понедельник, 12 января 2009 г.

Мәсімов блогшы атанды, бірақ қазақшасы "жасанды"...



«Сәлеметсіз бе! Мен сізбен өзімнің жеке блогымда кездескеніме қуаныштымын» – деп, айқара бетін мемлекеттік тілде ашып тұрған Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жеке блогы осылайша ресми түрде тұсауын кесті. Блогтың қазақша амандасқанына қуаныштымыз-ау, бірақ орыс тіліндегі мәтіннің тура сол күйіндегі аудармасы орысша ойлайтындарға түсінікті болса да, қалың елім – қазекемге ұғынықты деу қиын...

Кезінде Кәрім Мәсімов өзі басқаратын мемлекеттік органдардың веб-сайттарын да сын тезіне алған еді. Олай болма қайтсін?! Мемлекеттік органдар түгілі, жеке саяси партиялардың сайттары да жедел жаңартыла бермейді. Сайттардың қазақша нұсқалары көбіне-көп «бар» деген аты үшін өмір сүреді. Шенеунік не саяси партия лидерінің интернет пайдаланушы жұртшылықпен байланыс орнатып, хат алмасқанын түсіңізде ғана көрерсіз?! Бұл тұста біздің Премьер-министрдің Дмитрий Медведев, Барак Обамалардан қалыспай, жеке блог ашып алғаны құптарлық. Әрине, Ресей президенті Д.Медведевтің блогымен салыстырғанда, Кәрім Мәсімовтің блогы президенттік емес, «премьерлік» деңгейде ғана: қарапайым, безендірілуі жұпыны, берілген ақпараты аз. Премьердің жалғыз суреті тұр, өмірбаяны екі тілде берілген. Десе де, бар басымдық – орыс тілінде. Оған «Интервью Премьер-министра», «Выступление Премьер-министра» деген видео-көрсетілімдер куә. «Приветствие» деген жердегі мына мәтінді оқып шығып, «түсінсем бұйырмасын» деген ойға келдік: «Бұл жобаның негізгі мақсаты – Үкіметтің қызметі мен елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қызықтыратын блог оқырмандарына сапалы да қызықты және пайдалы ақпараттарды қабылдауға ыңғайлы әрі жеңіл түрде беру»... Қазақтың тіл заңдылықтарын артқа ысырып, орысшасын сөзбе-сөз аударып берген. Мәтіннің ресми жағы да басым.

Қазірдің өзінде Премьердің блогы үлкен қызығушылық тудырып отыр. Премьердің блогына АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Украина, Грузия, т.б. елдердің блогшыларымен қатар, шетелдік қазақтар да өз пікірлерін көптеп жазып, жедел құттықтауларын жеткізген. Қызығы сол, интернет пайдаланушылар Премьер блогының «Сәлемдемесіне» ғана жарыса пікір жазыпты. Бүгінгі күні тіркелген пікір, тілек, сын-ескертпелердің жалпы саны – 123. Қазақ блогшылары блогтың қазақша мәтініне бірден назар аударған. Жанарбек деген блогшы былай жазады: «Блогтың тақырыбында Официальный блог Премьер-Министра Республики Казахстан деп жазылған, бұдан бұл блог ресми бас министрдің блогы екенін аңғаруға болады. Қазақстан тілдер туралы заңдарына сүйенсек, мемлекеттік ресми құжаттар мемлекеттік және ресми тілде болады. Яғни сіздің де блогыңыз мемлекеттік тілде болуы керек». Тіпті украиндық блогшы Dіxі: «Хм. Странно, почему вы ведете блог на русском языке. У нас и Премьер-министр и Президент – все на государственном языке разговаривают» – деп, бір түйрейді. Ал блогшы Бақытнұр: «Бас Министр, енді дұрыс болды. Қазақстанда 10 миллион, ал шетелде тұратын мен сияқты 5 миллион қазақ бар (әрине, өзіңізге де белгілі). Барлығымыз орысша біле бермейтіндіктен, блогыңызды қазақша қозғалта бастағаныңыз өте орынды деп санаймын» – деген тілегін білдіреді. Журналист блогшы Асхат Еркімбайдың жазғаны: «Блогыңыз құтты болсын! Тек неге орыс тілінде? сіз сонда бізбен қазақ тілінде өз ой-пікіріңізбен бөлісуге арланасыз ба? Естуімше, Сіз қазақ тілінен арнайы дәріс алып жүр деп естіген едім». Жалпы, Премьердің блогында осы тектес сын-ескертпелер өте көп. Нұрғиса деген блогшы өлеңдетіп барып: «Бізбен кеңес құр, көкем! Үкімет басқару бөтен де, блог басқару – бір бөтен» – депті. Бір қуантарлығы, интернет пайдаланушы қазақтар саны шетелде де, еліміздің өз ішінде де күн өткен сайын артып барады екен. Қазақ ойы, пікірі мен көзқарасы – Премьердің блогына жазылған мәтіндерден көрініп тұр. Тек ресми блогтың орысша жүргізілуі қазақтар түгілі, шетелдік блогшыларға да түсініксіз. Қазірше осы пікірлерді ескеріп, блогшылармен кері байланысқа шыққан премьеріміз көрінбейді.

Бет қатталып жатқанда, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің (http://prіmemіnіster.government.kz./) бүкіл министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшыларына қаңтардың аяғына дейін жеке блог ашуға тапсырма бергені белгілі болды. Өз сөзінде Үкімет басшысы: «Менің блогым небары 10 күн жұмыс істеп жатса да, мен өзім үшін біраз нәрсені ойға түйдім. Қызық сұрақтар көп қойылып жатыр» – деді. Сірә, Кәрім Қажымқанұлының ойға түйген мәселелерінің ішінде тіл проблемасы да бар ма екен?! Мұны қаңтардың аяғына дейін халық бақылайтын шығар.