skip to main |
skip to sidebar
Мысық пиғылды миссия
Қазақстанның төл бағдарламасы «Болашақ» бойынша оқыған жастардың үштен бірі ғана мемлекеттік тілді меңгерген болса, бағдарламадағы ауыл жастарының үлесі он пайыздан аспайды. Елбасының өз аузынан шыққан бұл сөздер тіл мен ауыл балаларының мәселесін шешуге, ең бастысы, ұлттық патриотизмді шыңдауға негіз болуы тиіс. Қазақтың «Болашағынан» тыс АҚШ та «ертеңгі қазақ көшбасшыларын» дайындауға 90-жылдардың басынан-ақ араласып кеткені рас. Ресми мақсаттары кіршіксіз болса да, астарлы мүдделері мүлдем бөлек америкалық оқу бағдарламаларының қызметі ұлттық қауіпсіздікке қаншалықты нұқсан келтіруі мүмкін?!Атын берсек те, фамилиясын бермеуді сұраған Азамат 2005-2006 жылдар аралығында АҚШ-тың Флорида штатында «Flex» (Future leaders exchange) бағдарламасы бойынша оқып келген. ТМД және Орталық Азия аумағындағы елдердегі жоғары сынып оқушыларына арналған бұл бағдарламаға жылына 50 мыңдай бала ілігетін көрінеді. Өзі Өзбекстан азаматы болса да, қаны қазақ Азамат Қазақстандағы оқу орындарының бірінде оқиды. Бұл орайда ол: «Мен АҚШ-та мүлдем қалғым келмеді. Онда қалып жатқан қатарластарымның дені протестант дінін қабылдап қалды. Бұл бағдарлама бойынша, біз міндетті түрде америкалық отбасында тұруымыз керек-тін. Ал ол отбасыларының дені – шіркеуге жексенбі сайын баратын нағыз діншіл америкалықтар. Олар бізді де шіркеуге баруға үгіттеді», – дейді. «Еркіндік пен бостандық елі» аталып кеткен АҚШ бұл күндері миссионерлік саясатты ерекше қарқынмен жүргізіп, өз дінін өзге елдерге таңып отырғаны жасырын емес. Әрине «Flex» сияқты бағдарламалар шын мәнінде, өзара білім алмасуға, өзге мәдениетті тануға, демократиялық бағытта дамуға үлес қосса да, іс жүзінде әлі де ой-санасы, азаматтық позициясы, діни ұстанымы қалыптасып үлгермеген 16-17 жас аралығындағы жас жеткіншектерді бөтен елде бөтен діннен сусындатып, бөтен пиғылға баулитынын байқау қиын емес. Жаныңда «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Басынан өткен күндерді Азамат былай еске алады: «Өзбекстаннан бұл бағдарлама бойынша 119 оқушы бардық. Олардың ішінде христиан дінін қабылдап, сол елде қалып қалғандары да болды. Діншіл өзбек балалары өзге дінге кіріп жатқанда, қазақтан не сұрайсыз?! Негізінен, Америкадағы дін – бизнес. Мен Америкада оқып жүргенде, бір бай әйел 2 миллион долларға үлкен шіркеу салғызды, сонда ол мұны – болашаққа құйған, ертең қайтатын инвестиция деп санады. Евангелизация саясаты бойынша, сен шіркеуге қанша адам әкелсең, соншалықты қаржыға кенелесің», – дейді. Азамат бір миссионердің сөзін еске алады. Бірде америкалық миссионерден: «Сен үшін дін – бизнес пе, әлде миссия ма?» деп сұрапты, сонда әлгі миссионер: «Дін – әрі бизнес, әрі миссия», – десе керек. Бүгінде АҚШ-тағы евангелистердің қолында ірі-ірі баспа үйлері, электронды ақпарат құралдары, газет-журналдар, кино және музыкалық студиялар шоғырланған. Тіптен шіркеу музыкасы да шоу-бизнес саласының құрамдас бөлігіне айналғалы қай заман?! Бір өкініштісі, миссионерлердің қармағына ілініп жатқандар – тек қана америкалық бағдарламалар бойынша сыртта оқып жүрген балалар емес, арнайы отандық бағдарлама бойынша тәлім алып жатқандар да жат идеология мен өзге діннің қолшоқпарына айналып жатқанға ұқсайды. Ел есінде, заңғар-заңғар ақын-жазушыларымыздың қыздары шетелге барып, америкалыққа тұрмысқа шығып, некесін протестанттық шіркеуде христиан ретінде қиғаны... Әрине, діни экспансия жергілікті халықтың агрессиясын, ұлтшыл патриоттардың бас көтеруін де тудыруы мүмкін. Мұны білетін миссионерлер жергілікті елдің жас ұрпағын америкалық рухта тәрбиелеуге жанталасып келеді. Орыстілді сайттардың біріне сұхбат берген Нина Каландаришвили де «Flex» бағдарламасы бойынша Америкада оқыған. Ой-санасы америкалық рухта қалыптасқан ол америкалықтардың посткеңестік елдер жастарынан «болашақ революционерлерді» дайындап жатқанын жасырмайды: «Дамушы елдерге, әсіресе, бұрынғы КСРО мемлекеттеріне потенциал мен жаңа адамдар керек. Ондағы қазіргі саясатта жүрген адамдардың дені Кеңес Одағында туып-өскен. Олар мемлекетке жақсылық жасағысы келсе де, қалай жасауды білмейді. Оларда Кеңес Одағынан қалған комплекс бар, ал жас ұрпақта ондай жоқ» – дейді. Әрине, келер ұрпақ жаңаруы керек. Бірақ болашақ ұрпақты америкалықтар емес, жергілікті халық, мемлекет, Үкімет тәрбиелеуі керек. Бір қызығы, америкалықтар «Flex» бағдарламасына әрбір елдің ең үздік оқушыларын алады екен. Үшке оқып, кластың арты боп жүрген балалардың оларға керегі де жоқ. Басты талаптары: бала өте жақсы оқуы керек, шет тілін білуі тиіс, 16-17 жастағы жоғары сынып оқушысы (яғни Кеңес заманын көрмеген ұрпақ өкілі) болуы керек. Украина, Грузия, Қырғызстанда әп-сәтте түрлі-түсті революцияны жасап, елді төңкеріп берген кейбір америкалық ұйымдар енді қазақ және өзбек елдеріне көз салып отырғанға ұқсайды. Америкада бір жыл бойы оқып келген Азамат та кейбір америкалық ұйымдардың жас ұрпақтан болашақ мемлекет басшыларын, жергілікті билікке қарсы революционерлерді дайындап жүргенін білетінін айтады. Егер де «Flex» бағдарламасы жастар арқылы демократиялық қағидаттарды жергілікті елге енгізуді мақсат тұтса, ағылшын тілін үйрететін «Халықаралық білім беру қызметі» атты ұйым евангелиені әрбір христиан емес халықтардың жүрегіне жеткізуді мақсат етеді. Бұл ұйымның оқытушылары Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресейдің жоғары оқу орындарына ағылшын тілін, менеджмент пен заң құқықтарын үйретеді. Бұл – бүркеншік бағыты. Негізгі қызметі – жергілікті халықтың жастарын евангелилендіру. 1992 жылы Қазақстанда қабылданған «Діни бірлестіктер мен діни наным-сенім бостандығы» туралы заңның босаңдығынан Қазақстанның өзі бүгін миссионерлерді қабылдайтын елден бұрын миссионерлерді дайындайтын мемлекетке айналып кеткенін сезбей де қалды. Кейбір ресейлік мәліметтерге сенсек, Қарағандыдағы «Грейс» шіркеуі мен «Жаңа өмір» миссиясынан шыққан оқытушылар бұл күндері Моңғолияға барып, жергілікті халыққа евангелиенің сөзін жеткізуге «атсалысып» жатқанға ұқсайды. Шынтуайтына келсек, Батыста ойлап табылған «діни наным-сенім бостандығы» деген қағида – адамдарды өз ата-баба дінінен бездіртіп, жылтырағы мен жеңілдігі көп протестант дініне енгізуді көздейді. Қазақстанда түрлі білім беру орталықтары, мәдени және үкіметтік емес ұйымдардың «шекпенін» жамылып, шынтуайтында, тіл үйретуден гөрі діни миссионерлік, түрлі-түсті революцияға дайындайтын, сондай-ақ барлау қызметімен айналысатын ұйымдардың бары анық. Өткенде ғана Қазақстандағы «Благодать» шіркеуінен шетелдік тыңшылар табылды. Бірақ бұл діни-саяси экспансия аласапыранының басы ғана.Айқындама:Бейбіт Сапаралы,дінтанушы:– Өзімізге бауырлас мұсылман елдерінің ішінде Түркияның тәжірибесіне қарасақ, түріктердің Америкада 60-70-жылдары оқып келген азаматтары кейіннен Түркияда министр, премьер-министр сияқты үлкен лауазымдарда отырды. Олардың барлығы да шетелдік ұйымдарға қызмет етті, мемлекет көп қиындықты басынан өткізді. Қазір олардың билігі ауысып, қызметке ұлтжанды, түрікшілдік бағыттағы мұсылман азаматтар келіп жатыр. Сонау 90-жылдардың басында Қазақстанның өнер және мәдениет қайраткерлері ең алғаш рет Америкаға барған еді. Үкімет өкілдері бастап барған қазақ делегациясын Америка басшылары емес, протестанттық шіркеудің өкілдері қарсы алған. Біздің үлкен басшыларымыз, әкімдеріміз, өнер қайраткерлерімізге таңертеңгілік астан кешке дейін тамақ берген кезде протестанттық шіркеуде шоқынудан бастап барып қана тамақ береді екен. Бұл – бір айға барған адамдар үшін жасалған дүние. Ал оқуға барған балаларды, әрине, олар протестанттық дінге тартқысы келеді. Бұлардың ұлттық зерттеу, барлау орталықтары бар. Олар Американың саясатына қызмет ететін кадрларды дайындауға тырысады.
Комментариев нет:
Отправить комментарий