четверг, 9 октября 2008 г.

Қазақ ұлтшылдары неге саяси карьера жасай алмайды?



Қазір әлемнің қай елін алсаңыз да, ұлтшылдардың дәуірі дүркіреп тұр. Көршілес Ресейдің өзінде Жириновский, Лужков, Дугин, Затулин сияқты саясаткерлердің ұлтшыл сипаттағы «саяси карьералары» алға басуда. Қазақстанда бәрі де керісінше: біз империя емеспіз, біздің қол астымызда мемлекеттер жоқ, біз халықаралық қауымдастық түгілі, өз еліміздің ішінде мемлекеттік ұстанымдарды өзге ұлт өкілдеріне мойындата алмай келеміз. Бұл тұста ел ішінен мемлекеттің заңды талаптарын – қазақ тілін білуді, мемлекетқұраушы ұлтты құрметтеуді, ішкі ұстанымдарға илануды үндейтін ұлтжанды азаматтар топ жарып шығады. Ең өкініштісі, өзге елдерге қарағанда, біздегі мемлекеттік мүддені көздейтін қазақ ұлтшылдары үлкен саясаттан өз орнын алып, саяси карьера жасай алмай жүр.

Билікте ұлтшыл болғанша, дүбәрә болу артық па?
Бәрі де миф! Көпұлттылық та, көпдінділік те! Көзбен көріп, қолмен ұстай алатын ақиқат біреу ғана. Ол – біз, қазақ ұлты. Біз тіріміз, бір бармыз! Қазақ ұлтының мақсат-мұраттарын, арман-тілектерін, ниет-дұғаларын Алла тағаладан тілеп, билікке де жеткізетін көзі ашық, елді алға жетелейтін ұлтжанды азаматтар тобының болуы заңдылық. «Орыс ұлтшылдары» дегенде, Жириновский бастаған Ресейдегі бір топ депутаттар мен министлерден бөлек, Қазақстандағы орыс-славян ұйымдарының басшылары Бунаков, Беляков, Климошенко, Лобановтардың аттары еріксіз еске түседі. «Қазақ ұлтшылдары» десек, үлкен саяси қызметтерде болып көрмеген, өмірінің соңғы 20 жылын ұлттық-патриоттық ұйымдардың маңайында өткізген азаматтар ойға оралады: марқұм Болатхан Тайжан, Әзімбай Ғали, Төлеген Әлжан, Дос Көшім, тағысын тағылары... Соңғы жылдары ұлттық мәселеге де саяси реңк беріп, ұлттық-патриоттық ұйымдардың ұстанымдарын қолдап келген саясаттанушы Берік Әбдіғалиев президент әкімшілігіне шақырылып, үлкен қызметке орналасқанда, халықтың жүрегіне үміт ұялады. Бұл жәйттің өзі екі нәрсені аңғартқан еді: біріншіден, ұлтжанды азаматтардың да тәуелсіздік жылдарынан бері тұңғыш рет биліктен қуылмай, керісінше, билікке тартылу үрдісін паш етсе, екіншіден, 17 жыл бойы кейінге шегеріліп келген ұлттық мәселені қолға алмаса, түбінде жақсылық болмайтынын сезген биліктің «қазақ жобасымен» айналысуға дайындығын көрсеткен сыңайлы. Ал өткен аптада Берік Әбдіғалиев Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры болып тағайындалды. Әрине, бұл қордың жұмысы мен жетістіктерін алдағы уақыт көрсетер. Десек те, бұл әрекет те биліктің кезекті науқаншыл саясаты болмағай деп тілеуден басқа амал жоқ. Өйткені осы күнге дейін елде талай саяси реформаларды сәтті жүргізіп, тіпті, оппозицияны сабасына түсіре білген биліктің мемлекеттік тіл саясатына келгенде, «саяси біліктілігін» жоғалтып, шарасыздықтың танытуы ойға қонымсыз.
Біздің билікте ұлтшыл болғанша, дүбәрә болу артық сияқты. Ең қызығы, балалары әртүрлі ұлт өкілдері болып табылатын (мұны ол өзі де жасырмайды авт.), отбасында православие мен исламды бірдей ұстанатын кейбір депутат апайларымыз кезінде журналистердің сыны мен зейнеткерлердің қарғысына ұшыраса да, биліктегі креслосын сақтап қалды, ал ұлт мәселесін Парламент мінберінен шыр-пыр болып көтерген Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшанға жаңа «бірпартиялы» Мәжілістен орын табылмады. Парламентті «іш пыстырудан» сақтап келген кейбір саяси шоумендер де үлкен саясаттан тыс қалды. Бұрын сынайтын депутаттарымыздың өзіне «бір партиялы Парламенттен кейін» зар боп қалған жайымыз бар.
Қазіргі депутаттар да тіл мен дін мәселесін жоғары мінберден көтергендей болады. Бірақ бұл бастамалар түгілі, депутаттың өзі халықтың есінде қала бермейді. Өйткені жасандылық басым. Нұротандықтардың ізін басқан жасотандықтардың өзіне де сенім аз. Парламентте жастар өкілі ретінде отырған үш депутаттың үшеуі де тілге шорқақ. Екеуі – «КВН»-ның тумасы. Біреуі басы дауға қалған кәсіпкер. Күлкілі ме? Жоқ. Өйткені бұл – біздің болашағымыз...
Ұлтшыл болмай ұлтты сақтау қиын
Әрине, ұлт мәселесін айтқанда, шовинизм мен таза ұлтшылдықтың ара-жігін ажыратып алу керек. Әлем елдері империялық амбицияларынан арылып, кезінде колонияға айналдырған мемлекеттерді тас бұғаудан босатып, еркіндікке жіберген тұста Ресейдің қол астында оннан аса ел, оның ішінде, мұсылман субьектілері болса да, әскери және саяси тұрғыдан әлсіздеу көршілес елдерге де сес көрсетіп, Батысқа тіс қайрап қоятын әдетін ұлтжандылыққа жатқызуға бола ма? Бұған қарсы жағдай: өз елінде тұрса да, байырғы ұлт болса да, өз ана тілін мемлекеттік деңгейге жеткізе алмай, өзі де мемлекетқұраушы ұлтқа айналып үлгермеген қазақтың ұлтшыл болуы заңды емес пе?!
Қазір Ресейді ұлтшылдар мен діншілдер басқарып отыр. Бұл тұста Жириновский – Қазақстанға, Лужков Украинаға қарыздар екені ақиқат. Қазақстанның солтүстік аймақтарын желеулетіп, Қырым мәселесін қоздырмағанда, Жириновский де, Лужков та империялық амбициясы қозып отырған Ресейде саяси карьера жасай алмас еді. Кім біледі, ондай жағдайда, Жириновскийдің аты Ресейдің емес, Израильдің тарихына ғана жазылар ма еді, ал Лужков небары 150 кепканың иегері ретінде көрші-қолаңның есінде қалар ма еді?!.. Ресей православиені берік ұстанатын жастарды да қолдап-қолпаштайды. Тәңірберген Бердіоңғаров сияқты шоу-бизнестен саясатқа келген Иван Демидов православие дінін жастар арасында насихаттауға білек сыбына кірісіп кеткен. Ал біздің жас депутаттар жастарды имандылыққа шақырмақ түгілі, өз ана тілдерін толыққанды білмейді.
Өкініштісі сол, бізде мемлекеттік мүдде деген сөз – ұлттық мүддеден гөрі билік мүддесі деген ұғыммен сабақтасып кеткен сияқты. Сондықтан үлкен саясатта да биліктің сойылын соққандардың айы оңынан туып жатады. Ұлт патриоттарының саяси карьера жасай алмайтындығының тағы бірнеше себебі бар. Біріншіден, ұлттық ұйымдар мен қозғалыстар басын біріктіріп, саяси партия құра алмай келеді. Себебі Қазақстанда ұлттық, діни сипатта партия құруға рұқсат жоқ. Кезінде Мұхтар Шахановтың «Халық рухы» партиясын құруға ниеттеніп, игі бастама көтергені сол-ақ екен, кейбір орыс-славян ұйымдары да «онда біз де партия құрамыз» деп сазарды. Игі бастама су сепкендей басылды. Екіншіден, аға ұрпақ өкілдерінен тұратын ұлт патриоттарының басын біріктірудің өзі қиын. Есімізде, Шелек оқиғасы болған тұста Қазақстандағы оннан аса ұлттық ұйым өкілдері тұңғыш рет басын біріктіріп, ортақ мәселе көтерген еді, әйтеуір, тиісті орындардың қысымы болды ма, ертесіне көбі айтқан сөзінен тайқып шықты. Үшіншіден, ұлттық-патриоттық ұйымдардың ішінде «көшбасшы мен боламын» дегендей бәсекелестік зор. Бұл тұста жоғары жақтың тапсырмасымен жұмыс істейтін «патриоттар» да жоқ емес сыңайлы. Қанша дегенмен, ұлттық-патриоттық ұйымдардың басым бөлігі – биліктің монополиясында. Бұл да қуатты күш, үлкен резерв. Халықтың көңіл-күйіне, ішкі сұранысына байланысты бұл резервтің де түптің түбінде бір мақсатқа жұмсалатыны сөзсіз. Мұндай болжамды кейбір сарапшылар да растайды. Яки, таза ұлтшылдар мен «жасанды ұлтшылдардың» да саяси карьера жасайтын уақыты алыс емес сияқты.
Қазіргі қазақ саясатының қоржыны өте жұпыны. Халықтың есінде қаларлық, көтерген мәселесімен елді елең еткізерлік саясаткерлер кемде-кем. Халықтың көкейінде – ұлт мүддесі ғана. Содан болар, қалың бұқара үлкен саясатта жүрген азаматтардан гөрі ұлттық-патриоттық ұйымдардың маңайында шоғырланған азаматтарды жақсы біліп-таниды. Ресейде жұрттың есінде қалатын саясаткерлер көп болғандықтан, ондағы әзіл-оспақ театрларының көбі саяси пародия, сатирамен айналысып, кәдімгідей бизнес жасайды. Түптің түбінде елде саяси пародияның болуы да сөз бостандығының бір көрсеткіші. Оның үстіне пародияны да кім көрінгенге жасамайды: тұлғаның халық алдындағы рейтингі мен танымалдылығы да жоғары болуы тиіс. Содан болар, қазірше пародистер нағыз қазақы азаматтар саналатын Иманғали Тасмағамбетов пен Бекболат Тілеуханға ғана пародия жасап жүр. Бұл да болса, «қазағым» деген азаматтардың саяси карьераларын сәтті жасай білгендігінің көрсеткіші шығар.
Түйін. Тіл мәселесі – әрі саяси науқаншылдықтың құрбаны болып, әрі саяси «қолшоқпар» қызметін атқарып та үлгерді. Әбден қадірі кетті. Биліктің тілге қатысты бастамаларына халықтың күдікпен қарайтыны да сондықтан. Ұлт патриоттарына ғана арқа сүйейетіні содан болар...
Толығырақ "Айқын" газетінен оқи аласыз.

Комментариев нет: