суббота, 16 февраля 2008 г.

Қазақ тілін кім оқытты екен...

Мектепте қазақ тілін жақсы меңгермеген оқушылар министр болған тұсында репетитор жалдап, мемлекеттік тілді қайта оқуға мәжбүр. Кейбір министрлер мен әкім-қаралар тілді меңгеруді парыз деп білсе, кейбірі мектепте сабақтан қашқандай тілді тиіп-қашып үйренеді екен. Біз кезінде бірқатар министрлер мен әкімдерге қазақ тілі пәнінен сабақ берген репетитор-ұстаздарды тауып, олардың бағасын білуге тырысқан едік.Премьер-министр Кәрім Мә­сімов қытай және орыс тілдерін жетік білсе де, мемлекеттік тілді әлі де толыққанды меңгере алмай жүргені анық. Оның өз баян­да­маларын ежіктеп оқығаны еріксіз бастауыш кластағы баланың жағ­дайын көзге елестететіндей. Бір қы­зы­ғы, Мәсімов қазақ аталғалы бе­рі оның қазақ тілін білуі заңды бол­уы тиіс-тін, десек те, қызығы сол, интернеттегі мәліметтер бо­йын­ша, ол кісі қазақ тілінен гөрі ұй­ғыр тілін жақсы меңгерген кө­­рі­неді. Жалпы, қазаққа диаспора ті­лін білу міндет емес қой, міндет – мемлекеттік тілді білу. Пре­зи­дент­тің талабы бо­йын­ша, бүгінде бар­лық ірілі-кішілі шенеуніктер мемлекеттік тілді мең­геріп жатыр. Олардың ішінде Үкі­меттің қазіргі басшысы Кәрім Мә­сімов те бар. Кезінде премьер-министрге қа­зақ тілін үйреткен филолог-ма­ман Қарлығаш Сәре­ке­нова Мә­сі­мовтің мемлекеттік тіл­ді бі­летінін айтады. «Тек көпшілік ішін­де қиналып қа­ла­тыны бол­ма­са, Мәсімовті мүлде қазақ тілін біл­мейтіндердің қа­тарына жат­қызуға болмайды» – дейді репе­ти­тор. Қазақ тілінен премьерге он шақты сабақ берген ұстаз тәлімгер жайлы былай дей­ді: «Мәсімов – өте ынталы, өз-өзі­не өте қатал та­лап қоятын, білу­ге ұм­тылатын аза­мат екенін бай­қа­дым. Негізі, ол кісі жеке отыр­ған­да, қазақша сөй­лей алады. Тек көп­ші­лік ішінде сәл қобалжи­ты­ны бар» – дейді. Бір айта кетер­лі­гі, Кәрім Мәсімов үй тап­сыр­ма­ла­рын Пре­зи­денттің тапсыр­ма­сын­дай бұл­жыт­пай орындауға тыры­сады екен. Ал үй тапсыр­ма­лары­на қазақша сөздер жаттау, сөй­лемдер құрастыру, бір та­қы­рып­қа әңгіме дайындап келу, т.б. кі­реді. Кейбір саяси сарап­шылар мен саясаткерлер премьердің билікте отырған бір жылдығына орай Үкімет жұмы­сы­на «үш» деген баға беріп жүр­гені белгілі. Ал біз Мәсімовтің тіл үйренудегі бағасын сұрағаны­мыз­да қазақ тілінің оқытушысы: «Мен тіл үйреткенде баға қоймай­мын», – деді. Тіл үйретуші баға қоймаға­ны­мен, Мәсімовтің қазақшасын жақсы білетін қауым оның тілдік көрсеткішін сарап­шылар­дың Үкі­мет­ке қойған бағасынан асып кет­пегенін түсінсе керек. Тіл үйрену қанша тұрады? Қазақстанда ағылшын тілін үйрену кем дегенде сағатына 3 мың теңгеден асады. Ал, мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйрететін курстар өте арзан. Мәселен, отандық министрлер қазақ тілі дәрісінің сағатына небары 2 мың теңге төлейтін көрінеді. Ал тіл үйренуге құйылған қаржы – келешекке құйылған оңтайлы инвестиция.Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Ермұхаммет Ертісбаевқа ша­мамен осыдан 4-5 жыл бұрын са­бақ берген филология ғылым­дары­ның докторы, доцент Сар­қыт Әлісжанов өз шәкіртінің тіл­ге икемділігін баса айтады. Бір ға­н­а өкініші, Ертісбаев Сарқыт Қа­лымұлынан бір-екі рет қана дә­ріс алыпты. Оған да себеп жоқ емес. Ол кезде Президент ап­пара­ты­ның ішкі саясат бөлімінің мең­геру­шісі қызметін атқарған Ер­мұхаммет Ертісбаев қызметін ауыс­тырған тұста ұстаз бен шәкірттің жұбы ажырап кетеді. Тіл маманы шәкіртінің мінез-құл­қы жайлы былай дейді: «Сабақ беру кезінде байқағаным, ол кісі өте ширақ, ынта-ықыласы зор, қазақ тіліне икемі бар азамат екен, – дей келе, – лауазымды тұл­ғалардың жұмысы өте қар­балас ғой. Ол кісінің қызметі ауыс­қан соң, бір-бірімізді таба ал­май қалдық. Кейін Ертісбаевқа са­бақ­ты кім бергенін білмеймін, бі­рақ қазақша баяндама жасап, кә­дімгідей сөйлеп жүр ғой», – деп сө­зін түйіндеді ұстаз. Кезінде елі­мізде Мем­ле­кет­тік тілді жеделде­тіп оқытатын рес­публикалық ор­талық ашылға­ны ел есінде. Оның да басты мақ­сат­тарының бірі – жоғары қыз­мет­те отырған «шала қа­зақтар» санатына еніп кеткен тұл­ғаларға мемлекеттік тілді үй­рету еді. Бұл тұста филолог-ма­ман Сарқыт Қалымұлы Пре­зи­дент әкімші­лі­гін­­де қызмет ететін бірқатар лауа­зым­ды тұлғаларға са­бақ беріп, тіл­дерін икемге кел­ті­ріп, беттерін ана тіліне бұ­рып-ақ берген. Ол үшін үлкен ал­ғыс, әрине.Бүгінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беретін филолог Гүлбағира Төртқарина Оңтүстік Қазақстан об­лысының әкімі Нұрғали Әші­мов­ке тіл үйретіпті. Өзі оңтүстікте туса да, орыстар арасында өсіп, ғы­лыми еңбектерін Мәскеуде қор­ғаған Нұрғали Әшімов қазақ ті­лін үйренуге өзі ерекше ықылас біл­діріп, мемлекеттік тілді алты ай бойы ерінбей меңгеріпті. Бұл жа­йын­да Гүлбағира Төртқарина бы­лай дейді: «Негізі ол кісі тілді зор ынта-ықыласпен үйренді. Сабақ күнделікті сағат 8-ден 9-ға дейін өтіп жүрді. Ол кісінің тілді мең­геру­ге қызыққаны соншалықты, тіп­ті арнайы бағдарлама жа­сай­мын дегені есімде. Ол кісі өзі ма­те­ма­тик екен. Қазақ тілінің грам­ма­тикасын математика заңды­лық­тарымен салыстырып, өзі де зор қызығушылық білдірді. Осы­лай­ша тілді жеңіл меңгеріп кетті», – дейді ұстаз шәкірті жайлы. Соған қарағанда, тілді меңгеру үшін адамға патриоттық сезім мен ынта-ықыластың оянуы ғана керек сияқты. Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімінің тіл үйренуге қызыққаны сон­ша­лық­ты, тіпті, са­бақ берген екі ұс­та­зынан үй тап­­сырмаларын өзі-ақ сұрап ала­ды екен. Шәкірт­тері­нің тілді үй­ренуге деген құл­шы­ны­сына ри­за болған ұстаздар Нұр­ғали Әші­мовке ылғи «үздік» де­ген баға қо­йып отырса керек. Бүгінде қазақ тілінің оқыту­шы­сы Гүлбағира Төртқарина Сырт­қы істер вице-министрі Ер­жан Қазыхановқа қазақ тілінен са­бақ беріп жүр. Бірнеше шет ті­лін білетін Ержан Қазыхановқа ана тілін меңгеру қиынға соғып жат­пағанға ұқсайды. Бұл жөнін­де ұстаз: «Полиглоттар тілді жақ­сы меңгереді. Олар үш-төрт тілден кем тіл білмейді. Ол кісі үш айдан бері тілді үйреніп жатыр. Оған өте жақсы баға қойып жүрмін. Әри­не, сөйлегенде біршама қинала­ды. Негізі, ойын қазақ тілінде жақ­сы білдіре алады» – дейді.45 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Білім беру ісінің үздігі, ке­зінде Ал­ма­тыдағы №88 қазақ ор­та мек­тебінде директор болған Қан­тай Оразбайқызы да талай шәкірт­тер­ді үкілеп тәрбиелеп шы­ғарған. Ке­зін­де Білім және ғы­лым вице-ми­нистрі қызметін атқарған, бү­гін­де «Самғау» ұлт­тық хол­дин­гі­нің басшысы Аза­мат Әбді­мо­мы­нов Алматыдағы № 45 аралас мек­тебінде оқыған. Сол тұста Қан­тай Оразбайқызы жас­тайы­нан зерек боп өскен Аза­мат деген ба­лаға ерекше үміт ар­та­ды. Шә­кірт ұстаз үмітін ақтап, қа­зақ тілі сабағын жақсы оқиды. Қан­тай Оразбайқызы өзі тәрбие­ле­ген шә­кірті болмаса да, Сенат төра­ғасы Қасым-Жомарт То­қ­аев­тың тез арада тілді меңгеріп кет­кеніне ризашылығын білдіріп: «Негізі­нен тілді меңгеру үшін үш айдың өзі де жеткілікті. Ал қазақ тілі ана тілі болып табыла­тын­дар­ға тіл үй­рену тіптен оңай. Ұлттық на­мыс бар жерде адам міндетті түр­де қа­зақ­ша сөйлеп кетеді. Мә­се­лен, қа­зіргі Сенат төрағасы мә­тел­деп сөй­лейтіндей деңгейге жет­ті ғой. Өз­гелер Қасым-Жомарт Тоқаев­тан үл­гі алуы керек», – дей­ді ұла­ғат­­ты ұс­таз. Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Тәңірберген Бердіоңғаров­тың ресми сайтында «Владение язы­ками: казахский, русский, анг­лийский» деп жазылып қо­йып­ты. Ағылшыншасын қайдам, бі­рақ ол кісінің қазақшасының ақ­саңдап жүргені ешкімге де жа­сырын емес. Кезінде «Хабар» ар­на­сынан шығып жүрген «Уроки Тілашар» деген қазақ тілін үй­рену­шілерге арналған сериалға түс­кен Бердіоңғаров тілді жетік мең­гере алмағанға ұқсайды. Бер­діоңғаровтың тілді оңдырта алмай жүргеніне мектеп ұстаздарын не­ме­се жоғары оқу орнындағы оқыту­шыларын кінәлаудан ау­лақ­пыз. Анығы, ана тілімді білем, үйре­нем, қайта жаңғыртам деген на­мыс бар жерде құлшыныс та бо­лады. Ал ол жоқ жерде бұрын­ғы­ның ығымен жүріп, болашаққа ұм­тылу болмайды. Елбасы айт­пақ­шы: «Қазақстанның бола­ша­ғы – қазақ тілінің қолында», яғни, елі­міздің толықтай қазақылану про­цесі өз деңгейінде жүріп жа­тыр. Тек одан тілді тиіп-қашып үй­реніп жүрген шенді-шекпен­ді­лер қалыс қалмаса игі. Қалыс қал­са, өз обалы өзіне. Бір қызығы, біз өзге де ми­нистр­лердің репетитор – ұста­з­дары­на хабарласқанымызда, олар ат-тонын ала қашып, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Со­ған қарағанда, олардың шә­кірт­терінен түк те нәтиже шық­па­ған сияқты.Тілді әлі де меңгеріп жүр­­­ген Мәдениет және ақ­­па­рат министрі Ермұхаммет Ер­­тісбаев қазақ тіліне икем­дел­­ген TOEFL бағдар­ла­ма­сы­ның енгізілуін баста­ма­шы боп көтеріп жүргені бел­гілі. Бұл бағдарлама ен­гізіл­се, ең алдымен оның ба­сы-қа­сын­да жүрген ми­нистрлер­дің өздеріне кө­мектесе ал­са игі еді. Бірақ қа­зірше кей­бір пысықай ми­нистрлер тіл­ді тиіп-қа­шып үйреніп жүр­ген­ге ұқ­са­йды.

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

Тегін қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар
http://free.ucoz.kz/