четверг, 9 октября 2008 г.

"Дом-2" бағдарламасындағы керітартпалықтар



Жынойнақтың ордасы немесе Ресей прокуратурасының қаһарына ұшыраған «ДОМ-2» Қазақстанда неге қадағаланбайды?




Қазіргі Қазақстандағы электронды БАҚ-тар қалған-құтқан қоқыс заттары салынған жәшіктен аумайды. Көрерменге обал. Отандық телеарналар аудиторияның сұранысымен мүлдем санаспай жүр. Ал халқының 70 пайызы мұсылман саналатын мемлекетте Ресейден ағылған діліміз бен дінімізге жат, оның үстіне, мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын тарылтып отырған сериалдар мен ток-шоуларды көрсету қаншалықты орынды?! Жастарға арналған «Дом-2» реалти-шоуының елімізде көрсетіліп жатқанына да екі-үш жылдың жүзі болды. Кезінде Ресей прокуратурасының тексеруіне ұшырап, Мәскеу қалалық думасының сынынан кейін жабылудың сәл-ақ алдында қалған реалти-шоу Қазақстанның заңдарын да өрескел бұзуда. Бірақ біздің тиісілі орындар қазірше үнсіз.

«Дом-2» және «қылмыстық әлем»



Таяуда «Дом-2» реалити-шоуына қатысқан Оксана Аплекаева есімді қыз қаза тапты. Марқұмның денесі реалити-шоу түсіріліп жатқан Мәскеу облысының Истринский ауданында табылған көрінеді. Newsru.com порталының хабарлауынша, бұл жәйт шоу қатысушыларының зәресін ұшырып отырғанға ұқсайды. Олай болмаса қайтсін, «Дом-2» эфирге шыққалы бері оның аты тек қана қылмыс әлемімен байланыстырылып келеді. Оның бұрынғы қатысушыларының біразы әрқилы қылмыс түрлерін жасап, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан кездер де болған. Мәселен, 2005 жылы реалити-шоудың мүшесіне айналған Алексей Адеевті тура бағдарламаның түсірілімі кезінде полиция тұтқындаған. Алаяқты Смоленскіде тұратын көрермен танып, құзырлы орындарға хабарласқан көрінеді. Мұның артынша федералдық іздеу шаралары жарияланып, алаяқ дер кезінде тұтқындалған. Сот шешімімен Алексей Адеев 4,5 жылға бас бостандығынан айрылса да, өткен жылы мерзімінен бұрын босатылып, «Дом-2» реалити-шоуына қайта оралды. Бағдарламаның негізгі мақсаты ғашықтар арасында қарым-қатынас орнатып, оны халыққа паш ету болған соң, темір тордың ар жағынан келген жігітке дайын тұрған қыз да табылды. Қазір ол жігіт Наталья Варвина деген қызбен «махаббат» құруда. 2006 жылы шоудың тағы бір мүшесі Кирилл Комаровский да алаяқтық жасап, тұтқындалған болатын. 2007 жылы «Дом-2»-ның үшінші «өкілі» Вячеслав Попов есірткі саудасы үшін тұтқындалып, қылмыстық жазаға тартылды.
Бұл қатысушылардың ғана қылмысы, ал реалити-шоудың көрермендер санасына кері әсер етіп, оларды қылмысқа итермелеген жәйттер қаншама? Мәселен, 2007 жылдың күзінде Тюмень қаласында тұратын ер азамат өз әйелін азаннан кешке дейін «Дом-2»-ны «сүйсіне» көретіні үшін пышақтап өлтірген. «Дом-2» атымен байланысты тағы бір қылмыс Воронежде орын алған. Сөйтсе, бұл реалити-шоуға жас қыздармен танысу үшін нешетүрлі маньяктар да SMS-хатын жазатын көрінеді. Мәселен, 2005 жылы жұмыссыз жүрген Игорь Булак Дағыстаннан шыққан кәсіпкерді, оның әйелі мен 8 жасар баласын айуандықпен өлтірген. Кәсіпкердің үйінен бағалы зат таппаған жігіт қожайындардың ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Сол телефондардың бірінен жас қызбен танысу үшін «ТНТ» телеарнасының «Дом-2» бағдарламасына SMS-хат жазып жүрген. Дәл осы хаттар арқылы полиция қылмыскерді тауып, тергеу абақтысына жеткізген көрінеді. Сот үкімімен, Игорь Булак өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Осы тектес жәйттер Мәскеу думасы мен прокуратураны бей-жай қалдырмай отыр.
Кезінде Ресейдің бас прокуратурасы «Дом-2»-да эротикалық сипаттағы көріністердің бар-жоғын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізген болатын. Бірақ 2005 жылы ондай көріністердің жоқтығы анықталған еді. Бірақ қазіргі 2008 жылғы хабарларда ондай көріністер бар көрінеді. Бір рет прокуратураның тісі батпаған соң, өз ісіне өзі би болып алған бағдарлама ұйымдастырушылары жалаңаш денелерді көбірек көрсететін болды. Кезінде Мәскеу думасының депутаттары «Дом-2» реалити-шоуын жауып, бағдарлама жүргізушісі Ксения Собчакты сутенерлік әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартуды бірауыздан қолдаған еді. Бірақ Собчактың әулетті отбасынан шыққандығынан ба, әлде оның артында питерлік саяси күштер тұрғындықтан ба, әйтеуір, теле-жүргізуші бұл жағдайдан оңай құтылған еді. Ал депутаттар Ксения Собчакты «жеңгетайлықпен айналысты», «жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастырды», «сутенерлік жасады», «адамдардың коммерциялық мүдде үшін тәнін сатуға мәжбүрледі» дегендей айып таққан болатын. Бірақ «Дом-2» Ресейдің Гиннестер кітабына ене отырып, 4 жылдан бері ең ұзақмерзімді бағдарлама ретінде жалғасуда. Ресей прокуратурасы мен думасын шулатқан реалити-шоуды Қазақстанда да жастар көптеп көреді.

Қазақстан заңдарын бұзғаны үшін кім жауапты?



Елімізде сол баяғы – ұлттық идеологияның жоқтығынан отандық БАҚ-тар эфир уақытын толтыру үшін Ресейдің қалған-құтқан бағдарламаларын қазақ көрермендеріне тықпалаумен келеді. Отандық БАҚ-тарда «нені көрсетуге болады, нені көрсетпеу керек» дегендей ортақ ұстаным жоқ. Содан болар, елімізде шетелдік телеарналар көрсетілімінің ретрансляциясы 20 пайызға дейін қысқартылса да, 70 жыл бойы орыстың телевидениесіне тәуелді боп келген кейбір арна басшылары әлі де «бұл тәуелділіктен» қол үзгісі жоқ. Бұл тұста олар «Дом-2»-да отандық заңдар мен жергілікті ұстанымдарға оғаш келетін жәйттердің барын да елемей отыр. Ал аталған реалити-шоудың кінәраттары төмендегідей:
Біріншіден, «Дом-2» бағдарламасы ҚР-ның «Жарнама туралы» Заңын өрескел бұзуда. Бұл заңның 13-бабына сәйкес, темекi және темекi бұйымдарын; алкоголь өнiмiне, темекi және темекi бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әр түрлi iс-шаралар, соның iшiнде ұтыстар, лотереялар ойнату нысанында жарнамалауға тыйым салынады. Ал «Дом-2» өкілдері азаннан кешке дейін нешетүрлі темекі түрлерін шегіп, ашық түрде шылым тартуды жарнамалайды. Еркегі де, әйелі де таңсәріден түн жарымға дейін көк түтінді будақтатып, жастарға «темекі шегудің өте жарасымды» екенін көрсетеді.
Екіншіден, реалити-шоудағы жастардың әрекеті біздің қазақы салтымыз бен мұсылмандық ұстанымымызға қарсы келеді. Мәселен, «Дом-2»-да ортақ қонақүйден бөлек, «жас жұбайларға» арналған 4-5 үй бар. Әлі де үйленбеген, некесін қимаған жастар сол үйлер үшін бір-бірімен қырқысып, жеңгендері бірнеше ай сонда жатып шығады. Ең қызығы, жігіттер көбіне бір қызбен болған соң, онымен «ажырасып», жаңадан келген қыздарға көз салады. Мәселен, төрт жылдан бері осы шоуға қатысып келе жатқан Степан деген жігіт пәленбай қызды «жас жұбайлар үйіне» шақырып үлгерді. Ең сорақысы, бір жігіт тастаған қыз екінші жігітпен «махаббат құрып» кете барады. Бұл дегеніңіз, ауыр күнәлардың біріне жататын зинақорлықтың өзі емес пе?!
Үшіншіден, ұлының да, қызының да аузы ашыла қалса, нешетүрлі былапыт сөздер төгіледі. Шоуға қатысушылар өздеріне көрерменнің назарын аудартып, рейтингін жоғарылату үшін бір-біріне жаман сөз айтпақ түгіл, жеті атасына дейін санап береді. Қызбалалардың төбелесін осы шоудан күн-ара көре аласыз. Бір-бірінің шашын жұлып, бір-бірін «жезөкше» деп атап, қол көтермек былай тұрсын, аяғымен тепкілеу – олар үшін қалыпты жағдай. Ең қызығы, мұндай төбелестерді шоудағы жігіттер сүйсіне көреді. Қызбалаларды арашалап, қорғау деген жоқ. Керісінше, «ұр, ұр» деп ұрысты ушықтырады.
Төртіншіден, бұл бағдарламаға кезінде Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан атынан қатысқан қызбалалар да болды. Ең сорақысы, мұндай қыздардан кейін бауырлас үш елдің де абыройына қаяу түскендей еді. Әсіресе қырғыз қызының әрекеті адамды шошытты. Орыстың нешетүрлі сары Ивандарының мойнына жабысып, тәнін көрсету үшін ашық-шашық киініп, рейтинг үшін орынсыз күліп, жылап, айқайлап, ақырып-шақырып, масқарасы шықты. Қазақ пен өзбек елдерінен қатысқан орыс қыздары да «рейтинг» үшін талай күресті. Өзбекстаннан келген қыздың жолы болмады: бір жігітке ғашық болып, тіпті, отбасын құруды да армандап жүргенінде, ол жігіт... қызтеке боп шықты. Жалпы, бұл реалити-шоуда қызтекелер мен лесбиянкалар да жиі төбе көрсетіп тұрады.
Бесіншіден, «Дом-2»-ның астынан шығатын SMS-жазулары Қазақстанның «бейбітсүйгіш 130 ұлт өкілі мен 45 діни конфессиясының үндестігіне» саяси қаяу түсіретін сияқты. Қазақстанның тірегі, мемлекетқұраушы ұлт – қазақтың намысына тиетін SMS-тер де жоқ емес: «Познакомлюсь с уйгуркой», «Кавказцы – лучшие», «хочу турка», «русские, гды вы, звоните!» дегендей ұлтқа бөлген хаттар жиі келеді. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Хаттарды жазып жатқан – өз отандастарымыз. Өткенде, тіпті, «Сороколетний мужчина познакомиться с молодой девушкой» дегендей хатты көзіміз шалып қалды. Сондағы жаңағы 40-тағы кісі маньяк па, әлде ауру ма, түсінбедік. Бірақ ұлтқа бөлетін, зинақорлыққа шақыратын хаттардың дер кезінде ауыздықталғаны жөн.
Алтыншыдан, «Дом-2»-да әртүрлі байқаулар арқылы эротикалық сипаттағы көріністер де орын алып тұрады. Мәселен, қазір «НТК»-да реалити-шоудың бір-екі жыл бұрынғы хабарларын көрсетіп жатыр, онда да нешетүрлі жалаңаш жүретін адамдар жетіп артылады. Ал «ТНТ»-ның қазіргі хабарларын, яғни күні ертең Қазақстанда көрсетілетін бағдарламаны көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жақында «Дом-2»-да «Олимпиада красаты» деген байқау ұйымдастырылып, жас қыздар бас жүлдені алу үшін тыр жалаңаш шешінді. Ең сорақысы, жалаңаш бола тұрып, қыздар мен қыздар төбелес ойындарын ұйымдастырды. Бұны эротика деуге болмай ма?!
Жетіншіден, «Дом-2»-ның кейбір бұрынғы қатысушыларының электронды поштасына «ты заразила меня венерической болезнью» дегендей қоқан-лоққы сөздері де келетін көрінеді. Бұл «жас жұбайларға» арналған үйлерде әркіммен төсектес болудың салдары емес пе?! «Қызға қырық үйден тыю» деген атам қазақ. Нәпсісін тыя алмаған азғындар қалайша қазақ жастарына телевидение арқылы ақыл айтып, үлгі көрсетеді?!
Түйін. Ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік әсіресе жастарға арналған хабарларды сұрыптап беруден басталмай ма? Бұны бүгін тиісілі орындар қолға алмаса, ертең дүбәра ұрпақ, яғни, «Дом-2»-ның өкілдері сияқты шылым шегіп, зинақорлықпен айналысып, маңайындағылармен төбелесіп, ата-анасын құрметтемейтін қоғамға қауіпті адамдар шықпасына кім кепіл? Қанша дегенмен, шығыс адамдарына «батыстың нормалары» келе бермейді ғой...

Комментариев нет: