воскресенье, 24 февраля 2008 г.

Орынбор қазақтары араша сұрайды

Мәскеуде ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтіп жатқанда 300 мыңнан астам қандасымыз тұратын Ресейдің Орынбор өлкесінен біздің редакциямызға араша сұраған хат келді.Онда Орынбор облысына қарасты Соль-Илецк (бұрынғы атауы – Тұз-төбе) ауылының тұрғындары: «Біз тұратын Соль-Илецк ауылында Кеңес одағынан бері партиялық жоғары лауазымды қызметтерде, кеңестік және әкімшілік органдарда, шаруашылық субъектілерінің басшылығында, одан қалса, зауыт, фабрика, колхоз-совхоз басшылығында бірде-бір қазақ отырмаған. Бүгінде, мемлекеттіліктің нышаны ретінде демократиялық құндылықтар алға қойылып, қазақтардың жоғары білімі мен өрелі ой-санасына қарамастан, мемлекеттік және атқарушы билік тармақтарына қызметке тартқанда адамды ұлтқа бөліп, кемсіту саясаты сақталынып келеді», – деп мұңын шағады. Ресейдегі қандастарымыз «экономикалық ұлтшылдықтың» барын да жоққа шығармайды. Бұл орайда олар қазақ бизнесмендеріне қатысты қысымның барын алға тартып отыр. Бір мысал ретінде жергілікті кәсіпкер Құспан Батесовтің саяси тұрғыдан қудалануын келтіреді. Ол 1998 жылы облыстық думаға кандидат ретінде тіркелген екен. Батесовтің саяси қызметі үшін оны әкімшілік қысым арқылы қудалауға тырысқан көрінеді. Жергілікті қазақтардың мәселесін ту еткен азамат саясаттан қуылып кәсіпкерлікке ауысады. «Қазір ол Мәскеуде тұрса да, әл-ауқаты өте төмен Орынбор қазақтарына қол ұшын созып отыр» дейді хат авторлары. Біз Мәскеуге хабарласып, Құспан Батесовтің қазіргі жағдайға байланысты ойын өз аузынан естуге тырысқан едік. Өз сөзінде ол бұл мәселеде Қазақстаннан басқа арқа сүйер жері қалмағанын айтып, Орынбор қазақтарының қатты теперіш көріп жатқанын жеткізді. Хаттың бір данасын Соль-Илецк тұрғындары Қазақстан Президентіне, екінші данасын Ресей президентіне жолдаған көрінеді. Негізінен Соль-Илецк қазақтары 29 ақпан күні әлеуметтік-экономикалық жағдайларының нашарлығын, ұлттық тұрғыдан алалаушылық көріп жатқанын айту үшін арнайы жиын ұйымдастырмақ болған екен. Дегенмен, жергілікті әкімшілік бұған рұқсат бермей отырған сияқты. Жағдайдың осындай сипат алуына «Яикъ» газетінде жергілікті қазақтардың облыс губернаторы А.Чернышевке жазған өте ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайлары туралы хаты себеп болса керек. Бұл хатқа қол қойған жергілікті қазақтар прокуратурадан шақырту алып, құзырлы орындардан қатты қысым көріп отырғанын, тіпті, кейбірін қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытып жатқанын ашына жеткізеді. Бұл хаттан кейін біз Орынбор облыстық әкімшілігіне хабарласқан едік. Онда губернатордың баспасөз көмекшісі Людмила Федоровская «бұл фактілердің әсіреленіп жеткізілгенін» айта келе: «Орынборда өзге ұлттарға қатысты саясат өте жақсы. Бізде Қазақ қоғамдастығы да жұмыс істейді. Өз басым қазақтарға қатысты алалаушылық болғанын көрген емеспін», – деді. Бұдан кейін біз Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хабарластық. Ондағы елшіліктің баспасөз қызметі Орынбордағы жағдайдан хабарсыз болып шықты. Дегенмен, Ресейдің Орынбордан бөлек Сарытау, Қажытархан, Омбы, Томбы қалаларында тұратын 1,5 миллионнан астам қандастарымыздың тағдыры бізді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз алдағы уақытта бұл мәселені өз қадағалауымызға алатын боламыз.
http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=166&pub=16392

1 комментарий:

Бекжан Т.Р. комментирует...

Камшат менімен электрондық пошта арқылы хабарласыңызшы. Сізді блогшылардың кездесуіне шақырайын деп едім.

Бекжан.

tbekzhan@gmail.com