пятница, 3 июля 2009 г.

Ғұндардың Еуропаны екінші рет билеуі
немесе қазақтар ЕҚЫҰ-ны басқаруға дайындалуда



АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буш өз сапарларының бірінде Австрия елін – Австралиямен шатастырып алғаннан бері жергілікті немістер «мәдени соғысқа» кіріскен сияқты. Олай дейтініміз, Венадағы сувенирлер сататын орындардан «Джордж, бізде кенгуру жоқ, біз – Австриямыз», «Оларда – кенгуру, бізде – сиыр» дегендей үндеуі бар спорттық киім-кешектерді жиі кездестіруге болады. Джордж Бушқа қарағанда, біздің қазақтар Австрияны ешбір елмен шатастырмас. Қазақтар үшін Австрия – Моцарттың Отаны, ЕҚЫҰ-ның негізгі офистерінің мекені және қашқын қылмыскер Рахат Әлиевтің жасырынған жері.

Қазақ төрағалығы – әлем назарында!

Таяуда ЕҚЫҰ хатшылығы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Орталық Азия журналистерін ЕҚЫҰ-мен таныстыру» жобасын жүзеге асырған еді. Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінен жалпы саны 14 журналист қатысқан жоба қазақ төрағалығының қарсаңында арнайы ұйымдастырылды. Аллаға шүкір, еліміз айтулы төрағалыққа өз деңгейінде дайындалып жатқаны байқалады. Бұған біз Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахмановпен өткен кездесуде көз жеткіздік. Ең алдымен, еліміздің тұрақты өкілдігі жаңа офиспен қамданып алған. Төрағалыққа байланысты қызметкерлер саны да көбейтілген. Оның үстіне Қазақстан мен шетелдегі қазақтарға, сондай-ақ, жалпы шетелдіктерге арналған жеке сайт ашылған. Бір қуантарлығы, сайт ең алдымен мемлекеттік тілде жүргізіле бастапты. Бұл да болса, өз елінде 67 пайыздан асқан қазақ ұлты мен сыртта жүрген 5 миллионнан астам қазақ диаспорасы үшін өте қуанышты жаңалық!
Қазақстан – ЕҚЫҰ-ны басқаратын алғашқы ТМД және Орталық Азия елі, тұңғыш мұсылман мемлекеті. Содан болар, еліміздің төрағалығы әлем назарын тек қана Қазақстанға ғана емес, аймақтағы мұсылман елдеріне де аударып отыр. Бір мысал, ЕҚЫҰ жанындағы дау-жанжалды алдын алу орталығының берген мәліметі бойынша, егерде 2003 жылы аймақтағы еркін бюджеттің 6 пайызы Орталық Азияға, ал 18 пайызы Кавказға бөлінсе, 2009 жылы бөлінген қаржының 13 пайызы Кавказ елдеріне, 16 пайызы Орталық Азияға бағытталыпты. Бірқатар сарапшылар Қазақстанның төрағалығынан мол үміт күтеді. Себебі ЕҚЫҰ-ның қазіргі жұмысына сынмен қарайтын елдер де жоқ емес. Кейбір саясаткерлер ЕҚЫҰ-ның көбіне-көп гуманитарлық саламен айналысып, әскери-саяси және экономикалық өлшемдер бойынша қордаланған мәселелерді шешуде дәрменсіздігі барын сын тезіне алады. Ал, Ресей тіптен бұл ұйымды түбегейлі реформалау қажеттігін алға тартумен келеді. Себебі Кеңес одағы құлағаннан кейін жаңа бағыттағы қауіпсіздік мәселелерін нығайту үшін қайта құрылған ұйымның әлі күнге дейін Жарғысы жоқ. Бұл тұста Қазақстан бұл ұйымға жаңа леп әкелумен қатар, құрылым мүшелігіндегі 56 мемлекеттің арасындағы диалог пен түсіністіктің артуына да сеп болуы тиіс.
Осыдан бір жарым жыл бұрын Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысына қатысқанымызда, бұл ұйымда үш негізгі «ойыншылардың» барын байқаған едік. Олар – Еуроодақ, Ресей және АҚШ. Қазір де жағдай көп өзгере қоймаған. ЕҚЫҰ-ны қаншалықты пікір-талас ұйымы десек те, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер бір топ боп, Ресей бастаған ТМД елдері бір топ боп өзара «шайқасады». Ал АҚШ-тың кімнің жағында екенін айтпаса да түсінікті. Әрине, мұнда Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері үшін басты өзекті мәселелер, бір жағынан, Батыс елдерімен пікір-таласта өз позицияларын айқын көрсете білумен қатар, екінші жағынан, Ресейдің ығында біржақты кетіп қалмау болып табылады. Бұл арада да Қазақстан төрағалығының маңызы зор. Ең бастысы, бауырлас Орталық Азия елдері еліміздің төрағалығы арқасында әлем назарын аймақтық проблемаларға бұруға болады деген сенімде. Аймақтағы бес мемлекеттің жан жарасына айналған Арал проблемасы да дәл осы төрағалықта жаһандық деңгейде көтеріліп, нақты шешімдерді талап етуі мүмкін. Бүгінде ЕҚЫҰ төрағалығының «үштігіне» кіретін Қазақстан бірқатар тың бастамалар мен жақсы идеяларды ұсынып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің келер жылы төраға ретінде көтеретін бастамалары аса өзекті әрі маңызды.
Жалпы айтқанда, айтулы шарада қазақ, қырғыз, тәжік журналистерінің ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен де кездесуге мүмкіндігі болды. Сондай-ақ, тілшілер БАҚ бостандығы мәселелері бойынша өкіл, экономикалық және экологиялық қызмет үйлестірушісі, Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкіл, т.б. азаматтармен кездесіп, пікір алмасты.

Қазақтың бәрі – Рахат емес,
Рахаттың өзі – Борат емес...

Қазақстан билігі қазақ брендін Астана атауы, Діндер съезі, ұлтаралық татулық пен достық негізінде қалыптастыруға талпынып-ақ келеді. Өкінішке қарай, сыртта «қазақ» десе еуропалық жастар атышулы фильмнен кейін «О, Борат!» дегенді жиі тілге тиек етсе, саясаттан хабары бар азаматтар «Рахат», «кітап» деген сөздерді ауызға алады. Кітап демекші, Қазақстанда сот үкімімен қылмыскер деп танылып, әлі күнге дейін жоғалған банкирлер жайлы тіс жармай отырған Рахат Әлиевтің «Өкіл әке» кітабы неміс тіліне аударылып, кітап сөрелерінде сатылып жатқанға ұқсайды. Жергілікті қазақтардың айтуынша, бұл кітапқа еуропалықтардың соншалықты көп қызығушылығы да жоқ екен. Ал Қазақстан тарапының арқасында Венаға ат басын тіреген қырғыз, тәжік журналистерін қашқын қылмыскер тақырыбы ерекше қызықтырғаны жасырын емес. Десе де, интернеттен Рахат Әлиевтің кітабын оқып шыққан тәжік журналистері «бұл кітапты түсінбей дал болдық, сол да кітап боп па?!» деп авторды сын тезіне алып отыр.
Венаны жайлаған қауесет сөздерге сенсек, қашқын жеке күзетімен «Бентли» көлігін мініп, шалқып жүргенге ұқсайды. Бірақ бұл да ұзаққа созылмайтын сияқты. Естеріңізге сала кетсек, кезінде Австрияда Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. «Нұрбанктің» бұрынғы төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева Венаға талай рет барып, әділдік іздеп жергілікті сот, прокуратура органдарының табалдырығын тоздырғаны белгілі. Армангүл Қапашева қылмыскердің елге қайтарылуын талап етуде. Венада белгілі болғанындай, таяу арада осы іске байланысты сот процесі жүргізіледі екен. Қылмыстық істің анық-қанығы сот үкімінен кейін белгілі болмақ.
Қалай десек те, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығынан кейін біздің елімізге алыс-жақын шетелдерде тек қана Рахат пен «Бораттың» Отаны ретінде қарамайтын шығар. Бұл төрағалық – осындай өкінішті имиджді өзгертуге бір мүмкіндік. Әрине, шетелде Қазақ мемлекеті мен Президенттің беделі өте жоғары. Бұны шетелдіктермен кездескенде еркін әңгімелерден айқын байқауға болады. Бұл орайда Қазақстанды тек Астана, Діндер съезі, Байқоңыр, мұнай сияқты ұғымдармен ғана байланыстырып қоймай, «Қазақ» брендінің аясын кеңейтіп, имидждік ұғымдар санын да көбейткен абзал. Бізде әлемге паш ететін ұлттық құндылықтарымыз көп-ақ. Ұлттық имиджіміздің нағыз кепілі – солар.

Алматы-Стамбұл-Вена-Стамбұл-Алматы

понедельник, 12 января 2009 г.

Мәсімов блогшы атанды, бірақ қазақшасы "жасанды"...



«Сәлеметсіз бе! Мен сізбен өзімнің жеке блогымда кездескеніме қуаныштымын» – деп, айқара бетін мемлекеттік тілде ашып тұрған Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жеке блогы осылайша ресми түрде тұсауын кесті. Блогтың қазақша амандасқанына қуаныштымыз-ау, бірақ орыс тіліндегі мәтіннің тура сол күйіндегі аудармасы орысша ойлайтындарға түсінікті болса да, қалың елім – қазекемге ұғынықты деу қиын...

Кезінде Кәрім Мәсімов өзі басқаратын мемлекеттік органдардың веб-сайттарын да сын тезіне алған еді. Олай болма қайтсін?! Мемлекеттік органдар түгілі, жеке саяси партиялардың сайттары да жедел жаңартыла бермейді. Сайттардың қазақша нұсқалары көбіне-көп «бар» деген аты үшін өмір сүреді. Шенеунік не саяси партия лидерінің интернет пайдаланушы жұртшылықпен байланыс орнатып, хат алмасқанын түсіңізде ғана көрерсіз?! Бұл тұста біздің Премьер-министрдің Дмитрий Медведев, Барак Обамалардан қалыспай, жеке блог ашып алғаны құптарлық. Әрине, Ресей президенті Д.Медведевтің блогымен салыстырғанда, Кәрім Мәсімовтің блогы президенттік емес, «премьерлік» деңгейде ғана: қарапайым, безендірілуі жұпыны, берілген ақпараты аз. Премьердің жалғыз суреті тұр, өмірбаяны екі тілде берілген. Десе де, бар басымдық – орыс тілінде. Оған «Интервью Премьер-министра», «Выступление Премьер-министра» деген видео-көрсетілімдер куә. «Приветствие» деген жердегі мына мәтінді оқып шығып, «түсінсем бұйырмасын» деген ойға келдік: «Бұл жобаның негізгі мақсаты – Үкіметтің қызметі мен елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қызықтыратын блог оқырмандарына сапалы да қызықты және пайдалы ақпараттарды қабылдауға ыңғайлы әрі жеңіл түрде беру»... Қазақтың тіл заңдылықтарын артқа ысырып, орысшасын сөзбе-сөз аударып берген. Мәтіннің ресми жағы да басым.

Қазірдің өзінде Премьердің блогы үлкен қызығушылық тудырып отыр. Премьердің блогына АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Украина, Грузия, т.б. елдердің блогшыларымен қатар, шетелдік қазақтар да өз пікірлерін көптеп жазып, жедел құттықтауларын жеткізген. Қызығы сол, интернет пайдаланушылар Премьер блогының «Сәлемдемесіне» ғана жарыса пікір жазыпты. Бүгінгі күні тіркелген пікір, тілек, сын-ескертпелердің жалпы саны – 123. Қазақ блогшылары блогтың қазақша мәтініне бірден назар аударған. Жанарбек деген блогшы былай жазады: «Блогтың тақырыбында Официальный блог Премьер-Министра Республики Казахстан деп жазылған, бұдан бұл блог ресми бас министрдің блогы екенін аңғаруға болады. Қазақстан тілдер туралы заңдарына сүйенсек, мемлекеттік ресми құжаттар мемлекеттік және ресми тілде болады. Яғни сіздің де блогыңыз мемлекеттік тілде болуы керек». Тіпті украиндық блогшы Dіxі: «Хм. Странно, почему вы ведете блог на русском языке. У нас и Премьер-министр и Президент – все на государственном языке разговаривают» – деп, бір түйрейді. Ал блогшы Бақытнұр: «Бас Министр, енді дұрыс болды. Қазақстанда 10 миллион, ал шетелде тұратын мен сияқты 5 миллион қазақ бар (әрине, өзіңізге де белгілі). Барлығымыз орысша біле бермейтіндіктен, блогыңызды қазақша қозғалта бастағаныңыз өте орынды деп санаймын» – деген тілегін білдіреді. Журналист блогшы Асхат Еркімбайдың жазғаны: «Блогыңыз құтты болсын! Тек неге орыс тілінде? сіз сонда бізбен қазақ тілінде өз ой-пікіріңізбен бөлісуге арланасыз ба? Естуімше, Сіз қазақ тілінен арнайы дәріс алып жүр деп естіген едім». Жалпы, Премьердің блогында осы тектес сын-ескертпелер өте көп. Нұрғиса деген блогшы өлеңдетіп барып: «Бізбен кеңес құр, көкем! Үкімет басқару бөтен де, блог басқару – бір бөтен» – депті. Бір қуантарлығы, интернет пайдаланушы қазақтар саны шетелде де, еліміздің өз ішінде де күн өткен сайын артып барады екен. Қазақ ойы, пікірі мен көзқарасы – Премьердің блогына жазылған мәтіндерден көрініп тұр. Тек ресми блогтың орысша жүргізілуі қазақтар түгілі, шетелдік блогшыларға да түсініксіз. Қазірше осы пікірлерді ескеріп, блогшылармен кері байланысқа шыққан премьеріміз көрінбейді.

Бет қатталып жатқанда, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің (http://prіmemіnіster.government.kz./) бүкіл министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшыларына қаңтардың аяғына дейін жеке блог ашуға тапсырма бергені белгілі болды. Өз сөзінде Үкімет басшысы: «Менің блогым небары 10 күн жұмыс істеп жатса да, мен өзім үшін біраз нәрсені ойға түйдім. Қызық сұрақтар көп қойылып жатыр» – деді. Сірә, Кәрім Қажымқанұлының ойға түйген мәселелерінің ішінде тіл проблемасы да бар ма екен?! Мұны қаңтардың аяғына дейін халық бақылайтын шығар.

четверг, 9 октября 2008 г.

Қазақ ұлтшылдары неге саяси карьера жасай алмайды?



Қазір әлемнің қай елін алсаңыз да, ұлтшылдардың дәуірі дүркіреп тұр. Көршілес Ресейдің өзінде Жириновский, Лужков, Дугин, Затулин сияқты саясаткерлердің ұлтшыл сипаттағы «саяси карьералары» алға басуда. Қазақстанда бәрі де керісінше: біз империя емеспіз, біздің қол астымызда мемлекеттер жоқ, біз халықаралық қауымдастық түгілі, өз еліміздің ішінде мемлекеттік ұстанымдарды өзге ұлт өкілдеріне мойындата алмай келеміз. Бұл тұста ел ішінен мемлекеттің заңды талаптарын – қазақ тілін білуді, мемлекетқұраушы ұлтты құрметтеуді, ішкі ұстанымдарға илануды үндейтін ұлтжанды азаматтар топ жарып шығады. Ең өкініштісі, өзге елдерге қарағанда, біздегі мемлекеттік мүддені көздейтін қазақ ұлтшылдары үлкен саясаттан өз орнын алып, саяси карьера жасай алмай жүр.

Билікте ұлтшыл болғанша, дүбәрә болу артық па?
Бәрі де миф! Көпұлттылық та, көпдінділік те! Көзбен көріп, қолмен ұстай алатын ақиқат біреу ғана. Ол – біз, қазақ ұлты. Біз тіріміз, бір бармыз! Қазақ ұлтының мақсат-мұраттарын, арман-тілектерін, ниет-дұғаларын Алла тағаладан тілеп, билікке де жеткізетін көзі ашық, елді алға жетелейтін ұлтжанды азаматтар тобының болуы заңдылық. «Орыс ұлтшылдары» дегенде, Жириновский бастаған Ресейдегі бір топ депутаттар мен министлерден бөлек, Қазақстандағы орыс-славян ұйымдарының басшылары Бунаков, Беляков, Климошенко, Лобановтардың аттары еріксіз еске түседі. «Қазақ ұлтшылдары» десек, үлкен саяси қызметтерде болып көрмеген, өмірінің соңғы 20 жылын ұлттық-патриоттық ұйымдардың маңайында өткізген азаматтар ойға оралады: марқұм Болатхан Тайжан, Әзімбай Ғали, Төлеген Әлжан, Дос Көшім, тағысын тағылары... Соңғы жылдары ұлттық мәселеге де саяси реңк беріп, ұлттық-патриоттық ұйымдардың ұстанымдарын қолдап келген саясаттанушы Берік Әбдіғалиев президент әкімшілігіне шақырылып, үлкен қызметке орналасқанда, халықтың жүрегіне үміт ұялады. Бұл жәйттің өзі екі нәрсені аңғартқан еді: біріншіден, ұлтжанды азаматтардың да тәуелсіздік жылдарынан бері тұңғыш рет биліктен қуылмай, керісінше, билікке тартылу үрдісін паш етсе, екіншіден, 17 жыл бойы кейінге шегеріліп келген ұлттық мәселені қолға алмаса, түбінде жақсылық болмайтынын сезген биліктің «қазақ жобасымен» айналысуға дайындығын көрсеткен сыңайлы. Ал өткен аптада Берік Әбдіғалиев Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры болып тағайындалды. Әрине, бұл қордың жұмысы мен жетістіктерін алдағы уақыт көрсетер. Десек те, бұл әрекет те биліктің кезекті науқаншыл саясаты болмағай деп тілеуден басқа амал жоқ. Өйткені осы күнге дейін елде талай саяси реформаларды сәтті жүргізіп, тіпті, оппозицияны сабасына түсіре білген биліктің мемлекеттік тіл саясатына келгенде, «саяси біліктілігін» жоғалтып, шарасыздықтың танытуы ойға қонымсыз.
Біздің билікте ұлтшыл болғанша, дүбәрә болу артық сияқты. Ең қызығы, балалары әртүрлі ұлт өкілдері болып табылатын (мұны ол өзі де жасырмайды авт.), отбасында православие мен исламды бірдей ұстанатын кейбір депутат апайларымыз кезінде журналистердің сыны мен зейнеткерлердің қарғысына ұшыраса да, биліктегі креслосын сақтап қалды, ал ұлт мәселесін Парламент мінберінен шыр-пыр болып көтерген Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшанға жаңа «бірпартиялы» Мәжілістен орын табылмады. Парламентті «іш пыстырудан» сақтап келген кейбір саяси шоумендер де үлкен саясаттан тыс қалды. Бұрын сынайтын депутаттарымыздың өзіне «бір партиялы Парламенттен кейін» зар боп қалған жайымыз бар.
Қазіргі депутаттар да тіл мен дін мәселесін жоғары мінберден көтергендей болады. Бірақ бұл бастамалар түгілі, депутаттың өзі халықтың есінде қала бермейді. Өйткені жасандылық басым. Нұротандықтардың ізін басқан жасотандықтардың өзіне де сенім аз. Парламентте жастар өкілі ретінде отырған үш депутаттың үшеуі де тілге шорқақ. Екеуі – «КВН»-ның тумасы. Біреуі басы дауға қалған кәсіпкер. Күлкілі ме? Жоқ. Өйткені бұл – біздің болашағымыз...
Ұлтшыл болмай ұлтты сақтау қиын
Әрине, ұлт мәселесін айтқанда, шовинизм мен таза ұлтшылдықтың ара-жігін ажыратып алу керек. Әлем елдері империялық амбицияларынан арылып, кезінде колонияға айналдырған мемлекеттерді тас бұғаудан босатып, еркіндікке жіберген тұста Ресейдің қол астында оннан аса ел, оның ішінде, мұсылман субьектілері болса да, әскери және саяси тұрғыдан әлсіздеу көршілес елдерге де сес көрсетіп, Батысқа тіс қайрап қоятын әдетін ұлтжандылыққа жатқызуға бола ма? Бұған қарсы жағдай: өз елінде тұрса да, байырғы ұлт болса да, өз ана тілін мемлекеттік деңгейге жеткізе алмай, өзі де мемлекетқұраушы ұлтқа айналып үлгермеген қазақтың ұлтшыл болуы заңды емес пе?!
Қазір Ресейді ұлтшылдар мен діншілдер басқарып отыр. Бұл тұста Жириновский – Қазақстанға, Лужков Украинаға қарыздар екені ақиқат. Қазақстанның солтүстік аймақтарын желеулетіп, Қырым мәселесін қоздырмағанда, Жириновский де, Лужков та империялық амбициясы қозып отырған Ресейде саяси карьера жасай алмас еді. Кім біледі, ондай жағдайда, Жириновскийдің аты Ресейдің емес, Израильдің тарихына ғана жазылар ма еді, ал Лужков небары 150 кепканың иегері ретінде көрші-қолаңның есінде қалар ма еді?!.. Ресей православиені берік ұстанатын жастарды да қолдап-қолпаштайды. Тәңірберген Бердіоңғаров сияқты шоу-бизнестен саясатқа келген Иван Демидов православие дінін жастар арасында насихаттауға білек сыбына кірісіп кеткен. Ал біздің жас депутаттар жастарды имандылыққа шақырмақ түгілі, өз ана тілдерін толыққанды білмейді.
Өкініштісі сол, бізде мемлекеттік мүдде деген сөз – ұлттық мүддеден гөрі билік мүддесі деген ұғыммен сабақтасып кеткен сияқты. Сондықтан үлкен саясатта да биліктің сойылын соққандардың айы оңынан туып жатады. Ұлт патриоттарының саяси карьера жасай алмайтындығының тағы бірнеше себебі бар. Біріншіден, ұлттық ұйымдар мен қозғалыстар басын біріктіріп, саяси партия құра алмай келеді. Себебі Қазақстанда ұлттық, діни сипатта партия құруға рұқсат жоқ. Кезінде Мұхтар Шахановтың «Халық рухы» партиясын құруға ниеттеніп, игі бастама көтергені сол-ақ екен, кейбір орыс-славян ұйымдары да «онда біз де партия құрамыз» деп сазарды. Игі бастама су сепкендей басылды. Екіншіден, аға ұрпақ өкілдерінен тұратын ұлт патриоттарының басын біріктірудің өзі қиын. Есімізде, Шелек оқиғасы болған тұста Қазақстандағы оннан аса ұлттық ұйым өкілдері тұңғыш рет басын біріктіріп, ортақ мәселе көтерген еді, әйтеуір, тиісті орындардың қысымы болды ма, ертесіне көбі айтқан сөзінен тайқып шықты. Үшіншіден, ұлттық-патриоттық ұйымдардың ішінде «көшбасшы мен боламын» дегендей бәсекелестік зор. Бұл тұста жоғары жақтың тапсырмасымен жұмыс істейтін «патриоттар» да жоқ емес сыңайлы. Қанша дегенмен, ұлттық-патриоттық ұйымдардың басым бөлігі – биліктің монополиясында. Бұл да қуатты күш, үлкен резерв. Халықтың көңіл-күйіне, ішкі сұранысына байланысты бұл резервтің де түптің түбінде бір мақсатқа жұмсалатыны сөзсіз. Мұндай болжамды кейбір сарапшылар да растайды. Яки, таза ұлтшылдар мен «жасанды ұлтшылдардың» да саяси карьера жасайтын уақыты алыс емес сияқты.
Қазіргі қазақ саясатының қоржыны өте жұпыны. Халықтың есінде қаларлық, көтерген мәселесімен елді елең еткізерлік саясаткерлер кемде-кем. Халықтың көкейінде – ұлт мүддесі ғана. Содан болар, қалың бұқара үлкен саясатта жүрген азаматтардан гөрі ұлттық-патриоттық ұйымдардың маңайында шоғырланған азаматтарды жақсы біліп-таниды. Ресейде жұрттың есінде қалатын саясаткерлер көп болғандықтан, ондағы әзіл-оспақ театрларының көбі саяси пародия, сатирамен айналысып, кәдімгідей бизнес жасайды. Түптің түбінде елде саяси пародияның болуы да сөз бостандығының бір көрсеткіші. Оның үстіне пародияны да кім көрінгенге жасамайды: тұлғаның халық алдындағы рейтингі мен танымалдылығы да жоғары болуы тиіс. Содан болар, қазірше пародистер нағыз қазақы азаматтар саналатын Иманғали Тасмағамбетов пен Бекболат Тілеуханға ғана пародия жасап жүр. Бұл да болса, «қазағым» деген азаматтардың саяси карьераларын сәтті жасай білгендігінің көрсеткіші шығар.
Түйін. Тіл мәселесі – әрі саяси науқаншылдықтың құрбаны болып, әрі саяси «қолшоқпар» қызметін атқарып та үлгерді. Әбден қадірі кетті. Биліктің тілге қатысты бастамаларына халықтың күдікпен қарайтыны да сондықтан. Ұлт патриоттарына ғана арқа сүйейетіні содан болар...
Толығырақ "Айқын" газетінен оқи аласыз.

"Дом-2" бағдарламасындағы керітартпалықтар



Жынойнақтың ордасы немесе Ресей прокуратурасының қаһарына ұшыраған «ДОМ-2» Қазақстанда неге қадағаланбайды?




Қазіргі Қазақстандағы электронды БАҚ-тар қалған-құтқан қоқыс заттары салынған жәшіктен аумайды. Көрерменге обал. Отандық телеарналар аудиторияның сұранысымен мүлдем санаспай жүр. Ал халқының 70 пайызы мұсылман саналатын мемлекетте Ресейден ағылған діліміз бен дінімізге жат, оның үстіне, мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын тарылтып отырған сериалдар мен ток-шоуларды көрсету қаншалықты орынды?! Жастарға арналған «Дом-2» реалти-шоуының елімізде көрсетіліп жатқанына да екі-үш жылдың жүзі болды. Кезінде Ресей прокуратурасының тексеруіне ұшырап, Мәскеу қалалық думасының сынынан кейін жабылудың сәл-ақ алдында қалған реалти-шоу Қазақстанның заңдарын да өрескел бұзуда. Бірақ біздің тиісілі орындар қазірше үнсіз.

«Дом-2» және «қылмыстық әлем»



Таяуда «Дом-2» реалити-шоуына қатысқан Оксана Аплекаева есімді қыз қаза тапты. Марқұмның денесі реалити-шоу түсіріліп жатқан Мәскеу облысының Истринский ауданында табылған көрінеді. Newsru.com порталының хабарлауынша, бұл жәйт шоу қатысушыларының зәресін ұшырып отырғанға ұқсайды. Олай болмаса қайтсін, «Дом-2» эфирге шыққалы бері оның аты тек қана қылмыс әлемімен байланыстырылып келеді. Оның бұрынғы қатысушыларының біразы әрқилы қылмыс түрлерін жасап, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан кездер де болған. Мәселен, 2005 жылы реалити-шоудың мүшесіне айналған Алексей Адеевті тура бағдарламаның түсірілімі кезінде полиция тұтқындаған. Алаяқты Смоленскіде тұратын көрермен танып, құзырлы орындарға хабарласқан көрінеді. Мұның артынша федералдық іздеу шаралары жарияланып, алаяқ дер кезінде тұтқындалған. Сот шешімімен Алексей Адеев 4,5 жылға бас бостандығынан айрылса да, өткен жылы мерзімінен бұрын босатылып, «Дом-2» реалити-шоуына қайта оралды. Бағдарламаның негізгі мақсаты ғашықтар арасында қарым-қатынас орнатып, оны халыққа паш ету болған соң, темір тордың ар жағынан келген жігітке дайын тұрған қыз да табылды. Қазір ол жігіт Наталья Варвина деген қызбен «махаббат» құруда. 2006 жылы шоудың тағы бір мүшесі Кирилл Комаровский да алаяқтық жасап, тұтқындалған болатын. 2007 жылы «Дом-2»-ның үшінші «өкілі» Вячеслав Попов есірткі саудасы үшін тұтқындалып, қылмыстық жазаға тартылды.
Бұл қатысушылардың ғана қылмысы, ал реалити-шоудың көрермендер санасына кері әсер етіп, оларды қылмысқа итермелеген жәйттер қаншама? Мәселен, 2007 жылдың күзінде Тюмень қаласында тұратын ер азамат өз әйелін азаннан кешке дейін «Дом-2»-ны «сүйсіне» көретіні үшін пышақтап өлтірген. «Дом-2» атымен байланысты тағы бір қылмыс Воронежде орын алған. Сөйтсе, бұл реалити-шоуға жас қыздармен танысу үшін нешетүрлі маньяктар да SMS-хатын жазатын көрінеді. Мәселен, 2005 жылы жұмыссыз жүрген Игорь Булак Дағыстаннан шыққан кәсіпкерді, оның әйелі мен 8 жасар баласын айуандықпен өлтірген. Кәсіпкердің үйінен бағалы зат таппаған жігіт қожайындардың ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Сол телефондардың бірінен жас қызбен танысу үшін «ТНТ» телеарнасының «Дом-2» бағдарламасына SMS-хат жазып жүрген. Дәл осы хаттар арқылы полиция қылмыскерді тауып, тергеу абақтысына жеткізген көрінеді. Сот үкімімен, Игорь Булак өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Осы тектес жәйттер Мәскеу думасы мен прокуратураны бей-жай қалдырмай отыр.
Кезінде Ресейдің бас прокуратурасы «Дом-2»-да эротикалық сипаттағы көріністердің бар-жоғын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізген болатын. Бірақ 2005 жылы ондай көріністердің жоқтығы анықталған еді. Бірақ қазіргі 2008 жылғы хабарларда ондай көріністер бар көрінеді. Бір рет прокуратураның тісі батпаған соң, өз ісіне өзі би болып алған бағдарлама ұйымдастырушылары жалаңаш денелерді көбірек көрсететін болды. Кезінде Мәскеу думасының депутаттары «Дом-2» реалити-шоуын жауып, бағдарлама жүргізушісі Ксения Собчакты сутенерлік әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартуды бірауыздан қолдаған еді. Бірақ Собчактың әулетті отбасынан шыққандығынан ба, әлде оның артында питерлік саяси күштер тұрғындықтан ба, әйтеуір, теле-жүргізуші бұл жағдайдан оңай құтылған еді. Ал депутаттар Ксения Собчакты «жеңгетайлықпен айналысты», «жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастырды», «сутенерлік жасады», «адамдардың коммерциялық мүдде үшін тәнін сатуға мәжбүрледі» дегендей айып таққан болатын. Бірақ «Дом-2» Ресейдің Гиннестер кітабына ене отырып, 4 жылдан бері ең ұзақмерзімді бағдарлама ретінде жалғасуда. Ресей прокуратурасы мен думасын шулатқан реалити-шоуды Қазақстанда да жастар көптеп көреді.

Қазақстан заңдарын бұзғаны үшін кім жауапты?



Елімізде сол баяғы – ұлттық идеологияның жоқтығынан отандық БАҚ-тар эфир уақытын толтыру үшін Ресейдің қалған-құтқан бағдарламаларын қазақ көрермендеріне тықпалаумен келеді. Отандық БАҚ-тарда «нені көрсетуге болады, нені көрсетпеу керек» дегендей ортақ ұстаным жоқ. Содан болар, елімізде шетелдік телеарналар көрсетілімінің ретрансляциясы 20 пайызға дейін қысқартылса да, 70 жыл бойы орыстың телевидениесіне тәуелді боп келген кейбір арна басшылары әлі де «бұл тәуелділіктен» қол үзгісі жоқ. Бұл тұста олар «Дом-2»-да отандық заңдар мен жергілікті ұстанымдарға оғаш келетін жәйттердің барын да елемей отыр. Ал аталған реалити-шоудың кінәраттары төмендегідей:
Біріншіден, «Дом-2» бағдарламасы ҚР-ның «Жарнама туралы» Заңын өрескел бұзуда. Бұл заңның 13-бабына сәйкес, темекi және темекi бұйымдарын; алкоголь өнiмiне, темекi және темекi бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әр түрлi iс-шаралар, соның iшiнде ұтыстар, лотереялар ойнату нысанында жарнамалауға тыйым салынады. Ал «Дом-2» өкілдері азаннан кешке дейін нешетүрлі темекі түрлерін шегіп, ашық түрде шылым тартуды жарнамалайды. Еркегі де, әйелі де таңсәріден түн жарымға дейін көк түтінді будақтатып, жастарға «темекі шегудің өте жарасымды» екенін көрсетеді.
Екіншіден, реалити-шоудағы жастардың әрекеті біздің қазақы салтымыз бен мұсылмандық ұстанымымызға қарсы келеді. Мәселен, «Дом-2»-да ортақ қонақүйден бөлек, «жас жұбайларға» арналған 4-5 үй бар. Әлі де үйленбеген, некесін қимаған жастар сол үйлер үшін бір-бірімен қырқысып, жеңгендері бірнеше ай сонда жатып шығады. Ең қызығы, жігіттер көбіне бір қызбен болған соң, онымен «ажырасып», жаңадан келген қыздарға көз салады. Мәселен, төрт жылдан бері осы шоуға қатысып келе жатқан Степан деген жігіт пәленбай қызды «жас жұбайлар үйіне» шақырып үлгерді. Ең сорақысы, бір жігіт тастаған қыз екінші жігітпен «махаббат құрып» кете барады. Бұл дегеніңіз, ауыр күнәлардың біріне жататын зинақорлықтың өзі емес пе?!
Үшіншіден, ұлының да, қызының да аузы ашыла қалса, нешетүрлі былапыт сөздер төгіледі. Шоуға қатысушылар өздеріне көрерменнің назарын аудартып, рейтингін жоғарылату үшін бір-біріне жаман сөз айтпақ түгіл, жеті атасына дейін санап береді. Қызбалалардың төбелесін осы шоудан күн-ара көре аласыз. Бір-бірінің шашын жұлып, бір-бірін «жезөкше» деп атап, қол көтермек былай тұрсын, аяғымен тепкілеу – олар үшін қалыпты жағдай. Ең қызығы, мұндай төбелестерді шоудағы жігіттер сүйсіне көреді. Қызбалаларды арашалап, қорғау деген жоқ. Керісінше, «ұр, ұр» деп ұрысты ушықтырады.
Төртіншіден, бұл бағдарламаға кезінде Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан атынан қатысқан қызбалалар да болды. Ең сорақысы, мұндай қыздардан кейін бауырлас үш елдің де абыройына қаяу түскендей еді. Әсіресе қырғыз қызының әрекеті адамды шошытты. Орыстың нешетүрлі сары Ивандарының мойнына жабысып, тәнін көрсету үшін ашық-шашық киініп, рейтинг үшін орынсыз күліп, жылап, айқайлап, ақырып-шақырып, масқарасы шықты. Қазақ пен өзбек елдерінен қатысқан орыс қыздары да «рейтинг» үшін талай күресті. Өзбекстаннан келген қыздың жолы болмады: бір жігітке ғашық болып, тіпті, отбасын құруды да армандап жүргенінде, ол жігіт... қызтеке боп шықты. Жалпы, бұл реалити-шоуда қызтекелер мен лесбиянкалар да жиі төбе көрсетіп тұрады.
Бесіншіден, «Дом-2»-ның астынан шығатын SMS-жазулары Қазақстанның «бейбітсүйгіш 130 ұлт өкілі мен 45 діни конфессиясының үндестігіне» саяси қаяу түсіретін сияқты. Қазақстанның тірегі, мемлекетқұраушы ұлт – қазақтың намысына тиетін SMS-тер де жоқ емес: «Познакомлюсь с уйгуркой», «Кавказцы – лучшие», «хочу турка», «русские, гды вы, звоните!» дегендей ұлтқа бөлген хаттар жиі келеді. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Хаттарды жазып жатқан – өз отандастарымыз. Өткенде, тіпті, «Сороколетний мужчина познакомиться с молодой девушкой» дегендей хатты көзіміз шалып қалды. Сондағы жаңағы 40-тағы кісі маньяк па, әлде ауру ма, түсінбедік. Бірақ ұлтқа бөлетін, зинақорлыққа шақыратын хаттардың дер кезінде ауыздықталғаны жөн.
Алтыншыдан, «Дом-2»-да әртүрлі байқаулар арқылы эротикалық сипаттағы көріністер де орын алып тұрады. Мәселен, қазір «НТК»-да реалити-шоудың бір-екі жыл бұрынғы хабарларын көрсетіп жатыр, онда да нешетүрлі жалаңаш жүретін адамдар жетіп артылады. Ал «ТНТ»-ның қазіргі хабарларын, яғни күні ертең Қазақстанда көрсетілетін бағдарламаны көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жақында «Дом-2»-да «Олимпиада красаты» деген байқау ұйымдастырылып, жас қыздар бас жүлдені алу үшін тыр жалаңаш шешінді. Ең сорақысы, жалаңаш бола тұрып, қыздар мен қыздар төбелес ойындарын ұйымдастырды. Бұны эротика деуге болмай ма?!
Жетіншіден, «Дом-2»-ның кейбір бұрынғы қатысушыларының электронды поштасына «ты заразила меня венерической болезнью» дегендей қоқан-лоққы сөздері де келетін көрінеді. Бұл «жас жұбайларға» арналған үйлерде әркіммен төсектес болудың салдары емес пе?! «Қызға қырық үйден тыю» деген атам қазақ. Нәпсісін тыя алмаған азғындар қалайша қазақ жастарына телевидение арқылы ақыл айтып, үлгі көрсетеді?!
Түйін. Ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік әсіресе жастарға арналған хабарларды сұрыптап беруден басталмай ма? Бұны бүгін тиісілі орындар қолға алмаса, ертең дүбәра ұрпақ, яғни, «Дом-2»-ның өкілдері сияқты шылым шегіп, зинақорлықпен айналысып, маңайындағылармен төбелесіп, ата-анасын құрметтемейтін қоғамға қауіпті адамдар шықпасына кім кепіл? Қанша дегенмен, шығыс адамдарына «батыстың нормалары» келе бермейді ғой...

пятница, 29 августа 2008 г.

Анкарадағы көріністер

Түркі басшыларына қойылған мемориалдық кешен. Шіркін, осындай кешенді күллі Алашорданың басшыларына қойса несі кетті?! Біз Алашорданы әлі де өз деңгейінде бағалай алмай жүрміз ғой...


Түркия астанасы Анкарадағы жасанды сарқырама. Айтпақшы, Анкараның Астанаға да ұқсастығы бар. Оларда да Бәйтерекке ұқсаған ғимарат бар. Оларда да этно-мәдени орталықтар баршылық. Бір қызығы, Анкараның "Бәйтерегі" осыдан оншақты жыл бұрын ашылыпты. Десе де, маған Астананың Бәйтерегі әлдеқайда жақын әрі биік көрінеді.

среда, 27 августа 2008 г.

Саяси қолшоқпар: "отандастар" мәселесі ме?



Батыс сарапшыларының үміті ақталмады: Ресей билігіне «қатал» Путиннен кейін келген «жұмсақ» Медведев ұлы державаға тән гегемониялық саясаттың жалғастығын аңғартып, көптен бері Кремльдің мазасын алған «батысшыл» Грузияның сазайын берді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері грузин елінің бас ауруына айналған Абхазия мен Оңтүстік Осетияның дауына Ресейдің өзі нүкте қойғандай сыңай танытып, қос мемлекеттің тәуелсіздігін таныды. Енді Кремль Украинаға да сес көрсетіп отыр. Ал біз ше? Посткеңестік кеңістіктегі өзге де мемлекеттерді енді не күтіп тұр? Қарт аюдың соңғы әрекеттері Қазақстанның көпвекторлы саясатын қайта қарауына ықпал етуі мүмкін бе?
Досынан жауы көп Ресей кімге қорған?

Кавказда тұтанған жер дауы әлемдегі Ресейге қатысты ұстанымдардың өзгергенін көрсетті. Тіпті, посткеңестік аймақтағы елдердің көбі бұл дауда Ресей жағын қолдаудан гөрі Батыстың позициясын мақұлдайтынын аңғартты. Күні кеше ғана орыс билігінен қорыққандықтан, оны қолдауға мәжбүр болып келген мемлекеттер бұл ретте үнсіздік танытты. Ал үнсіздіктің де өзіндік позиция екенін ескерсек, бұрынғы кеңестік аймақта Ресейді қолдаушылар саны күн өткен сайын азайып барады. Бұл тұста осетиндердің «Осетия – біртұтас!» деген ұраны барын еске түсірсек, Оңтүстік Осетия мен Ресей құрамындағы Солтүстік Осетияны біріктіру бастамасы түптің түбінде күн тәртібіне қойылуы мүмкін.
Грузиядағы соғыс кезінде бұл дауға Еуропалық одақ, АҚШ пен Франция, Германия басшылары белсене араласты. Және олардың бәрі дерлік Ресейдің позициясынан гөрі Грузияның біртұтастығын қолдады. Ал Ресей жағында кім бар еді?! ТМД ұйымына орыс елі неге иек арта алмады? Себебі КСРО-ның орнын басып, аймақтағы бұрнағы ықпалдастықты сақтап қалуға міндетті болған ТМД ұйымы өзін-өзі ақтай алмады, тәуелсіздік жылдарынан бері посткеңестік елдердің де Ресейден алшақтай түскендігі тағы бар. ТМД-дан Грузия шықты, Украина да бұл ұйымның мүшелігінен шығудың сәл-ақ алдында тұр. Бұрнағы жылдары қол астында болған мемлекеттердің бүгінгі күні мінез көрсетуін Ресей қабылдай алар емес. Егерде Кремль Грузияның сазайын беру үшін жер дауын пайдаланса, Украина жағдайында Қара теңіз портының мәселесімен қатар, отандастар проблемасын қоздырып отыр. Ғасырлармен үрей туғызуға машықтанып алған алып мемлекеттің билігі көршілес елдерді қалайша уысында ұстамақ? Кейбір сарапшылардың айтуынша, Путин көтеріп келе жатқан отандастар мәселесі ендігі кезекте қолға алынып, саяси ойындарда пайдаланылуы әбден мүмкін. Ресей шетелдегі орыс диаспорасына «үлкен ресурс» ретінде қарайтынын жасырмайды да. Бұл тұста ресми Мәскеудің үлкен ойындарда ТМД-дағы «орыс мәселесін» қоздырып жібермесіне кім кепіл?!
Егемендікке алғашқылардың бірі болып қол жеткізген Балтық жағалауы елдеріндегі ұлттық сілкініске шамданған Ресей халықаралық деңгейде дау көтеруге тырысса да, ақырында «отандастар мәселесімен» далада қалды. Латвия, Литва, Эстонияда орыс мектептері мен бала-бақшаларынан бастап, орысша БАҚ-тарға дейін жабылды. Эстонияда Кеңес әскеріне қойылған ескерткіш алынып тасталды. «Қарт аю» ұзақ ақырды, бірақ «ақырзаман» болмады. Бір айта кетерлігі, Ресей «отандастар мәселесіне» соңғы жылдары ғана көңіл аудара бастады. Сырттағы орыстарды қалай болған күнде де қорғайтынын білдірген бұрынғы президент Путиннен кейін таққа отырған Медведев те бұл саясатты жалғастыратынын аңғартып үлгерді. Осыдан бір жарым ай бұрын Ресейдің шетелдердегі 250 елшісімен кездескен президент Дмитрий Медведев: «Ресей демократиялық құндылықтар, оның ішінде адам құқының сақталуы мен бостандығын қолдай отырып, халықаралық нормаларға сай шетелде тұратын Ресей азаматтары мен отандастарының заңды құқын қорғауды міндет деп біледі, миллиондаған орыс диаспорасын – Орыс әлемін орыс тілі мен мәдениетін сақтаудағы әріптесі деп санайды» деп мәлімдеген еді. Шет мемлекеттеріндегі «асыра ұлтшылдықты» да сын тезіне алған президент отандастарын қорғайтын ел барын еске салған-ды. Ертесіне Медведев әлемдік орыстілді басылымдардың жиынына қатысып, кейбір елдерде орын алып жатқан орысша БАҚ-тарды қудалап, жабу әрекеттеріне тиісілі деңгейде жауап қайтара алатындарын жеткізген еді. Бұл жәйттердің өзі Ресейдің посткеңестік аймақтағы отандастарын сылтауратып, ТМД мемлекеттерін уысында ұстауға тырысатынын аңғартады. Ал бірақ ТМД елдерінде Ресейге резерв боларлықтай «отандастар» қалды ма? Және Ресейдегі орыстардан әлдеқайда жақсы тұратын Қазақстан мен өзге де ТМД елдерінде тұратын «отандастардың» өздері гегемониялық ойындардың құрбаны болуға дайын ба?! Қазақстандағы орыстар қазіргі жағдайына шүкіршілік етеді. Қазақ тілі мен қазақ халқының есебінен жүргізіліп жатқан баянды өмір мен бейбітшілік қазірше сыр бермеді. Десе де, қазақ ұлтшылдығы да өрістеу үстінде. Бұл тұста ұлттық саясаттың да жүзеге асар сәті өз кезегін күтуде.

Отандастар – саяси қолшоқпарға айнала ма?
Ресейлік отандастардың ата-баба жұртына көшуі Кеңес Одағы ыдыраған тұста басталды десек, бұл үлкен қателік болар. Кеңес Одағы дүркіреп тұрған заманда да көршілес елдерге күштеп жер аударылған, қудаланған орыстардың миграциясы тоқтамады. Посткеңестік елдер ішінде орыстардың Ресейге жаппай көшу үрдісі Кавказ елдерінен басталған еді. Кейбір деректерге сенсек, 1959-1988 жж. аралығында Кавказдан 359 мың орыс көшкен. Бүгінгі күні Грузияда – 70 мың орыс, Арменияда небары 30 мың «ресейлік отандас» қалған. Бұл Ресей жағының дерегі. Кавказ елдері бұл санаққа да сынмен қарайды. Есімізде, Грузияның НАТО-ға кіру мәселесі талқыланып жатқан тұста ресейлік басылымдар Грузиядағы орыс тілінің мүшкіл жағдайы мен отандастар мәселесі жайлы жарыса даулы мақалалар жазған еді. Украинадағы орыс проблемасына қатысты ресми Мәскеу талай алаңдаушылығын білдірді. Тіпті, кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің бәрі украин тілінде берілуі керек деген заңды талап күшіне енгенде, Ресейдің саясаткерлерінен бастап БАҚ өкілдеріне дейін үлкен дай-дамай көтерді.
Орталық Азия елдеріндегі орыс мәселесі де Кремльдің назарынан тыс қалған емес. Жалпы, бүгінде ТМД елдерінде 16 млн 400 мың орыс тұрады. Ал алыс шетелдерде тұратын ресейлік отандастар саны бұдан да асып түспек. Десе де, қазірше Ресейді АҚШ пен Еуропаға көшіп жатқан миллиондаған орыстардың тағдырынан гөрі посткеңестік елдерде қалған азды-кемді орыс диаспорасының мәселесі алаңдататын сияқты. Әрине, Ресейдің «отандастар ойынын» үлкен саясатқа араластыруы біздің елімізге де әсер етпей қоймас. Ал Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері ішінде Қазақстанда орыс-славян ұйымдарының тым көптігі ешкімге де жасырын емес. Бұл ұйымдардың ішінде реакцияшыл топтар бары тағы рас. Бірақ соңғы жылдары қазақтың ұлттық-патриоттық ұйымдарының да көбейгенін ескерсек, қарсыласуға дайын ұлттық топтар да жоқ емес. Тіпті, Ресейде жаңа президент сайланған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Дмитрий Медведевтің кездесуі қарсаңында Қазақстандағы орыс мәселесімен айналысып жүрген ұйым басшыларының бірі «бұл кездесуде орыс мәселесі талқыланбайды-ау» деген өкінішін ресейлік сайттарға білдірген еді. Қалай дегенмен де, Ресейдің қазақ жеріндегі «резерві» Кремльге қарап, бой түзеп отыр. Орыс мәселесін сырттан қоздыру – Ресейге де ұпай әкелмесі анық. Бауырлас мемлекет саналатын Беларусь пен Украина да Ресейден сырт айналып жатқа тұста, орыс елінің аймақта қалған соңғы әріптесі Қазақстан екені жасырын емес. Сарапшылар айтпақшы, Қазақстандағы келесі сайлауларда ұлттық мәселені көтерген партиялар мен саясаткерлер ғана ел алдында ұпай жинауы мүмкін. Ал бұл мүмкіндікті билік те, оппозиция да мүлт жібермесі анық. Бұл тұста Ресейдің өзіне Қазақстандағы орыс мәселесін көтеру тиімсіз болуы мүмкін. Себебі посткеңестік аймақта досынан жауы көп Ресей соңғы стратегиялық әріптесінен айрылғысы жоқ.
Әрине Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін тануы алып мемлекеттің басына да қатер төндіруі мүмкін. Әлемдік саяси аренада үлкен ойындар басталмақ. Бұл тұста Қазақстанның өзіне көпвекторлы саясатты ұстануы тиімсіз боп қалмасына кім кепіл? Мұны, әлбетте, алдағы күндер көрсетер.
Түйін. Ресейдің ТМД аумағында атымен жоқ «орыс мәселесін» қолдан жасап, қоздыруы мемлекетке зиянын тигізбесе, пайдасын әкелмейді. Тіпті, орыс тілінің жай-күйі Ресейдің өз ішіндегі автономиялық елдердің ұлттық тілдерінен артық жағдайда емес. Яки, Кремльге сырттан жау іздемегенше, ішкі жағдайға назар аудару керек. Түптің түбінде Ресей өзге елдерде «орыс мәселесін» қоздыру арқылы жергілікті мемлекеттерде ұлттық-патриоттық процестердің өрістеуіне септесіп жатыр.

пятница, 8 августа 2008 г.