вторник, 29 апреля 2008 г.

Бермет АҚАЕВА: Мен қазақтың қарапайым келінімін



БАЛАМ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУІ КЕРЕК

– Қазақстан үшін де, Қырғызстан үшін де ортақ өзекті мәселе – тіл проблемасы. Сіздің ойыңызша, екі елге де ортақ тіл мәселесін қалай шешуге болады?

– Иә, бұл проблема өте қиын. Мен сияқты қалада өскендер кезінде мектепте қырғыз тілін мүлдем оқымаған. Соған қарамастан, мен бала кезімде ауылда тұратын әжеме жиі барып тұратынмын. Сондықтан мен қырғыз тілін бала кезімнен жақсы меңгердім. Әрине, қырғызша әдеби деңгейде жақсы сөйлей аламын дей алмаймын, дегенмен өзге жастарға қарағанда тілді кәдімгідей білемін. Қазір тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Білуімше, медиа форумның сессияларының бірінде тіл мәселесі де талқыланыпты. Қазақстанда тілді дамытуға бағытталған көптеген оқулықтар мен кітаптар, бейне фильмдер шығарылып жатыр. Өкінішке қарай, бұның өзі аздық етіп отырғандай. Себебі тілді оқулықтар арқылы ғана меңгеру аздық етеді. Негізінен мемлекеттік тілді дамыту үшін сол тілде сөйлейтін орта болуы қажет. Былайша айтсақ, қоршаған орта – көше, телевидение, т.б. салалар сол тілде сөйлеуі тиіс. Бұл тұста сапалы оқулық, кітаптар шығарумен қатар, күллі мектептерді бұл еңбектермен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тілді үйрететін сапалы оқытушы мамандардың да болғаны шарт. Меніңше, бұл мәселелер біртіндеп қолға алынып жатыр. Қазақстанда да, Қырғызстанда да тіл мәселесін шешуге бағытталған іс-шаралардың қолға алынып жатқаны қуантады.

– Ал сіздің ұлыңыз қай тілде тәрбиеленіп жатыр?

– Менің жалғыз ұлым бар. Біз отбасында көбіне орысша сөйлесеміз. Өз басым қазақша жақсы түсінемін. Бірақ сөйлеу қазірше қиындау. Дегенмен ауыл-аймақтарға барсақ, өз ойымды қазақша-қырғызша жеткізе аламын. Былайша айтқанда, шала қазақша, шала қырғызша өз ойымды жеткізуге тырысам. Үйде тілді әжелеріміз арқылы меңгеруге тырысып келеміз.

– Сонда балаңызға қазақ және қырғыз тілдерін үйретіп жүрсіз бе?

– Балам, ең алдымен, қазақ тілін білуі керек. Қырғыз тілін үйрене ме, жоқ па, білмеймін. Меніңше, егерде балам қазақ тілін меңгеріп алса, ол қазақ тілі арқылы қырғыз тілінде де жақсы сөйлеп кетеді.


Толығырақ "Айқын" газетінде http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=168&pub=17798

среда, 16 апреля 2008 г.

Аспанға мың шар ұшырған кез!



"Айқын" басылымының 1000-шы саны осылай аталып өтті. Бәріміз Арбатқа жиналып, көкке 1000 шар ұшырдық!

Қазақ жастары үшін қуанамын!

Аллаға шүкір, қазір менің көптеген құрбы-достарым шетелде оқып, білім алып жатыр. Бір құрбым жақында Ұлыбританияда оқып келді. Енді бар білімін қазақ мемлекетінің дамуына салмақ. Ал, Мәссаған.ком жастар порталын жасайтын Бақытнұр мен Жанарбек деген жігіттер Оңтүстік Кореяда оқып-тоқып, білімдерін жетілдіріп, жұмыс істеп жатыр. Иншалла, олардың да Қазақстан дамуына қосар үлесі зор болады деп сенеміз. Ал, журналист Гүлнәр құрбым Грузияда америкалық бағдарлама бойынша оқып жатыр. Білікті журналист Гүлнәр да елімізге шабадан толы білім мен тың идеялар әкелмек. Сондықтан "Болашақпен" болмаса да, өз білімдерінің арқасында өзге де бағдарламалар бойынша шетелде оқып жатқан қазақ жастарына мол табыс пен сәттілік тілеймін. Олардың ертеңгі күні ел дамуына қосар үлесі көп болмақ!!! Иншалла, сол күнге жеткізсін.

среда, 2 апреля 2008 г.

Алматыға Олимпиада алауы жетті!



Бүгін Алматыда бүкіл орталық көшелер, атап айтқанда, Достық даңғылы, Фурманов көшесі, Абай даңғылы мен өзге де көшелер полиция қызметкерлерінің ерекше қадағалауына алынып, жабылды. Оған да себеп жоқ емес. Бүгін қазақ тарихында тұңғыш рет күллі әлемнің назарына ілігіп отырған Олимпиада алауы Қытай астанасы Бейжіңнен Алматыға жеткізілді. Халықтың көңіл-күйі керемет! Көлік тығыны мүлдем жоқ. Көптеген алматылықтар өз көліктерін үйлеріне қалдырған, себебі Олимпиада Алауы тұңғыш рет қазақ жерінде тұтанып отыр. Олимпиада алауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұтандырып, әлемге әйгілі спортшы, қазақтың мақтаныш тұтатын ұлдарының бірі Бақтияр Артаевтың қолына табыстады. Эстафетаны белгілі әншілер Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов, т.б. азаматтар өз қолдарына алмақ. Алматыдан кейін Олимпиада алауы Стамбұлға аттандырылады.