
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қазақ даналығы тектен-текке өсиеттемесе керек. Қуғын-сүргін, жаппай репрессия, аштық және соғыс жылдары бала-шағасының шыбын жаны үшін елден жыраққа кетуге мәжбүр болған қазақтың қазіргі ұрпағы Еуропа елдеріне тарыдай шашылған. Күллі әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс Түркияда тұратын қазақтарды да шарпымай өтпепті. Тері өндірісінің арқасында 90-жылдары шалқып өмір сүрген қандастарымыз қазір бастарынан қиын-қыстау күндерін өткізіп жатыр. Ал түркиялық ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара әлсіз диаспораның ешбір елге керегі жоқтығын өкінішпен айтады. Бұл тұста қазақтың үлкен саясатта жоқтығына, тіптен ел тыңдайтын бірде-бір депутаттың шықпағанына қынжылады.
«Жалғыз ұлды қазақ қылам деп, жер жаннатын тастадым...»
Өткен жылы Түркияға ат басын тірегенімізде, Ыстамбұлдағы қазақ қауымдастығының төрағасы Дәруіш Қылыш түрік елінде жалпы саны 21500-22000 қандасымыз тұратыны жайлы мәлімет келтірген еді. Оның ішінде Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданында – 13400, Гүлеш ауданында – 6000, Сапагөй, Шекпенжер аудандарында – 1500-2000, Измирде – 1000 қазақ тұрады деп топшылаған. Биылғы санаққа сенсек, қазақтар ең көп шоғырланған Зейтінбұрны ауданындағы 13400 қазақтың саны 10000-ға дейін қысқарыпты. Оған басты себеп, Түркиядан Қазақстанға жылына 50 отбасы қоныс аударады екен. 2002 жылы Алматыға көшіп келген Зылиха Қылыш елге қайтамыз деп небір қиын-қыстау күндерін бастарынан өткізгенін жасырмайды. Түрік еліне емделуге келген қандасымыз былай дейді: «Менің отбасым Үндістанның Кашмир деген жерінен Түркияға 1969 жылы қоныс аударған еді. Әкем марқұм көзі тірісінде «Біз қазақпыз! Ертең елдеріңді табыңдар, балаларым!» деп құлағымызға сіңіре беретін. Жолдасым да ұлтшыл азамат. Түркияда тұрып жатып, жұмыс бабымен Лондонға аттандық. Түбінде елге көштік. Кейбір кезде туыстарымыз «Лондондай қаланы қалай ғана қиып кеттіңіздер» деп сұрайды. Сонда жолдасым «жалғыз ұлды қазақ қылам деп, жер жаннатын тастағандай болдық. Бірақ нағыз жер жаннаты – туған жер ғой» дейді. Аллаға шүкір, қазір ұлымыз нағыз қазақ болды!» – деп мақтанышын жеткізеді. Ыстамбұлдағы көп бөлмелі үйлерін 50 мың долларға сатып кеткен отбасы Алматыда үй қымбатшылығына душар болып, 140 мың долларға екі бөлмелі үйді несиеге алуға мәжбүр болған екен. Қандастарымыз оралмандық квотаға соңғылардың бірі болып ілігіп, Шелек ауылының Нұрлы кентінен де жер үй алады. Бірақ жалғыз ұлдары қалада оқыған соң, жер үйлерін Қытайдан көшіп келген бауырларына берген екен. Өз сөзінде Зылиха Қылыш: «Біз көшкен жылдары нағыз қиыншылық басталды. Оқу мен үй қымбаттады. Бірақ бәріне төздік. Құдайға шүкір, баламыз жұмысқа орналасқаннан кейін жағдайымыз жақсара бастады», – дейді. Қандасымыздың айтуынша, бүгінде Алматыда Түркиядан көшкен 70-ке жуық отбасы тұрады екен. «Қазір біз шағын бөлмелі үйлерде тұрып жатырмыз. Ал бізге Түркиядан, Германиядан қонақ келмей ме? Бізге мемлекет алыстан жер үй бермей-ақ қойсын, тек оралмандар жағдайын ойлап, пайызы өспейтін үй берсе ғой. Әйтпесе біз пәленбай пайызбен үйдің құнын еселеп төлеп отырмыз», – дейді Зылиха апай. Қазір қандасымыз Алматының нағыз патриот тұрғынына айналған. Ол кісінің «ой, Алматы көшелерінде де кептеліс көп» дегендей сөздерін түркиялық туыстары түсіне бермейді. Зылиха апай нағыз алматылықтардай сөйлей бастаған. Өзі де көркейіп жатқан қаласын мақтан тұтады. «Алматының ауа райы маған жайлы, Ыстамбұлға келсем, ауыратын боппын» дейді. Түркиядан туған жеріне көшкен бір қазақтың тағдыры осындай.
1 комментарий:
Түркияның елбасы және оның қасында күлімдеген қазақ журналисі. Әдемі сюжет екен. Өркен өсіп, табыстарың еселене түссін, Кәмшат! Қашанда қаламың арда қазағыңа ұрымтал ақпарды жеткізуші айбарлы серігің болғай! Мықты жазасың.
Отправить комментарий