 г.

Жеңіс күні құтты болсын!



Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Сіздерге мол қуаныш, зор денсаулық пен ашық аспан тілейміз! Бала-шаға, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріп, арамызда шат күліп жүре беріңіздер! Ерліктеріңіз үшін тағзым етеміз!

вторник, 29 апреля 2008 г.

Бермет АҚАЕВА: Мен қазақтың қарапайым келінімін



БАЛАМ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУІ КЕРЕК

– Қазақстан үшін де, Қырғызстан үшін де ортақ өзекті мәселе – тіл проблемасы. Сіздің ойыңызша, екі елге де ортақ тіл мәселесін қалай шешуге болады?

– Иә, бұл проблема өте қиын. Мен сияқты қалада өскендер кезінде мектепте қырғыз тілін мүлдем оқымаған. Соған қарамастан, мен бала кезімде ауылда тұратын әжеме жиі барып тұратынмын. Сондықтан мен қырғыз тілін бала кезімнен жақсы меңгердім. Әрине, қырғызша әдеби деңгейде жақсы сөйлей аламын дей алмаймын, дегенмен өзге жастарға қарағанда тілді кәдімгідей білемін. Қазір тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Білуімше, медиа форумның сессияларының бірінде тіл мәселесі де талқыланыпты. Қазақстанда тілді дамытуға бағытталған көптеген оқулықтар мен кітаптар, бейне фильмдер шығарылып жатыр. Өкінішке қарай, бұның өзі аздық етіп отырғандай. Себебі тілді оқулықтар арқылы ғана меңгеру аздық етеді. Негізінен мемлекеттік тілді дамыту үшін сол тілде сөйлейтін орта болуы қажет. Былайша айтсақ, қоршаған орта – көше, телевидение, т.б. салалар сол тілде сөйлеуі тиіс. Бұл тұста сапалы оқулық, кітаптар шығарумен қатар, күллі мектептерді бұл еңбектермен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тілді үйрететін сапалы оқытушы мамандардың да болғаны шарт. Меніңше, бұл мәселелер біртіндеп қолға алынып жатыр. Қазақстанда да, Қырғызстанда да тіл мәселесін шешуге бағытталған іс-шаралардың қолға алынып жатқаны қуантады.

– Ал сіздің ұлыңыз қай тілде тәрбиеленіп жатыр?

– Менің жалғыз ұлым бар. Біз отбасында көбіне орысша сөйлесеміз. Өз басым қазақша жақсы түсінемін. Бірақ сөйлеу қазірше қиындау. Дегенмен ауыл-аймақтарға барсақ, өз ойымды қазақша-қырғызша жеткізе аламын. Былайша айтқанда, шала қазақша, шала қырғызша өз ойымды жеткізуге тырысам. Үйде тілді әжелеріміз арқылы меңгеруге тырысып келеміз.

– Сонда балаңызға қазақ және қырғыз тілдерін үйретіп жүрсіз бе?

– Балам, ең алдымен, қазақ тілін білуі керек. Қырғыз тілін үйрене ме, жоқ па, білмеймін. Меніңше, егерде балам қазақ тілін меңгеріп алса, ол қазақ тілі арқылы қырғыз тілінде де жақсы сөйлеп кетеді.


Толығырақ "Айқын" газетінде http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=168&pub=17798

среда, 16 апреля 2008 г.

Аспанға мың шар ұшырған кез!



"Айқын" басылымының 1000-шы саны осылай аталып өтті. Бәріміз Арбатқа жиналып, көкке 1000 шар ұшырдық!

Қазақ жастары үшін қуанамын!

Аллаға шүкір, қазір менің көптеген құрбы-достарым шетелде оқып, білім алып жатыр. Бір құрбым жақында Ұлыбританияда оқып келді. Енді бар білімін қазақ мемлекетінің дамуына салмақ. Ал, Мәссаған.ком жастар порталын жасайтын Бақытнұр мен Жанарбек деген жігіттер Оңтүстік Кореяда оқып-тоқып, білімдерін жетілдіріп, жұмыс істеп жатыр. Иншалла, олардың да Қазақстан дамуына қосар үлесі зор болады деп сенеміз. Ал, журналист Гүлнәр құрбым Грузияда америкалық бағдарлама бойынша оқып жатыр. Білікті журналист Гүлнәр да елімізге шабадан толы білім мен тың идеялар әкелмек. Сондықтан "Болашақпен" болмаса да, өз білімдерінің арқасында өзге де бағдарламалар бойынша шетелде оқып жатқан қазақ жастарына мол табыс пен сәттілік тілеймін. Олардың ертеңгі күні ел дамуына қосар үлесі көп болмақ!!! Иншалла, сол күнге жеткізсін.

среда, 2 апреля 2008 г.

Алматыға Олимпиада алауы жетті!



Бүгін Алматыда бүкіл орталық көшелер, атап айтқанда, Достық даңғылы, Фурманов көшесі, Абай даңғылы мен өзге де көшелер полиция қызметкерлерінің ерекше қадағалауына алынып, жабылды. Оған да себеп жоқ емес. Бүгін қазақ тарихында тұңғыш рет күллі әлемнің назарына ілігіп отырған Олимпиада алауы Қытай астанасы Бейжіңнен Алматыға жеткізілді. Халықтың көңіл-күйі керемет! Көлік тығыны мүлдем жоқ. Көптеген алматылықтар өз көліктерін үйлеріне қалдырған, себебі Олимпиада Алауы тұңғыш рет қазақ жерінде тұтанып отыр. Олимпиада алауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұтандырып, әлемге әйгілі спортшы, қазақтың мақтаныш тұтатын ұлдарының бірі Бақтияр Артаевтың қолына табыстады. Эстафетаны белгілі әншілер Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов, т.б. азаматтар өз қолдарына алмақ. Алматыдан кейін Олимпиада алауы Стамбұлға аттандырылады.

вторник, 18 марта 2008 г.

Ұлыстың Ұлы күні бізде осылай тойланады!




Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі құтты болсын!


Құрметті блогшылар, Ұлыстың Ұлы күні елімізге бақ-береке, отбасыларыңызға мол несібе, туыстарыңызға зор денсаулық пен мол табыс әкелсін! Әр жылы әз Наурыз мерекесіне аман-есен жете бергейміз! Алла тағала елімізге мол ризығынан жаудырғай!

воскресенье, 16 марта 2008 г.

Ресей қазақтары мәдени автономия құрды



Бұл ұлттық-мәдени автономияның құрылғанына да бірнеше жылдың жүзі болған. Ресейде қазақша білім алып, мәдениетін дамытуға қол жеткізе алмаған соң, Самара азаматы Тоқтарбай Дүйсенбаев «Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясын» құруға мәжбүр болған. Небары қоғамдық бірлестік рөлін атқаратын ұйым басшысы Қазақстанға тектен-текке келмеген.Басты мақсат – Самара өңірінде өтетін бүкіл ресейлік қазақтардың басын қосатын Наурыз мейрамына Қазақстанның белді, белгілі тұлғаларын шақыру және қазақ мәдениетінен сусындататын оқулық-кітаптарға қол жеткізу. Орайы түскен соң ресейлік қандасымыздан федералдық ұлттық-мәдени автономияның жай-жапсарын сұрап білдік. Тоқтарбай Дүйсенбаевтың айтуынша, бүгінде Ресей қазақтарының 29 ұлттық ұйымы жұмыс істейді екен. Олар мемлекеттің 20-дан астам аймағында тіркелген. Бүгінгі таңда 29 бірлестіктің 26-сы «Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясына» кірген көрінеді. Қалғаны сапқа енді қосылуы керек. Бұл орайда мәдени автономия президенті: «Біздің бірлестіктің қызметі Ресейдің заңдарына қайшы келмейді. Бәрі біздің «автономия» деген атауымыздан қорқады. Ал біздің автономиямыздың территориялық бөлініске еш қатысы жоқ. Оның мақсаты – қордаланып қалған этникалық проблемаларды шешу. Бізге не керек? Тек қана балаларымыздың қазақ тілін үйреніп, ұлттық мәдениетімен танысуы ғана» – дейді. Бір өкініштісі, 1992 жылғы жалпыресейлік санақ бойынша 1 млн 150 мыңнан асқан қазақ санын Ресей билігі 2002 жылғы санақ бойынша екі есеге дейін қысқартып, жергілікті қазақтардың наразылығын туғызғанға ұқсайды. Тоқтарбай Қадырғалиұлы: «Біз 1992 жылы 1 миллионнан аспадық па?! Бұл – нақты сан. Бірақ 2002 жылғы ресми санақ бүкіл Ресейдегі қазақ санын небары 680 мың адам деп көрсетті», – деп өкінішін жасырмайды. Көп жылдар бойы төлқұжаты бойынша «Анатолий Николаевич» болып келген Тоқтарбай Дүйсенбаев жақында ғана өзінің азан шақырып қойған атына қол жеткізді. Кезінде атының орысша жазылып кеткеніне ол сауатсыз шенеуніктерді кінәлайды. Дегенмен қазіргі қазақтардың жаңа туған сәбилерге орысша емес, қазақша жарасымды ат беріп жатқанын мақтанышпен айтады. Самара қазақтарының Отанына деген бір ғана реніші бар: Өзге диаспора өкілдерін Халықтар ассамблеясымен және мәдени орталықтармен жарылқаған қазақ өкіметінің сырттағы қандастарына дәл сондай демеу көрсетпегені ғана. Амалы таусылған Ресей қазақтары этникалық мәселелерін шешуді бұдан былай өз қолдарына алмақ.

четверг, 6 марта 2008 г.

Көктем мерекесі құтты болсын!


Құрметті арулар мерекелеріңмен!

Бүкіл қазақ әйелдерін 8 наурыз - халықаралық әйелдер күнімен әрі көктем мерекесімен құттықтаймын. Абылайдай ұл табар, Томиристей қыз туар аруларымыз көбейе бергей! Ерлер әйелдердің, әйелдер ерлердің қадірін білгей! Көктем құтты болсын!

вторник, 4 марта 2008 г.

Барақ АҚШ президенті бола ма?


Қараторы жігіт Барак Обама Америка тарихында тұңғыш рет президент сайлауына түсіп отырған қаранәсілді азамат. Демократияны алға тартқыш Американың өзінде күні бүгінге дейін бірде-бір афроамерикандық ел басқармағаны белгілі. Егерде демократия Батыстан басталса, неліктен АҚШ-ты афроамерикандықтың билемесіне? Ал католиктер өз дініне өзгелерді көптеп кіргізсе, Ватикан төрінде неліктен латын америкалық немесе қара нәсілді Папа отырмайды? Солай бола тұра Батыс бізден діни бостандықты талап етеді. Бұл дұрыс па, сіздер қалай ойлайсыздар?

Венада 300 қазақ тұрады

Бүгінде Венада 300-ден аса қазақ тұрады. Егерде Түркиядан көшкен қазақтар ата-баба салтын, тілі мен дінін сақтап отырса, Қазақстаннан келген қазақтардың көбісі - орыстілді екен. Бір өкініштісі, немістерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздары да баршылық. Соған қарағанда, ұлттық тіл мен сана Қазақстанның өз ішіндегі қазақтарда емес, сырттағы қазақта басымырақ па деп ойлайсың...

воскресенье, 24 февраля 2008 г.


Орынбор қазақтары араша сұрайды

Мәскеуде ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтіп жатқанда 300 мыңнан астам қандасымыз тұратын Ресейдің Орынбор өлкесінен біздің редакциямызға араша сұраған хат келді.Онда Орынбор облысына қарасты Соль-Илецк (бұрынғы атауы – Тұз-төбе) ауылының тұрғындары: «Біз тұратын Соль-Илецк ауылында Кеңес одағынан бері партиялық жоғары лауазымды қызметтерде, кеңестік және әкімшілік органдарда, шаруашылық субъектілерінің басшылығында, одан қалса, зауыт, фабрика, колхоз-совхоз басшылығында бірде-бір қазақ отырмаған. Бүгінде, мемлекеттіліктің нышаны ретінде демократиялық құндылықтар алға қойылып, қазақтардың жоғары білімі мен өрелі ой-санасына қарамастан, мемлекеттік және атқарушы билік тармақтарына қызметке тартқанда адамды ұлтқа бөліп, кемсіту саясаты сақталынып келеді», – деп мұңын шағады. Ресейдегі қандастарымыз «экономикалық ұлтшылдықтың» барын да жоққа шығармайды. Бұл орайда олар қазақ бизнесмендеріне қатысты қысымның барын алға тартып отыр. Бір мысал ретінде жергілікті кәсіпкер Құспан Батесовтің саяси тұрғыдан қудалануын келтіреді. Ол 1998 жылы облыстық думаға кандидат ретінде тіркелген екен. Батесовтің саяси қызметі үшін оны әкімшілік қысым арқылы қудалауға тырысқан көрінеді. Жергілікті қазақтардың мәселесін ту еткен азамат саясаттан қуылып кәсіпкерлікке ауысады. «Қазір ол Мәскеуде тұрса да, әл-ауқаты өте төмен Орынбор қазақтарына қол ұшын созып отыр» дейді хат авторлары. Біз Мәскеуге хабарласып, Құспан Батесовтің қазіргі жағдайға байланысты ойын өз аузынан естуге тырысқан едік. Өз сөзінде ол бұл мәселеде Қазақстаннан басқа арқа сүйер жері қалмағанын айтып, Орынбор қазақтарының қатты теперіш көріп жатқанын жеткізді. Хаттың бір данасын Соль-Илецк тұрғындары Қазақстан Президентіне, екінші данасын Ресей президентіне жолдаған көрінеді. Негізінен Соль-Илецк қазақтары 29 ақпан күні әлеуметтік-экономикалық жағдайларының нашарлығын, ұлттық тұрғыдан алалаушылық көріп жатқанын айту үшін арнайы жиын ұйымдастырмақ болған екен. Дегенмен, жергілікті әкімшілік бұған рұқсат бермей отырған сияқты. Жағдайдың осындай сипат алуына «Яикъ» газетінде жергілікті қазақтардың облыс губернаторы А.Чернышевке жазған өте ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайлары туралы хаты себеп болса керек. Бұл хатқа қол қойған жергілікті қазақтар прокуратурадан шақырту алып, құзырлы орындардан қатты қысым көріп отырғанын, тіпті, кейбірін қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытып жатқанын ашына жеткізеді. Бұл хаттан кейін біз Орынбор облыстық әкімшілігіне хабарласқан едік. Онда губернатордың баспасөз көмекшісі Людмила Федоровская «бұл фактілердің әсіреленіп жеткізілгенін» айта келе: «Орынборда өзге ұлттарға қатысты саясат өте жақсы. Бізде Қазақ қоғамдастығы да жұмыс істейді. Өз басым қазақтарға қатысты алалаушылық болғанын көрген емеспін», – деді. Бұдан кейін біз Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хабарластық. Ондағы елшіліктің баспасөз қызметі Орынбордағы жағдайдан хабарсыз болып шықты. Дегенмен, Ресейдің Орынбордан бөлек Сарытау, Қажытархан, Омбы, Томбы қалаларында тұратын 1,5 миллионнан астам қандастарымыздың тағдыры бізді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз алдағы уақытта бұл мәселені өз қадағалауымызға алатын боламыз.
http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=166&pub=16392

среда, 20 февраля 2008 г.


Орынбордағы қазақтар. Бүгінде Ресейде 1,5 млн астам қазақтар тұрады. Олардың дені Сарытау, Орынбор, Омбы, Томбы, Қажытархан жерлерінде орналасқан. Орынборда алғашқы қазақ съезін өткізген кешегі Алаш зиялылары мен Құрманғазыдай кемеңгерлердің бүгінгі ұрпағы осы жастар....

Калайсындар?


Бұл Түркияда түскен суретім. Стамбұлда да Алматыдағы саябақтардай көгершін, кептерлер көп ұшады екен. Кім біледі, Алматыдан ұшып келген құстар шығар деп, оларға жем тастадым. Айтпақшы, Алматыда құстарға жем тастау - әркімнің өз еркі, ал Түркияда бір уыс бидай - 2 лир тұрады. Олар бұдан да бизнес жасайды екен. Естімеген елде көп деген осы шығар...

воскресенье, 17 февраля 2008 г.

Көктем келе жатыр!

Сәлем! Қалайсыңдар! Бүгін Алматы кереметтей жылып тұр. Күн шуағымен бүкіл Алматыны аялап тұрғандай. Көктем келе жатыр. Көктемнің келе жатқаны сезіліп-ақ тұр. Жыл құстары ұшып келіп, әдемі ән салып жүр. Көктем деген керемет қой! Сендер қалай ойлайсыңдар?

суббота, 16 февраля 2008 г.

Мысық пиғылды миссия

Қазақстанның төл бағдарламасы «Болашақ» бойынша оқыған жастардың үштен бірі ғана мемлекеттік тілді меңгерген болса, бағдарламадағы ауыл жастарының үлесі он пайыздан аспайды. Елбасының өз аузынан шыққан бұл сөздер тіл мен ауыл балаларының мәселесін шешуге, ең бастысы, ұлттық патриотизмді шыңдауға негіз болуы тиіс. Қазақтың «Болашағынан» тыс АҚШ та «ертеңгі қазақ көшбасшыларын» дайындауға 90-жылдардың басынан-ақ араласып кеткені рас. Ресми мақсаттары кіршіксіз болса да, астарлы мүдделері мүлдем бөлек америкалық оқу бағдарламаларының қызметі ұлттық қауіпсіздікке қаншалықты нұқсан келтіруі мүмкін?!Атын берсек те, фамилиясын бер­меуді сұраған Азамат 2005-2006 жылдар аралығында АҚШ-тың Флорида шта­тында «Flex» (Future leaders exchange) бағдарламасы бойынша оқып келген. ТМД және Орталық Азия аумағындағы елдердегі жоғары сынып оқушыларына арналған бұл бағдарла­маға жылына 50 мыңдай бала ілігетін көрінеді. Өзі Өзбекстан азаматы болса да, қаны қазақ Азамат Қазақстандағы оқу орындары­ның бірінде оқиды. Бұл орайда ол: «Мен АҚШ-та мүлдем қал­ғым келмеді. Онда қалып жатқан қатар­ластарымның дені протестант дінін қа­был­дап қалды. Бұл бағдарлама бойынша, біз міндетті түрде америкалық отбасында тұруымыз керек-тін. Ал ол отбасылары­ның дені – шіркеуге жексенбі сайын баратын нағыз діншіл америкалықтар. Олар бізді де шіркеуге баруға үгіттеді», – дейді. «Еркіндік пен бостандық елі» ата­лып кеткен АҚШ бұл күндері мис­сионерлік саясатты ерекше қарқынмен жүргізіп, өз дінін өзге елдерге таңып отырғаны жасырын емес. Әрине «Flex» сияқты бағ­дарламалар шын мә­нінде, өзара білім алмасуға, өзге мәде­ниетті тануға, де­мократиялық бағытта дамуға үлес қосса да, іс жүзінде әлі де ой-санасы, азамат­тық позициясы, діни ұстанымы қалып­тасып үлгермеген 16-17 жас аралығын­дағы жас жеткіншектерді бөтен елде бөтен діннен сусындатып, бөтен пиғылға баулитынын байқау қиын емес. Жа­ныңда «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Басынан өткен күн­дерді Азамат былай еске алады: «Өз­бекстаннан бұл бағдарлама бойынша 119 оқушы бардық. Олардың ішінде хрис­тиан дінін қа­былдап, сол елде қалып қал­ғандары да болды. Діншіл өзбек балалары өзге дінге кіріп жатқанда, қазақтан не сұрайсыз?! Негізінен, Америкадағы дін – бизнес. Мен Америкада оқып жүр­генде, бір бай әйел 2 миллион долларға үлкен шіркеу салғызды, сонда ол мұны – болашаққа құйған, ертең қайтатын инвестиция деп санады. Евангелизация саясаты бойын­ша, сен шіркеуге қанша адам әкелсең, соншалықты қаржыға кенелесің», – дейді. Азамат бір миссио­нер­дің сөзін еске алады. Бірде амери­калық миссионерден: «Сен үшін дін – бизнес пе, әлде миссия ма?» деп сұрапты, сонда әлгі миссионер: «Дін – әрі бизнес, әрі миссия», – десе керек. Бүгінде АҚШ-тағы евангелис­тердің қолында ірі-ірі баспа үйлері, электронды ақпарат құрал­дары, газет-журналдар, кино және музы­калық студиялар шоғырланған. Тіптен шіркеу музыкасы да шоу-бизнес сала­сының құрамдас бөлігіне айналғалы қай заман?! Бір өкініштісі, миссионерлердің қар­ма­ғына ілініп жатқандар – тек қана амери­калық бағдарламалар бойынша сыртта оқып жүрген балалар емес, ар­найы отандық бағ­дарлама бойынша тәлім алып жатқандар да жат идеология мен өзге діннің қол­шоқпарына айналып жатқанға ұқсайды. Ел есінде, заңғар-заңғар ақын-жазу­шыларымыздың қыз­дары шетелге барып, америкалыққа тұрмысқа шығып, неке­сін протес­танттық шіркеуде христиан ретінде қиғаны... Әрине, діни экспансия жергілікті ха­лықтың агрессиясын, ұлтшыл патриот­тардың бас көтеруін де тудыруы мүмкін. Мұны білетін миссионерлер жергілікті елдің жас ұрпағын америкалық рухта тәрбиелеуге жанталасып келеді. Орыс­тілді сайттардың біріне сұхбат берген Нина Каландаришвили де «Flex» бағ­дарламасы бойынша Америкада оқыған. Ой-санасы америкалық рухта қалып­тас­қан ол америкалықтардың постке­ңес­тік елдер жастарынан «болашақ революционерлерді» дайындап жатқа­нын жасырмайды: «Дамушы елдерге, әсіресе, бұрынғы КСРО мемлекеттеріне потенциал мен жаңа адамдар керек. Ондағы қазіргі саясатта жүрген адам­дардың дені Кеңес Одағында туып-өскен. Олар мемлекетке жақсылық жасағысы келсе де, қалай жасауды білмейді. Олар­да Кеңес Одағынан қалған комплекс бар, ал жас ұрпақта ондай жоқ» – дейді. Әрине, келер ұрпақ жаңаруы керек. Бірақ болашақ ұрпақты америкалықтар емес, жергілікті халық, мемлекет, Үкімет тәрбиелеуі керек. Бір қызығы, амери­калықтар «Flex» бағдарламасына әрбір елдің ең үздік оқушыларын алады екен. Үшке оқып, кластың арты боп жүрген балалардың оларға керегі де жоқ. Басты талаптары: бала өте жақсы оқуы керек, шет тілін білуі тиіс, 16-17 жастағы жо­ғары сынып оқушысы (яғни Кеңес за­манын көрмеген ұрпақ өкілі) болуы керек. Украина, Грузия, Қырғызстанда әп-сәтте түрлі-түсті революцияны жасап, елді төңкеріп берген кейбір америкалық ұйымдар енді қазақ және өзбек елдеріне көз салып отырғанға ұқсайды. Амери­када бір жыл бойы оқып келген Азамат та кейбір америкалық ұйымдардың жас ұрпақтан болашақ мемлекет басшыла­рын, жергілікті билікке қарсы револю­ционерлерді дайындап жүргенін білетінін айтады. Егер де «Flex» бағдарламасы жастар арқылы демократиялық қағидаттарды жергілікті елге енгізуді мақсат тұтса, ағылшын тілін үйрететін «Халықаралық білім беру қызметі» атты ұйым еван­ге­лиені әрбір христиан емес халықтардың жүрегіне жеткізуді мақсат етеді. Бұл ұйымның оқытушылары Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей­дің жоғары оқу орындарына ағылшын тілін, менеджмент пен заң құқықтарын үйретеді. Бұл – бүркеншік бағыты. Не­гізгі қызметі – жергілікті халықтың жас­тарын евангелилендіру. 1992 жылы Қа­зақ­станда қабылданған «Діни бірлес­тік­тер мен діни наным-сенім бостандығы» туралы заңның босаңдығынан Қазақ­стан­ның өзі бүгін миссионерлерді қа­былдайтын елден бұрын миссионерлерді дайындайтын мемлекетке айналып кеткенін сезбей де қалды. Кейбір ре­сейлік мәліметтерге сенсек, Қараған­дыдағы «Грейс» шіркеуі мен «Жаңа өмір» миссиясынан шыққан оқытушылар бұл күндері Моңғолияға барып, жергілікті халыққа евангелиенің сөзін жеткізуге «атсалысып» жатқанға ұқсайды. Шынтуайтына келсек, Батыста ой­лап табылған «діни наным-сенім бос­тандығы» деген қағида – адамдарды өз ата-баба дінінен бездіртіп, жылтырағы мен жеңілдігі көп протестант дініне енгізуді көздейді. Қазақстанда түрлі білім беру орталықтары, мәдени және үкіметтік емес ұйымдардың «шекпенін» жамылып, шынтуайтында, тіл үйретуден гөрі діни миссионерлік, түрлі-түсті революцияға дайындайтын, сондай-ақ барлау қыз­метімен айналысатын ұйымдардың бары анық. Өткенде ғана Қазақстандағы «Бла­годать» шіркеуінен шетелдік тыңшылар табылды. Бірақ бұл діни-саяси экспансия аласапыранының басы ғана.Айқындама:Бейбіт Сапаралы,дінтанушы:– Өзімізге бауырлас мұсылман елдерінің ішінде Түркияның тәжірибесіне қарасақ, түріктердің Америкада 60-70-жылдары оқып келген азаматтары кейіннен Түркияда министр, премьер-министр сияқты үлкен лауазымдарда отырды. Олардың барлығы да шетелдік ұйымдарға қызмет етті, мемлекет көп қиындықты басынан өткізді. Қазір олардың билігі ауысып, қызметке ұлтжанды, түрікшілдік бағыттағы мұсылман азаматтар келіп жатыр. Сонау 90-жылдардың басында Қазақстанның өнер және мәдениет қайраткерлері ең алғаш рет Америкаға барған еді. Үкімет өкілдері бастап барған қазақ делегациясын Америка басшылары емес, протестанттық шіркеудің өкілдері қарсы алған. Біздің үлкен басшыларымыз, әкімдеріміз, өнер қайраткерлерімізге таңертеңгілік астан кешке дейін тамақ берген кезде протестанттық шіркеуде шоқынудан бастап барып қана тамақ береді екен. Бұл – бір айға барған адамдар үшін жасалған дүние. Ал оқуға барған балаларды, әрине, олар протестанттық дінге тартқысы келеді. Бұлардың ұлттық зерттеу, барлау орталықтары бар. Олар Американың саясатына қызмет ететін кадрларды дайындауға тырысады.

Қазақ тілін кім оқытты екен...

Мектепте қазақ тілін жақсы меңгермеген оқушылар министр болған тұсында репетитор жалдап, мемлекеттік тілді қайта оқуға мәжбүр. Кейбір министрлер мен әкім-қаралар тілді меңгеруді парыз деп білсе, кейбірі мектепте сабақтан қашқандай тілді тиіп-қашып үйренеді екен. Біз кезінде бірқатар министрлер мен әкімдерге қазақ тілі пәнінен сабақ берген репетитор-ұстаздарды тауып, олардың бағасын білуге тырысқан едік.Премьер-министр Кәрім Мә­сімов қытай және орыс тілдерін жетік білсе де, мемлекеттік тілді әлі де толыққанды меңгере алмай жүргені анық. Оның өз баян­да­маларын ежіктеп оқығаны еріксіз бастауыш кластағы баланың жағ­дайын көзге елестететіндей. Бір қы­зы­ғы, Мәсімов қазақ аталғалы бе­рі оның қазақ тілін білуі заңды бол­уы тиіс-тін, десек те, қызығы сол, интернеттегі мәліметтер бо­йын­ша, ол кісі қазақ тілінен гөрі ұй­ғыр тілін жақсы меңгерген кө­­рі­неді. Жалпы, қазаққа диаспора ті­лін білу міндет емес қой, міндет – мемлекеттік тілді білу. Пре­зи­дент­тің талабы бо­йын­ша, бүгінде бар­лық ірілі-кішілі шенеуніктер мемлекеттік тілді мең­геріп жатыр. Олардың ішінде Үкі­меттің қазіргі басшысы Кәрім Мә­сімов те бар. Кезінде премьер-министрге қа­зақ тілін үйреткен филолог-ма­ман Қарлығаш Сәре­ке­нова Мә­сі­мовтің мемлекеттік тіл­ді бі­летінін айтады. «Тек көпшілік ішін­де қиналып қа­ла­тыны бол­ма­са, Мәсімовті мүлде қазақ тілін біл­мейтіндердің қа­тарына жат­қызуға болмайды» – дейді репе­ти­тор. Қазақ тілінен премьерге он шақты сабақ берген ұстаз тәлімгер жайлы былай дей­ді: «Мәсімов – өте ынталы, өз-өзі­не өте қатал та­лап қоятын, білу­ге ұм­тылатын аза­мат екенін бай­қа­дым. Негізі, ол кісі жеке отыр­ған­да, қазақша сөй­лей алады. Тек көп­ші­лік ішінде сәл қобалжи­ты­ны бар» – дейді. Бір айта кетер­лі­гі, Кәрім Мәсімов үй тап­сыр­ма­ла­рын Пре­зи­денттің тапсыр­ма­сын­дай бұл­жыт­пай орындауға тыры­сады екен. Ал үй тапсыр­ма­лары­на қазақша сөздер жаттау, сөй­лемдер құрастыру, бір та­қы­рып­қа әңгіме дайындап келу, т.б. кі­реді. Кейбір саяси сарап­шылар мен саясаткерлер премьердің билікте отырған бір жылдығына орай Үкімет жұмы­сы­на «үш» деген баға беріп жүр­гені белгілі. Ал біз Мәсімовтің тіл үйренудегі бағасын сұрағаны­мыз­да қазақ тілінің оқытушысы: «Мен тіл үйреткенде баға қоймай­мын», – деді. Тіл үйретуші баға қоймаға­ны­мен, Мәсімовтің қазақшасын жақсы білетін қауым оның тілдік көрсеткішін сарап­шылар­дың Үкі­мет­ке қойған бағасынан асып кет­пегенін түсінсе керек. Тіл үйрену қанша тұрады? Қазақстанда ағылшын тілін үйрену кем дегенде сағатына 3 мың теңгеден асады. Ал, мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйрететін курстар өте арзан. Мәселен, отандық министрлер қазақ тілі дәрісінің сағатына небары 2 мың теңге төлейтін көрінеді. Ал тіл үйренуге құйылған қаржы – келешекке құйылған оңтайлы инвестиция.Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Ермұхаммет Ертісбаевқа ша­мамен осыдан 4-5 жыл бұрын са­бақ берген филология ғылым­дары­ның докторы, доцент Сар­қыт Әлісжанов өз шәкіртінің тіл­ге икемділігін баса айтады. Бір ға­н­а өкініші, Ертісбаев Сарқыт Қа­лымұлынан бір-екі рет қана дә­ріс алыпты. Оған да себеп жоқ емес. Ол кезде Президент ап­пара­ты­ның ішкі саясат бөлімінің мең­геру­шісі қызметін атқарған Ер­мұхаммет Ертісбаев қызметін ауыс­тырған тұста ұстаз бен шәкірттің жұбы ажырап кетеді. Тіл маманы шәкіртінің мінез-құл­қы жайлы былай дейді: «Сабақ беру кезінде байқағаным, ол кісі өте ширақ, ынта-ықыласы зор, қазақ тіліне икемі бар азамат екен, – дей келе, – лауазымды тұл­ғалардың жұмысы өте қар­балас ғой. Ол кісінің қызметі ауыс­қан соң, бір-бірімізді таба ал­май қалдық. Кейін Ертісбаевқа са­бақ­ты кім бергенін білмеймін, бі­рақ қазақша баяндама жасап, кә­дімгідей сөйлеп жүр ғой», – деп сө­зін түйіндеді ұстаз. Кезінде елі­мізде Мем­ле­кет­тік тілді жеделде­тіп оқытатын рес­публикалық ор­талық ашылға­ны ел есінде. Оның да басты мақ­сат­тарының бірі – жоғары қыз­мет­те отырған «шала қа­зақтар» санатына еніп кеткен тұл­ғаларға мемлекеттік тілді үй­рету еді. Бұл тұста филолог-ма­ман Сарқыт Қалымұлы Пре­зи­дент әкімші­лі­гін­­де қызмет ететін бірқатар лауа­зым­ды тұлғаларға са­бақ беріп, тіл­дерін икемге кел­ті­ріп, беттерін ана тіліне бұ­рып-ақ берген. Ол үшін үлкен ал­ғыс, әрине.Бүгінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беретін филолог Гүлбағира Төртқарина Оңтүстік Қазақстан об­лысының әкімі Нұрғали Әші­мов­ке тіл үйретіпті. Өзі оңтүстікте туса да, орыстар арасында өсіп, ғы­лыми еңбектерін Мәскеуде қор­ғаған Нұрғали Әшімов қазақ ті­лін үйренуге өзі ерекше ықылас біл­діріп, мемлекеттік тілді алты ай бойы ерінбей меңгеріпті. Бұл жа­йын­да Гүлбағира Төртқарина бы­лай дейді: «Негізі ол кісі тілді зор ынта-ықыласпен үйренді. Сабақ күнделікті сағат 8-ден 9-ға дейін өтіп жүрді. Ол кісінің тілді мең­геру­ге қызыққаны соншалықты, тіп­ті арнайы бағдарлама жа­сай­мын дегені есімде. Ол кісі өзі ма­те­ма­тик екен. Қазақ тілінің грам­ма­тикасын математика заңды­лық­тарымен салыстырып, өзі де зор қызығушылық білдірді. Осы­лай­ша тілді жеңіл меңгеріп кетті», – дейді ұстаз шәкірті жайлы. Соған қарағанда, тілді меңгеру үшін адамға патриоттық сезім мен ынта-ықыластың оянуы ғана керек сияқты. Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімінің тіл үйренуге қызыққаны сон­ша­лық­ты, тіпті, са­бақ берген екі ұс­та­зынан үй тап­­сырмаларын өзі-ақ сұрап ала­ды екен. Шәкірт­тері­нің тілді үй­ренуге деген құл­шы­ны­сына ри­за болған ұстаздар Нұр­ғали Әші­мовке ылғи «үздік» де­ген баға қо­йып отырса керек. Бүгінде қазақ тілінің оқыту­шы­сы Гүлбағира Төртқарина Сырт­қы істер вице-министрі Ер­жан Қазыхановқа қазақ тілінен са­бақ беріп жүр. Бірнеше шет ті­лін білетін Ержан Қазыхановқа ана тілін меңгеру қиынға соғып жат­пағанға ұқсайды. Бұл жөнін­де ұстаз: «Полиглоттар тілді жақ­сы меңгереді. Олар үш-төрт тілден кем тіл білмейді. Ол кісі үш айдан бері тілді үйреніп жатыр. Оған өте жақсы баға қойып жүрмін. Әри­не, сөйлегенде біршама қинала­ды. Негізі, ойын қазақ тілінде жақ­сы білдіре алады» – дейді.45 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Білім беру ісінің үздігі, ке­зінде Ал­ма­тыдағы №88 қазақ ор­та мек­тебінде директор болған Қан­тай Оразбайқызы да талай шәкірт­тер­ді үкілеп тәрбиелеп шы­ғарған. Ке­зін­де Білім және ғы­лым вице-ми­нистрі қызметін атқарған, бү­гін­де «Самғау» ұлт­тық хол­дин­гі­нің басшысы Аза­мат Әбді­мо­мы­нов Алматыдағы № 45 аралас мек­тебінде оқыған. Сол тұста Қан­тай Оразбайқызы жас­тайы­нан зерек боп өскен Аза­мат деген ба­лаға ерекше үміт ар­та­ды. Шә­кірт ұстаз үмітін ақтап, қа­зақ тілі сабағын жақсы оқиды. Қан­тай Оразбайқызы өзі тәрбие­ле­ген шә­кірті болмаса да, Сенат төра­ғасы Қасым-Жомарт То­қ­аев­тың тез арада тілді меңгеріп кет­кеніне ризашылығын білдіріп: «Негізі­нен тілді меңгеру үшін үш айдың өзі де жеткілікті. Ал қазақ тілі ана тілі болып табыла­тын­дар­ға тіл үй­рену тіптен оңай. Ұлттық на­мыс бар жерде адам міндетті түр­де қа­зақ­ша сөйлеп кетеді. Мә­се­лен, қа­зіргі Сенат төрағасы мә­тел­деп сөй­лейтіндей деңгейге жет­ті ғой. Өз­гелер Қасым-Жомарт Тоқаев­тан үл­гі алуы керек», – дей­ді ұла­ғат­­ты ұс­таз. Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Тәңірберген Бердіоңғаров­тың ресми сайтында «Владение язы­ками: казахский, русский, анг­лийский» деп жазылып қо­йып­ты. Ағылшыншасын қайдам, бі­рақ ол кісінің қазақшасының ақ­саңдап жүргені ешкімге де жа­сырын емес. Кезінде «Хабар» ар­на­сынан шығып жүрген «Уроки Тілашар» деген қазақ тілін үй­рену­шілерге арналған сериалға түс­кен Бердіоңғаров тілді жетік мең­гере алмағанға ұқсайды. Бер­діоңғаровтың тілді оңдырта алмай жүргеніне мектеп ұстаздарын не­ме­се жоғары оқу орнындағы оқыту­шыларын кінәлаудан ау­лақ­пыз. Анығы, ана тілімді білем, үйре­нем, қайта жаңғыртам деген на­мыс бар жерде құлшыныс та бо­лады. Ал ол жоқ жерде бұрын­ғы­ның ығымен жүріп, болашаққа ұм­тылу болмайды. Елбасы айт­пақ­шы: «Қазақстанның бола­ша­ғы – қазақ тілінің қолында», яғни, елі­міздің толықтай қазақылану про­цесі өз деңгейінде жүріп жа­тыр. Тек одан тілді тиіп-қашып үй­реніп жүрген шенді-шекпен­ді­лер қалыс қалмаса игі. Қалыс қал­са, өз обалы өзіне. Бір қызығы, біз өзге де ми­нистр­лердің репетитор – ұста­з­дары­на хабарласқанымызда, олар ат-тонын ала қашып, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Со­ған қарағанда, олардың шә­кірт­терінен түк те нәтиже шық­па­ған сияқты.Тілді әлі де меңгеріп жүр­­­ген Мәдениет және ақ­­па­рат министрі Ермұхаммет Ер­­тісбаев қазақ тіліне икем­дел­­ген TOEFL бағдар­ла­ма­сы­ның енгізілуін баста­ма­шы боп көтеріп жүргені бел­гілі. Бұл бағдарлама ен­гізіл­се, ең алдымен оның ба­сы-қа­сын­да жүрген ми­нистрлер­дің өздеріне кө­мектесе ал­са игі еді. Бірақ қа­зірше кей­бір пысықай ми­нистрлер тіл­ді тиіп-қа­шып үйреніп жүр­ген­ге ұқ­са­йды.
Армысыздар, блогымды қайта жаңғыртып, жаңартылған нұсқасын ұсынып отырмын!
Қабыл алыңыздар!