среда, 11 июня 2008 г.

"Қазақтың 40 пайызы өз ана тілін білмейді" деген жалған ақпарат



Бірқатар деректерге сүйенсек, сонау 1926 жылы Қазақстан халқының 87 пайызын мемлекетқұраушы ұлт – қазақ халқы құраған еді. Кеңес одағының салғырт саясатынан елді жайлаған репрессия, аштық, соғыс пен сырттағы жұмыс күшінің эмиграциясының кесірінен елуінші жылдары халқымыздың саны – 28 пайызға дейін төмендесе, 1991 жылы – 42 пайызға әрең дегенде жетті. Бүгінгі күні қазақ саны – 61 пайыздан асқан. Бірақ осы басым халықтың өзін ішінара бөліп, «қазақтың 40 пайызы мемлекеттік тілді білмейді» деген керітартпа саясат тағы бар. Жалпы, мемлекетқұраушы халықтың басын біріктірудің орнына бөліп-жарып отырған биліктің бұл санағы қайдан шыққан?!

Мұраға қалған «40 пайыз»...

Қазақты кеміткен «40 пайыздың» төркінін табу үшін біраз әдебиеттер мен интернетті ақтаруға тура келді. Сөйтсек, тәуелсіздік жылдары «қазақтың жартысына жуығы өз ана тілін білмейді» деп тұжырымдауға негіз боларлықтай қандай да бір ресми әлеуметтік зерттеу жүргізілмеген көрінеді. Ал, жоғарыдағы «40 пайыз» - Кеңес Одағынан мұраға қалған әлеуметтік зерттеудің қалдығы екен! 1989 жылы тұңғыш рет қазақ тіліне мемлекеттік статус берген Тілдер туралы заң қабылданды. Бұған разы болмаған кейбір келімсектер қазақ тілінің қарым-қатынас құралы ретіндегі ролін анықтау үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Кім біледі, сол кездегі санақ шынымен-ақ осылай болды ма, әлде, орыстан басқаның бәрін кеміту саясаты тағы қолданылып кетті ме, әйтеуір, 1989 жылғы зерттеу нәтижесінде «қазақ халқының 40 пайызы өз ана тілін білмейді» деген мәлімет тарады. Негізінен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ел ішін ұлтшылдық пен ұлттық жаңғыру процестері кернеген еді. Яки, «қала қазақтары» аталып жүргендердің өздері ана тілдеріне зер салып, балаларына да қазақы тәрбие беріп жатты. Оның үстіне ол кезең – нағыз ұлтқа бөлінген заман еді. Яки, өзге тілде шүлдірлеу – империалист, отарлаушы тілінде сөйлеу деп қабылданатын. Бірақ ол кездегі басшылықта өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан, «40 пайыздық» көрсеткіш қажет болды.
Бір қызығы, тәуелсіздік жылдары көпұлтты саясатпен қатар тарих қойнауына кетуі тиіс аталған санақ өшудің орнына, ұлты қазақ жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалардың аузынан қайта шығып, тағы бір «жаңғырды». Жалпы, өткен 17 жыл ішінде ештеңе де өзгермеген сияқты: сол 40 пайыздың ішіне кірген орыстілді аға ұрпақ өкілдері қартайып, өмір заңы болған соң, дүниеден өтпеген сияқты, оның ішіндегі жастардың беті бері қарап, мемлекеттік тілді меңгермеген сияқты... Қаз-қалпында қалған сан, әрине, күдік туғызады. Ең сорақысы – бұл санақ әлі күнге дейін биліктің аузынан түспейді. Қазақтың көп болуына мүдделі болуға міндетті билік қазақтың өзін ішінара бөліп отыр. Қазақтың дамып, өсіп-өркендеуіне, тіпті, нақты саясатпен айналысуына қолбайлау болып отырған басты проблема да – тіл мәселесі. Яки, қазірше, қазақтың саясатпен емес, тілдік проблемамен басының қатып отырғаны кейбіреуге қажет те шығар.
Өкініштісі сол, тіл жанашыры, экс-депутат Мұхтар Шаханов та тіл білмейтін қазақтар санын 2 миллион мен 3,5 миллион аралығында деп көрсетіп жүр. Мұхтар Шаханов бұл санақпен мәселенің өзектілігін көрсетумен қатар, бұған биліктің назарын аударуға тырысады. Бірақ, амал қанша, тіл мәселесін шешуге асыққан билік жоқ.
Толығырақ "Айқын" газетінің беттерінен оқи аласыз.

понедельник, 2 июня 2008 г.