четверг, 3 июля 2008 г.

Түркияда 20 мыңнан астам қазақ тұрады!


«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қазақ даналығы тектен-текке өсиеттемесе керек. Қуғын-сүргін, жаппай репрессия, аштық және соғыс жылдары бала-шағасының шыбын жаны үшін елден жыраққа кетуге мәжбүр болған қазақтың қазіргі ұрпағы Еуропа елдеріне тарыдай шашылған. Күллі әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс Түркияда тұратын қазақтарды да шарпымай өтпепті. Тері өндірісінің арқасында 90-жылдары шалқып өмір сүрген қандастарымыз қазір бастарынан қиын-қыстау күндерін өткізіп жатыр. Ал түркиялық ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара әлсіз диаспораның ешбір елге керегі жоқтығын өкінішпен айтады. Бұл тұста қазақтың үлкен саясатта жоқтығына, тіптен ел тыңдайтын бірде-бір депутаттың шықпағанына қынжылады.
«Жалғыз ұлды қазақ қылам деп, жер жаннатын тастадым...»
Өткен жылы Түркияға ат ба­сын тірегенімізде, Ыстамбұлдағы қазақ қауымдастығының төраға­сы Дәруіш Қылыш түрік елінде жал­пы саны 21500-22000 қанда­сы­мыз тұратыны жайлы мәлімет кел­тірген еді. Оның ішінде Ыстам­бұлдың Зейтінбұрны ауданында – 13400, Гүлеш ауданында – 6000, Сапагөй, Шекпенжер аудан­дарын­да – 1500-2000, Измирде – 1000 қазақ тұрады деп топшы­ла­ған. Биылғы санаққа сенсек, қа­зақ­тар ең көп шоғырланған Зей­тін­бұрны ауданындағы 13400 қа­зақ­тың саны 10000-ға дейін қыс­қарып­ты. Оған басты себеп, Түр­кия­дан Қазақ­стан­ға жылына 50 от­басы қоныс ау­дарады екен. 2002 жылы Алматыға көшіп кел­ген Зылиха Қылыш елге қайта­мыз деп небір қиын-қыстау күн­дерін бастарынан өткізгенін жа­сырмайды. Түрік еліне емделуге кел­ген қандасымыз былай дейді: «Менің отбасым Үндістанның Кашмир деген жерінен Түркияға 1969 жылы қоныс аударған еді. Әкем марқұм көзі тірісінде «Біз қазақпыз! Ертең елдеріңді табың­дар, балаларым!» деп құлағы­мыз­ға сіңіре беретін. Жолдасым да ұлтшыл азамат. Түркияда тұрып жатып, жұмыс бабымен Лондонға аттандық. Түбінде елге көштік. Кейбір кезде туыстарымыз «Лон­дондай қаланы қалай ғана қиып кет­тіңіздер» деп сұрайды. Сонда жол­дасым «жалғыз ұлды қазақ қы­лам деп, жер жаннатын таста­ған­дай болдық. Бірақ нағыз жер жаннаты – туған жер ғой» дейді. Аллаға шүкір, қазір ұлымыз нағыз қазақ болды!» – деп мақтанышын жеткізеді. Ыстамбұлдағы көп бөлмелі үйлерін 50 мың долларға сатып кеткен отбасы Алматыда үй қымбатшылығына душар бо­лып, 140 мың долларға екі бөлмелі үйді несиеге алуға мәжбүр болған екен. Қандастарымыз оралман­дық квотаға соңғылардың бірі болып ілігіп, Шелек ауылының Нұр­лы кентінен де жер үй алады. Бірақ жалғыз ұлдары қалада оқы­ған соң, жер үйлерін Қытайдан көшіп келген бауырларына бер­ген екен. Өз сөзінде Зылиха Қы­лыш: «Біз көшкен жылдары на­ғыз қиыншылық басталды. Оқу мен үй қымбаттады. Бірақ бәріне төз­дік. Құдайға шүкір, баламыз жұ­мысқа орналасқаннан кейін жағ­дайымыз жақсара бастады», – дей­ді. Қандасымыздың айтуын­ша, бүгінде Алматыда Түркиядан көшкен 70-ке жуық отбасы тұра­ды екен. «Қазір біз шағын бөлмелі үйлерде тұрып жатырмыз. Ал бізге Түркиядан, Германиядан қонақ келмей ме? Бізге мемлекет алыс­тан жер үй бермей-ақ қой­сын, тек оралмандар жағдайын ойлап, пайызы өспейтін үй берсе ғой. Әйтпесе біз пәленбай пайыз­бен үйдің құнын еселеп төлеп отыр­мыз», – дейді Зылиха апай. Қазір қандасымыз Алматы­ның нағыз патриот тұрғынына ай­­­налғ­ан. Ол кісінің «ой, Алма­ты көшелерінде де кептеліс көп» де­гендей сөздерін түркиялық туыс­тары түсіне бермейді. Зылиха апай нағыз алматылықтардай сөй­лей бастаған. Өзі де көркейіп жат­қан қаласын мақтан тұтады. «Ал­матының ауа райы маған жай­лы, Ыстамбұлға келсем, ауы­ра­­тын боппын» дейді. Түркиядан туған жеріне көшкен бір қазақ­тың тағдыры осындай.

Қазақ журналистері - Түркия президентінің қабылдауында


Қазақстаннан Түркияға барған 15 шақты журналист түрік басшысы Абдолла Гүлмен кездесіп, сұхбаттасты. Кездесу соңында біз президент мырзаға қазақша шапан жауып, қолына қамшы ұстаттық. Абдолла Гүл дән риза болды. Бұл мен үшін ерекше оқиға еді. Себебі мен тұңғыш рет президенттен сұхбат алған едім. Айтпақшы, төменгі суретте президент менен қамшы жайлы сұрап жатыр. Президент өте қарапайым азамат екен. Менің қазақшамды жақсы түсінді.