вторник, 18 марта 2008 г.

Ұлыстың Ұлы күні бізде осылай тойланады!




Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі құтты болсын!


Құрметті блогшылар, Ұлыстың Ұлы күні елімізге бақ-береке, отбасыларыңызға мол несібе, туыстарыңызға зор денсаулық пен мол табыс әкелсін! Әр жылы әз Наурыз мерекесіне аман-есен жете бергейміз! Алла тағала елімізге мол ризығынан жаудырғай!

воскресенье, 16 марта 2008 г.

Ресей қазақтары мәдени автономия құрды



Бұл ұлттық-мәдени автономияның құрылғанына да бірнеше жылдың жүзі болған. Ресейде қазақша білім алып, мәдениетін дамытуға қол жеткізе алмаған соң, Самара азаматы Тоқтарбай Дүйсенбаев «Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясын» құруға мәжбүр болған. Небары қоғамдық бірлестік рөлін атқаратын ұйым басшысы Қазақстанға тектен-текке келмеген.Басты мақсат – Самара өңірінде өтетін бүкіл ресейлік қазақтардың басын қосатын Наурыз мейрамына Қазақстанның белді, белгілі тұлғаларын шақыру және қазақ мәдениетінен сусындататын оқулық-кітаптарға қол жеткізу. Орайы түскен соң ресейлік қандасымыздан федералдық ұлттық-мәдени автономияның жай-жапсарын сұрап білдік. Тоқтарбай Дүйсенбаевтың айтуынша, бүгінде Ресей қазақтарының 29 ұлттық ұйымы жұмыс істейді екен. Олар мемлекеттің 20-дан астам аймағында тіркелген. Бүгінгі таңда 29 бірлестіктің 26-сы «Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясына» кірген көрінеді. Қалғаны сапқа енді қосылуы керек. Бұл орайда мәдени автономия президенті: «Біздің бірлестіктің қызметі Ресейдің заңдарына қайшы келмейді. Бәрі біздің «автономия» деген атауымыздан қорқады. Ал біздің автономиямыздың территориялық бөлініске еш қатысы жоқ. Оның мақсаты – қордаланып қалған этникалық проблемаларды шешу. Бізге не керек? Тек қана балаларымыздың қазақ тілін үйреніп, ұлттық мәдениетімен танысуы ғана» – дейді. Бір өкініштісі, 1992 жылғы жалпыресейлік санақ бойынша 1 млн 150 мыңнан асқан қазақ санын Ресей билігі 2002 жылғы санақ бойынша екі есеге дейін қысқартып, жергілікті қазақтардың наразылығын туғызғанға ұқсайды. Тоқтарбай Қадырғалиұлы: «Біз 1992 жылы 1 миллионнан аспадық па?! Бұл – нақты сан. Бірақ 2002 жылғы ресми санақ бүкіл Ресейдегі қазақ санын небары 680 мың адам деп көрсетті», – деп өкінішін жасырмайды. Көп жылдар бойы төлқұжаты бойынша «Анатолий Николаевич» болып келген Тоқтарбай Дүйсенбаев жақында ғана өзінің азан шақырып қойған атына қол жеткізді. Кезінде атының орысша жазылып кеткеніне ол сауатсыз шенеуніктерді кінәлайды. Дегенмен қазіргі қазақтардың жаңа туған сәбилерге орысша емес, қазақша жарасымды ат беріп жатқанын мақтанышпен айтады. Самара қазақтарының Отанына деген бір ғана реніші бар: Өзге диаспора өкілдерін Халықтар ассамблеясымен және мәдени орталықтармен жарылқаған қазақ өкіметінің сырттағы қандастарына дәл сондай демеу көрсетпегені ғана. Амалы таусылған Ресей қазақтары этникалық мәселелерін шешуді бұдан былай өз қолдарына алмақ.

четверг, 6 марта 2008 г.

Көктем мерекесі құтты болсын!


Құрметті арулар мерекелеріңмен!

Бүкіл қазақ әйелдерін 8 наурыз - халықаралық әйелдер күнімен әрі көктем мерекесімен құттықтаймын. Абылайдай ұл табар, Томиристей қыз туар аруларымыз көбейе бергей! Ерлер әйелдердің, әйелдер ерлердің қадірін білгей! Көктем құтты болсын!

вторник, 4 марта 2008 г.

Барақ АҚШ президенті бола ма?


Қараторы жігіт Барак Обама Америка тарихында тұңғыш рет президент сайлауына түсіп отырған қаранәсілді азамат. Демократияны алға тартқыш Американың өзінде күні бүгінге дейін бірде-бір афроамерикандық ел басқармағаны белгілі. Егерде демократия Батыстан басталса, неліктен АҚШ-ты афроамерикандықтың билемесіне? Ал католиктер өз дініне өзгелерді көптеп кіргізсе, Ватикан төрінде неліктен латын америкалық немесе қара нәсілді Папа отырмайды? Солай бола тұра Батыс бізден діни бостандықты талап етеді. Бұл дұрыс па, сіздер қалай ойлайсыздар?

Венада 300 қазақ тұрады

Бүгінде Венада 300-ден аса қазақ тұрады. Егерде Түркиядан көшкен қазақтар ата-баба салтын, тілі мен дінін сақтап отырса, Қазақстаннан келген қазақтардың көбісі - орыстілді екен. Бір өкініштісі, немістерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздары да баршылық. Соған қарағанда, ұлттық тіл мен сана Қазақстанның өз ішіндегі қазақтарда емес, сырттағы қазақта басымырақ па деп ойлайсың...