воскресенье, 24 февраля 2008 г.
Орынбор қазақтары араша сұрайды
Мәскеуде ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтіп жатқанда 300 мыңнан астам қандасымыз тұратын Ресейдің Орынбор өлкесінен біздің редакциямызға араша сұраған хат келді.Онда Орынбор облысына қарасты Соль-Илецк (бұрынғы атауы – Тұз-төбе) ауылының тұрғындары: «Біз тұратын Соль-Илецк ауылында Кеңес одағынан бері партиялық жоғары лауазымды қызметтерде, кеңестік және әкімшілік органдарда, шаруашылық субъектілерінің басшылығында, одан қалса, зауыт, фабрика, колхоз-совхоз басшылығында бірде-бір қазақ отырмаған. Бүгінде, мемлекеттіліктің нышаны ретінде демократиялық құндылықтар алға қойылып, қазақтардың жоғары білімі мен өрелі ой-санасына қарамастан, мемлекеттік және атқарушы билік тармақтарына қызметке тартқанда адамды ұлтқа бөліп, кемсіту саясаты сақталынып келеді», – деп мұңын шағады. Ресейдегі қандастарымыз «экономикалық ұлтшылдықтың» барын да жоққа шығармайды. Бұл орайда олар қазақ бизнесмендеріне қатысты қысымның барын алға тартып отыр. Бір мысал ретінде жергілікті кәсіпкер Құспан Батесовтің саяси тұрғыдан қудалануын келтіреді. Ол 1998 жылы облыстық думаға кандидат ретінде тіркелген екен. Батесовтің саяси қызметі үшін оны әкімшілік қысым арқылы қудалауға тырысқан көрінеді. Жергілікті қазақтардың мәселесін ту еткен азамат саясаттан қуылып кәсіпкерлікке ауысады. «Қазір ол Мәскеуде тұрса да, әл-ауқаты өте төмен Орынбор қазақтарына қол ұшын созып отыр» дейді хат авторлары. Біз Мәскеуге хабарласып, Құспан Батесовтің қазіргі жағдайға байланысты ойын өз аузынан естуге тырысқан едік. Өз сөзінде ол бұл мәселеде Қазақстаннан басқа арқа сүйер жері қалмағанын айтып, Орынбор қазақтарының қатты теперіш көріп жатқанын жеткізді. Хаттың бір данасын Соль-Илецк тұрғындары Қазақстан Президентіне, екінші данасын Ресей президентіне жолдаған көрінеді. Негізінен Соль-Илецк қазақтары 29 ақпан күні әлеуметтік-экономикалық жағдайларының нашарлығын, ұлттық тұрғыдан алалаушылық көріп жатқанын айту үшін арнайы жиын ұйымдастырмақ болған екен. Дегенмен, жергілікті әкімшілік бұған рұқсат бермей отырған сияқты. Жағдайдың осындай сипат алуына «Яикъ» газетінде жергілікті қазақтардың облыс губернаторы А.Чернышевке жазған өте ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайлары туралы хаты себеп болса керек. Бұл хатқа қол қойған жергілікті қазақтар прокуратурадан шақырту алып, құзырлы орындардан қатты қысым көріп отырғанын, тіпті, кейбірін қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытып жатқанын ашына жеткізеді. Бұл хаттан кейін біз Орынбор облыстық әкімшілігіне хабарласқан едік. Онда губернатордың баспасөз көмекшісі Людмила Федоровская «бұл фактілердің әсіреленіп жеткізілгенін» айта келе: «Орынборда өзге ұлттарға қатысты саясат өте жақсы. Бізде Қазақ қоғамдастығы да жұмыс істейді. Өз басым қазақтарға қатысты алалаушылық болғанын көрген емеспін», – деді. Бұдан кейін біз Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хабарластық. Ондағы елшіліктің баспасөз қызметі Орынбордағы жағдайдан хабарсыз болып шықты. Дегенмен, Ресейдің Орынбордан бөлек Сарытау, Қажытархан, Омбы, Томбы қалаларында тұратын 1,5 миллионнан астам қандастарымыздың тағдыры бізді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз алдағы уақытта бұл мәселені өз қадағалауымызға алатын боламыз.
http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=166&pub=16392
http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=166&pub=16392
среда, 20 февраля 2008 г.
Калайсындар?
Бұл Түркияда түскен суретім. Стамбұлда да Алматыдағы саябақтардай көгершін, кептерлер көп ұшады екен. Кім біледі, Алматыдан ұшып келген құстар шығар деп, оларға жем тастадым. Айтпақшы, Алматыда құстарға жем тастау - әркімнің өз еркі, ал Түркияда бір уыс бидай - 2 лир тұрады. Олар бұдан да бизнес жасайды екен. Естімеген елде көп деген осы шығар...
воскресенье, 17 февраля 2008 г.
Көктем келе жатыр!
Сәлем! Қалайсыңдар! Бүгін Алматы кереметтей жылып тұр. Күн шуағымен бүкіл Алматыны аялап тұрғандай. Көктем келе жатыр. Көктемнің келе жатқаны сезіліп-ақ тұр. Жыл құстары ұшып келіп, әдемі ән салып жүр. Көктем деген керемет қой! Сендер қалай ойлайсыңдар?
суббота, 16 февраля 2008 г.
Мысық пиғылды миссия

Қазақ тілін кім оқытты екен...
Мектепте қазақ тілін жақсы меңгермеген оқушылар министр болған тұсында репетитор жалдап, мемлекеттік тілді қайта оқуға мәжбүр. Кейбір министрлер мен әкім-қаралар тілді меңгеруді парыз деп білсе, кейбірі мектепте сабақтан қашқандай тілді тиіп-қашып үйренеді екен. Біз кезінде бірқатар министрлер мен әкімдерге қазақ тілі пәнінен сабақ берген репетитор-ұстаздарды тауып, олардың бағасын білуге тырысқан едік.Премьер-министр Кәрім Мәсімов қытай және орыс тілдерін жетік білсе де, мемлекеттік тілді әлі де толыққанды меңгере алмай жүргені анық. Оның өз баяндамаларын ежіктеп оқығаны еріксіз бастауыш кластағы баланың жағдайын көзге елестететіндей. Бір қызығы, Мәсімов қазақ аталғалы бері оның қазақ тілін білуі заңды болуы тиіс-тін, десек те, қызығы сол, интернеттегі мәліметтер бойынша, ол кісі қазақ тілінен гөрі ұйғыр тілін жақсы меңгерген көрінеді. Жалпы, қазаққа диаспора тілін білу міндет емес қой, міндет – мемлекеттік тілді білу. Президенттің талабы бойынша, бүгінде барлық ірілі-кішілі шенеуніктер мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр. Олардың ішінде Үкіметтің қазіргі басшысы Кәрім Мәсімов те бар. Кезінде премьер-министрге қазақ тілін үйреткен филолог-маман Қарлығаш Сәрекенова Мәсімовтің мемлекеттік тілді білетінін айтады. «Тек көпшілік ішінде қиналып қалатыны болмаса, Мәсімовті мүлде қазақ тілін білмейтіндердің қатарына жатқызуға болмайды» – дейді репетитор. Қазақ тілінен премьерге он шақты сабақ берген ұстаз тәлімгер жайлы былай дейді: «Мәсімов – өте ынталы, өз-өзіне өте қатал талап қоятын, білуге ұмтылатын азамат екенін байқадым. Негізі, ол кісі жеке отырғанда, қазақша сөйлей алады. Тек көпшілік ішінде сәл қобалжитыны бар» – дейді. Бір айта кетерлігі, Кәрім Мәсімов үй тапсырмаларын Президенттің тапсырмасындай бұлжытпай орындауға тырысады екен. Ал үй тапсырмаларына қазақша сөздер жаттау, сөйлемдер құрастыру, бір тақырыпқа әңгіме дайындап келу, т.б. кіреді. Кейбір саяси сарапшылар мен саясаткерлер премьердің билікте отырған бір жылдығына орай Үкімет жұмысына «үш» деген баға беріп жүргені белгілі. Ал біз Мәсімовтің тіл үйренудегі бағасын сұрағанымызда қазақ тілінің оқытушысы: «Мен тіл үйреткенде баға қоймаймын», – деді. Тіл үйретуші баға қоймағанымен, Мәсімовтің қазақшасын жақсы білетін қауым оның тілдік көрсеткішін сарапшылардың Үкіметке қойған бағасынан асып кетпегенін түсінсе керек. Тіл үйрену қанша тұрады? Қазақстанда ағылшын тілін үйрену кем дегенде сағатына 3 мың теңгеден асады. Ал, мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйрететін курстар өте арзан. Мәселен, отандық министрлер қазақ тілі дәрісінің сағатына небары 2 мың теңге төлейтін көрінеді. Ал тіл үйренуге құйылған қаржы – келешекке құйылған оңтайлы инвестиция.Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммет Ертісбаевқа шамамен осыдан 4-5 жыл бұрын сабақ берген филология ғылымдарының докторы, доцент Сарқыт Әлісжанов өз шәкіртінің тілге икемділігін баса айтады. Бір ғана өкініші, Ертісбаев Сарқыт Қалымұлынан бір-екі рет қана дәріс алыпты. Оған да себеп жоқ емес. Ол кезде Президент аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Ермұхаммет Ертісбаев қызметін ауыстырған тұста ұстаз бен шәкірттің жұбы ажырап кетеді. Тіл маманы шәкіртінің мінез-құлқы жайлы былай дейді: «Сабақ беру кезінде байқағаным, ол кісі өте ширақ, ынта-ықыласы зор, қазақ тіліне икемі бар азамат екен, – дей келе, – лауазымды тұлғалардың жұмысы өте қарбалас ғой. Ол кісінің қызметі ауысқан соң, бір-бірімізді таба алмай қалдық. Кейін Ертісбаевқа сабақты кім бергенін білмеймін, бірақ қазақша баяндама жасап, кәдімгідей сөйлеп жүр ғой», – деп сөзін түйіндеді ұстаз. Кезінде елімізде Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытатын республикалық орталық ашылғаны ел есінде. Оның да басты мақсаттарының бірі – жоғары қызметте отырған «шала қазақтар» санатына еніп кеткен тұлғаларға мемлекеттік тілді үйрету еді. Бұл тұста филолог-маман Сарқыт Қалымұлы Президент әкімшілігінде қызмет ететін бірқатар лауазымды тұлғаларға сабақ беріп, тілдерін икемге келтіріп, беттерін ана тіліне бұрып-ақ берген. Ол үшін үлкен алғыс, әрине.Бүгінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беретін филолог Гүлбағира Төртқарина Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовке тіл үйретіпті. Өзі оңтүстікте туса да, орыстар арасында өсіп, ғылыми еңбектерін Мәскеуде қорғаған Нұрғали Әшімов қазақ тілін үйренуге өзі ерекше ықылас білдіріп, мемлекеттік тілді алты ай бойы ерінбей меңгеріпті. Бұл жайында Гүлбағира Төртқарина былай дейді: «Негізі ол кісі тілді зор ынта-ықыласпен үйренді. Сабақ күнделікті сағат 8-ден 9-ға дейін өтіп жүрді. Ол кісінің тілді меңгеруге қызыққаны соншалықты, тіпті арнайы бағдарлама жасаймын дегені есімде. Ол кісі өзі математик екен. Қазақ тілінің грамматикасын математика заңдылықтарымен салыстырып, өзі де зор қызығушылық білдірді. Осылайша тілді жеңіл меңгеріп кетті», – дейді ұстаз шәкірті жайлы. Соған қарағанда, тілді меңгеру үшін адамға патриоттық сезім мен ынта-ықыластың оянуы ғана керек сияқты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тіл үйренуге қызыққаны соншалықты, тіпті, сабақ берген екі ұстазынан үй тапсырмаларын өзі-ақ сұрап алады екен. Шәкірттерінің тілді үйренуге деген құлшынысына риза болған ұстаздар Нұрғали Әшімовке ылғи «үздік» деген баға қойып отырса керек. Бүгінде қазақ тілінің оқытушысы Гүлбағира Төртқарина Сыртқы істер вице-министрі Ержан Қазыхановқа қазақ тілінен сабақ беріп жүр. Бірнеше шет тілін білетін Ержан Қазыхановқа ана тілін меңгеру қиынға соғып жатпағанға ұқсайды. Бұл жөнінде ұстаз: «Полиглоттар тілді жақсы меңгереді. Олар үш-төрт тілден кем тіл білмейді. Ол кісі үш айдан бері тілді үйреніп жатыр. Оған өте жақсы баға қойып жүрмін. Әрине, сөйлегенде біршама қиналады. Негізі, ойын қазақ тілінде жақсы білдіре алады» – дейді.45 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Білім беру ісінің үздігі, кезінде Алматыдағы №88 қазақ орта мектебінде директор болған Қантай Оразбайқызы да талай шәкірттерді үкілеп тәрбиелеп шығарған. Кезінде Білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарған, бүгінде «Самғау» ұлттық холдингінің басшысы Азамат Әбдімомынов Алматыдағы № 45 аралас мектебінде оқыған. Сол тұста Қантай Оразбайқызы жастайынан зерек боп өскен Азамат деген балаға ерекше үміт артады. Шәкірт ұстаз үмітін ақтап, қазақ тілі сабағын жақсы оқиды. Қантай Оразбайқызы өзі тәрбиелеген шәкірті болмаса да, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тез арада тілді меңгеріп кеткеніне ризашылығын білдіріп: «Негізінен тілді меңгеру үшін үш айдың өзі де жеткілікті. Ал қазақ тілі ана тілі болып табылатындарға тіл үйрену тіптен оңай. Ұлттық намыс бар жерде адам міндетті түрде қазақша сөйлеп кетеді. Мәселен, қазіргі Сенат төрағасы мәтелдеп сөйлейтіндей деңгейге жетті ғой. Өзгелер Қасым-Жомарт Тоқаевтан үлгі алуы керек», – дейді ұлағатты ұстаз. Парламент Мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаровтың ресми сайтында «Владение языками: казахский, русский, английский» деп жазылып қойыпты. Ағылшыншасын қайдам, бірақ ол кісінің қазақшасының ақсаңдап жүргені ешкімге де жасырын емес. Кезінде «Хабар» арнасынан шығып жүрген «Уроки Тілашар» деген қазақ тілін үйренушілерге арналған сериалға түскен Бердіоңғаров тілді жетік меңгере алмағанға ұқсайды. Бердіоңғаровтың тілді оңдырта алмай жүргеніне мектеп ұстаздарын немесе жоғары оқу орнындағы оқытушыларын кінәлаудан аулақпыз. Анығы, ана тілімді білем, үйренем, қайта жаңғыртам деген намыс бар жерде құлшыныс та болады. Ал ол жоқ жерде бұрынғының ығымен жүріп, болашаққа ұмтылу болмайды. Елбасы айтпақшы: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінің қолында», яғни, еліміздің толықтай қазақылану процесі өз деңгейінде жүріп жатыр. Тек одан тілді тиіп-қашып үйреніп жүрген шенді-шекпенділер қалыс қалмаса игі. Қалыс қалса, өз обалы өзіне. Бір қызығы, біз өзге де министрлердің репетитор – ұстаздарына хабарласқанымызда, олар ат-тонын ала қашып, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Соған қарағанда, олардың шәкірттерінен түк те нәтиже шықпаған сияқты.Тілді әлі де меңгеріп жүрген Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммет Ертісбаев қазақ тіліне икемделген TOEFL бағдарламасының енгізілуін бастамашы боп көтеріп жүргені белгілі. Бұл бағдарлама енгізілсе, ең алдымен оның басы-қасында жүрген министрлердің өздеріне көмектесе алса игі еді. Бірақ қазірше кейбір пысықай министрлер тілді тиіп-қашып үйреніп жүргенге ұқсайды.
Подписаться на:
Сообщения (Atom)